№11 Лекция. Тіл ұстарту әдістері.
Тіл ұстарту жұмысының маңызы мен міндеті,
салалары.
Жазу тілінде ойдың
грамматикалық және логикалық жағынан дұрыс
берілуі қатты ескеріледі. Ойдың жазба түрдегі қатынасының
логика-грамматикалық бөлшектері пунктуация арқылы
белгіленеді, екінші сөзбен айтқанда, пунктуация
логика-грамматикалық процестің схематикалық сәулесі
болады. Пунктуация латынның «punctum» - «нүкте» деген сөзінен
алынған. Ол – жазу тілінің құралы, интонация ауызекі
тілдің құралы болады.
С.И.Абакумов
интонация мен пунктуацияның қарым-қатынасы жөнінде
образды түрде былай деп жазады: «Интонация и пунктуация – это как бы две
сестры, дочери одного и того же отца, смысла речи».
Бұл
екеуінің әрқайсысының өз алдына
спецификалық ерекшеліктері болады. Пунктуацияны интонация белгілемейді,
керісінше, қойылған пунктуация дұрыс интонациямен оқу
керек екендігін көрсетіп тұрады. Пунктуация ауызекі тілдегі ритмді,
паузаны, әр түрлі дауыс құбылыстарын белгілейді.
Тыныс
белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да
ұғыну да жеңіл. Тыныс белгісін дұрыс қою
арқылы жазушы өз ойын екінші адамдардың сондай дәрежеде
дұрыс түсінуіне жәрдемші болады. Олай болса, тыныс белгілерін
қалай қолдануды білу керек, әрбір тыныс белгілерін
орын-орнына қоя білу керек. Мысалы,
1.Үйдегі маған тетелес екі
апай бар, мен, әкем, шешем бар – бесеуіміз апаннан шығарылған
балшықты екі зембілмен кезек тасып, терең
шұңқырға құлата бердік (С.М.) деген
сөйлемге тыныс белгісін әр түрлі қою арқылы
тағы мынадай екі түрлі мағына беріледі: а) Үйдегі
маған тетелес, екі апай бар, мен, әкем, шешем бар, бесеуіміз
апанннан шығарылған балшықты екі зембілмен кезек тасып,
терең шұңқырға құлата бердік дегенде,
үйдегі маған тетелес деген тіркес «екі апай» дегенннің анықтауышы
болмай, өз алдына сөйлемнің бірыңғай мүшесі
болып тұр; ә) Үйдегі, маған тетелес, екі апай бар, мен,
әкем шешем бар, бесеуіміз апаннан шығарылған балшықты
екі зембілмен кезек тасып, терең шұңқырға
құлата бердік десе, «үйдегі», «маған тетелес», «екі
апай» - үшеуі бірыңғай сөйлем мүшелері.....
2. Түйе бағатын Сабалақ
ер жетіп, сымбатты сұлу жігіт болады деген сөйлемге тыныс
белгілерін әр түрлі қоюға байланысты осы бір
сөйлемнің мынадай жаңа мағыналар ұғынылады:
а) Түйе бағатын, Сабалақ ер жетіп, сымбатты сұлу жігіт
болады. Мұнда «түйе бағатын» - өз алдына бір
сөйлем. ә) Түйе бағатын, Сабалақ, ер жетіп
сымбатты сұлу жігіт болады десек, осы сөйлемдегі «Сабалақ»
сөйлемдегі қаратпа сөз деп ұғуға
болады.....
3. Осы Шығыс туарда
Уәлінің үйіне Айғанымның ағасы,
Пірәлі келіп жатты. Осы сөйлемдегі «ағасы» мен
«Пірәлә» сөзінің арасына сызықша да қойып
жазуға болады. Бірақ онда басқаша мағынада, яғни
бірыңғай мүше анықтауыштың түрі ретінде
айтылады.
Бұл
мысалдар тыныс белгілерінің жазылып қана қоймай,
әрқайсысының оқылатындығын көрсетеді,
яғни тыныс белгісі оқудың нотасы екенін аңғартады.
Демек,
тыныс белгілері – синтаксистік категория, сондықтан да пунктуацияны
зерттеу синтаксисті зерттеумен тығыз байланысты. Пунктуация ережелері
тілдің грамматикалық құрылысына тәуелді болады.
Өйткені пунктуация – тыныс белгілерін бірыңғай қолдану
жөніндегі ережелер жүйесі, жазба тіліміздің компасы.
Тыныс
белгілерін қате қою кейде сөйлемнің мағынасын
бұзады, мағынасы бұзылған сөйлем айтайын деген
ойды білдіре алмайды. Сондықтан да
тыныс белгілерін дұрыс қоя білу сауатты жазу үшін
өте керек.
Тыныс
белгілерін белгілі бір ережеге, негізге сүйеніп қоймаса,
пунктуациялық сауаттылық саналы меңгерілмейді.
Пунктуацияның осы бір мәселесіне онша көңіл
бөлмегендіктен көркем шығармаларда