Студенттердің өзіндік жұмысының мәні

      Студенттің өзіндік жұмысы жас маманды шығармашылық іске баулитын, білім сапасын көтеретін, қазіргі өмір талабына сай ойшыл, болжамы терең жеке адам тәрбиелейтін, оның ой-қабілетін дамытып, танымдылық әрекетін артыратын амал болып саналады.

      Жоғары оқу орнының бағдарламасы студенттен өз бетімен өне бойы еңбек етуді, теориялық білімін лабораториялық, практикалық сабақтарда, курс және диплом жұмысын орындауда шығармашылық түрде пайдалануды талап етеді. Тек өзіндік жұмыс қана студентті оқуға қызықтырады, ұмтылдырады. Өз бетімен, өз еркімен ізденіп алынған біліммен ғана өздік ой туады. Міне, сол себепті де студенттің өз бетімен ойлануының үлкен мәні бар. Өз бетімен ойлау- шығармашылық еңбекке үйренудің, білімді саналы түрде меңгерудің шарты. Өздік жұмыс студенттерді болашақ мамандығы бойынша білімдерін үнемі жетілдіріп отыруға, өздік көзқарастары қалыптасқан маман болуға баулиды. Сонымен қатар, өзіндік жұмыстың мәні де зор. Ол студентті ынталыққа, шыдамдылыққа, қажымай-талмай оқуға үйреніп, белсенділігін арттырып, жеке адам қалыптастырады.

 

Студенттердің қазіргі қазақ тілінен жүргізетін өзіндік жұмысының мақсаты және жүйесі

    Жоғары дәрежелі маман дайындауда студенттердің өздік жұмыстарын білгірлікпен шебер ұйымдастыру, дәлді-дұрыс жоспарлау және оны үнемі бақылап отыру - өте маңызды фактордың бірі. Бұдан студент пен оқытушының бірлесіп жұмыс істеу педагогикасы шығады. Егер оны оқытушы ғылыми тұрғыдан үзбей бақылап отырса, студенттің өздік еңбегі сонда ғана нәтижелі болады. Оқытушы тек білім беру ғана емес, студенттің келешек мамандығын меңгеру үдерісінде жетекші және тәрбиеші де болып саналады. 

     Өздік жұмысты оқу сағаттарының барлық кезеңдерінде, яғни сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта да жүргізуге болады. Оны жүргізу сабақтың мақсатына, грамматикалық материалға, студенттің білім қорына байланысты, соған тәуелді болады. Тапсырма ғылыми-әдістемелік тұрғыдан әбден екшелген, жеңілден ауырға қарай көшу үдерісіне негізделген болу керек. Берілген тапсырма міндетті түрле тексеріліп, оның өздік орындалу дәрежесі бағаланып отырылғаны жөн. Бұл студенттің оқуға деген ынта-ықыласын дамытып, өздік ойлауын жетілдіріп, жауапкершілігін арттыруға дағдыландырады.

    Қазақ тілін оқыту әдістемесі курсының көлемі, нақты материалдардың көптігі мен әртүрлілігі және курстың теориялық жағынан көп салалығы студенттен пән бойынша өне бойы жұмыс істеуді талап етеді. Сапалы білім алу мақсаты көзделеді. Студенттің қазақ тілін  оқыту әдістемесі курсы бойынша өздік жұмыс жүйесі мынадай элементтерді қамтиды:

-         Қазақ тілін оқыту әдістемесі курсы бойынша жазылған еңбектерді зерттеу, конспектілеу, тезистеу;

-         Оның көкейтесті мәселелерінен реферат жазу;

-         Шығармашылық түрде жазбаша тапсырмалар орындау;

-         Студенттердің оқу-зерттеу және ғылыми – зерттеу жұмыстарынан тапсырмалар орындау;

-         Ғылыми үйірмелерге қатысу;

-         Кафедраның ғылыми  семинарына қатысу;

-         Студенттердің ғылыми жұмыстарының жарысына қатысу;

-         Пәндік олимпиадаға қатысу;

-         Студенттердің ғылыми конференциясына қатысу.

Студенттердің өзіндік жұмыстары тапсырма орындайтын пәннің ерекшелігіне және оқу жоспарына байланысты жоғарыда көрсетілген элементтерден басқа элементтер де қосылып, не алып тасталуы мүмкін.

    Студенттердің өздік жұмысы негізінен үш қырынан көрінуі тиіс:

1.      Мақсаттық, мотивтік қыры – студенттердің қазіргі қазақ тілінен өздік жұмыс талабын дамыту.

2.      Мазмұнды – пәннің мазмұнын толық меңгеруі, оны іс-тәжірибеде пайдалана білуді қамтамасыз ету.

3.      Технологиялық – пән мәселелерді айналасында өз бетімен жұмыс жүргізе білуге төселдіру.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінен өздік жұмыс осы үш жағдайда да оның проблемалық мәселелерін көріп, тани білуге, оны дұрыс талдау жасай білуге, шығып жатқан ғылыми әдебиеттермен үнемі танысып отырып, ондағы пікірлерді қорыта, жинақтай білуге жаттықтырады және көкейтесті мәселелерге жауап табуға әдеттендіреді.

 

    Өзіндік жұмыс жүргізу үдерісінде студенттердің қызметтері мыналар:

-         Берілген тапсырманы оймен қорытып, оны өзіндік жоспары талабымен байланыстырады.

-         Өзінің барлау ынта-жігерін өзіндік жұмы орындауға ұйымдастырады.

-         Өздік жұмыс орындау уақытын, құралын және әдісін белгілеп алады ( кітапханаға бару, кітап оқу, оқытушының кеңесін алу, архивпен жұмыс т.б.).

-         Өздік жұмысты кестедегі және оқытушының көрсеткен  уақытынан қалдырмай орындап, оны оқытушыға ауызша не жазбаша түрде тапсырып отырады.

-         Кейде өздік жұмысты семинар түрінде де тапсыруға болады. Онда студенттер үлкен топтардан кіші топтарға бөлініп, әрбір топтар өзіне тиісті тапсырманы баяндама түрінде өзкізіп, тақырыптың өзекті мәселелерін шешіп, қорытындылайды.

 

Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінен студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруда оқытушының ролі

     Елімізде жоғары білім беруді қайта құру студенттердің алдына қандай талап қойса, оқытушылардың алдына да сондай талап қояды, яғни студенттерді өз айналасына топтай білу, оларды білім дүниесіне еліктіріп, баурап әкету, олардың болашақ мамандығының сырын ашу, ақиқаттықты іздету және шығармашылығын ояту сияқты педагогика ұстанымдарын шебер пайдалана білу талабын қояды.

    Жоғары білім беруді қайта құру үдерісінде студенттердің маман және азамат ретінде қалыптасуы оқытушының ұйымдастырушылық және жетекшілік ролінің артуынсыз маман дайындау сапасының өзекті мәселесін шешуге алға басу, жақсарту мүмкін емес.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнін үйреніп-зерттеу үстінде алғаш ғылыми еңбектермен танысады. Сонда әдіскер- ғалымдар ой-пікірінің лабораториясына ой бастаушы, жол көрсетуші оқытушы болып саналады. Оқытушының студентпен байланысы оның барлық жұмыс тәжірибесінде  көрініп, айқындалады. Оқытушы студенттік аудиториямен берік байланыс жасағанда ғана студенттің білімі нанымды, педагогикалық үдеріс тиімді болады. Мұндай байланыстың, яғни аудиториямен жалғасудың функциясы бірнеше: әдістемелік, эвристикалық, бақылау, моральдық, эмоциялық т.б. Оқытушы өзінің білім дәрежесі, қоғамдық жұмысы, әдеті, моралі, тіпті, сыртқы бейнесі жақтарынан да үлгі болып, әрбір студентке жолдас, жетекші, тәрбиеші ретінде танылуы керек.

 

Өзіндік жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру

    Студенттің оқу, шығармашылық әрекеттері жемісті болу үшін жұмысты барлық оқу кезеңдеріне бөліп, дәлелді жоспарлау қажет. Бұл студенттердің өзіндік жұмыстарын үзбей, өне бойы жүйелі түрде оқу жоспарымен байланыстыра жүргізулеріне мүмкіндік туғызады. Өзіндік жұмысты орындауда біріншіден, қазіргі қазақтілінің әрбір салаларынан (лексикология, фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис) жеке-жеке шешімі күрделі, ішкі элементтері көп түйіндері терең үлкен тақырыптар алынады. Одан кейін ол  тақырыптардың шығармашылық түрде меңгеретін тиісті салалары көрсетіледі. Үшіншіден, әрбір салалардың ситуациялық мәселелеріне көңіл аудару мақсатында жеке сұраулар қойылады. 

«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінен СӨЖ тапсырмалары

1.С. Аманжоловтың әдістемелік еңбектерін талдау жасау.

2. Қ. Жұмановтың жеке пәндермен әдістемесін жасаудағы ізденістері.

3. Бағдарламаның ішкі құраушы элементтерін талдау.

4. Қазақ тілін оқытудың өзіндік ұстанымдары.

5. Тілдің жекеленген тақырыбының ерекшеліктерінен туындайтын ұстанымдар.

6.Оқулықтың теоиялық, практикалық бөлігін талдау.

7.Жаңа буын оқулықтырының ерекшеліктері.

8. Қ. Жұбановтвң «Жаңа грамматика» оқулығының маңызы.

9. Оқулыққа енген /5-11 сынып/ материалдарды сарлап үйрену.

10. Қосымша әдістемелік еңбектерге сараптама жасау.

11. Сабаққа қажетті көрнекі құралдар дайндау.

12. Жоспар, оның түрлері

13. Қазақ тіліноқту барысында оқушыларды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

14. Сабақ жоспарларын жасау /әр түрлі тақырыпытарда/.

15. Дидактикалық ойынның түрлерні жинақтау, он сабақта пайдалудың жолдарын ұсыну.

16. Х. Арғыновтың «Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері» еңбегінен құрмалас сөйлемді оқытуда қолданылатын көрнекі құралдарға талдау жасау.

17.Салалас, сабақтас құрмаласты оқуға байланысты бірнеше көрнекі құралдардың үлгісін жасау.

18. Әдеби нормадан ауытқуға байланысты көркем әдебиеттерден мысалдар жинау.

19. Орфографиялық дағдыларды қалыптастырудағы  рфографиялық сөздіктердің маңызы.

20. Пунктуацияны оқытуға байланысты тірек-схемалар жасау.

21.Жарнамалардағы стильдік қателерді жинақтап, таразылау.

22. Ресми іс-қағаздар стиліне мысалдар жинау, он сабақта қолданудың әдіс-тәсілдерін сұрыптау.

 

 

Пайдаланатын әдебиеттер

 

1.Арғынов Х. Қазақ тілі синтаксисі мен пунктуациясының методикасы.Алматы: Мектеп,1974.

2. Әбілқаев А. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», Алматы,1995.

3. Әлімжанов Б., Маманов Д., Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы, 1965.

4.Әбдікәрімова Т., Әбдіғалиева Т., Шаймерденова К. Қазақ тілін оқыту әдістемесі.Практикалық және лабораториялық жұмыстар.  Алматы: Ана тілі, 1999.

5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992.

6. Балақаев М. Тіл мәдениеті және мектепте қазақ тілін оқыту. Алматы: Мектеп,1982.

7. Жапбаров А. Стилистиканы оқыту әдістемесі. Алматы,1995.

8.Зельманова Л.М. Наглядность преподавании русского языка. М. 1984.

9. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. Алматы,  1993.

10.Кәтембаева Б., Нұрғалиева М. Морфологияны оқытудың методикасы. Алматы: Мектеп,1975.

11. Құлмағамбетова  және т.б.  Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы, 1988.

12.Құрманова Н.Ж., Мухлис К. Текст теориясы және тексті талдау әдістемесі. Алматы: Абай атындағы АлМУ, 2000.

13.Ломизов А.Ф. Выразительное чтение при изучении синтаксиса и пунктуации. М.1986.

14.Мұсабекова Ф. Тыныс белгілерін оқытудың кейбір мәселелері. Алматы: Мектеп,1959.

15.Напольнова Т.В. Активизация мыслительной деятельности учащихся на уроках русского языка. М.,1983.

16.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатысым: теориясы және әдістемесі. Алматы,2000.

17.Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тілді мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Ана тілі,1996.

18.Прудникова А.В. Лексика в школьном курсе русского языка. Москва,1979.

19.Панов В.Т. Типы и стрктура уроков русского языка. Москва,1986.

20.Сарыбаев Ш. Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. А., 1959.

21.Құрманбаева Г., Дүйсебаева С. Дарыту, дамыту, интеграция А.,1998.

22.Қараев Ж. Ещеева Ж. Программалап оқыту және оның компьютерді оқытуды пайдаланумен байланысы. А., 1991.

23. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. А., 2001.

24. Бейсембайқызы З. Қазақ тілін модуль негізінде оқыту. А.,2001.

25.Жапбаров А. Қазақ тілінің стилистикасын оқыту методикасының негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 1991.-160 б.

26.Сүлейменова Э.Д. т.б. Тіл ұстарту. Алматы: «Жібек жолы», 1996.

27.Жапбаров А. Оқушылардың ауызекі сөйлеу икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыру әдістемесі. Алматы: Қазақпарат, 2002.

28.Рахметова Р.С. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», Алматы, 2005 .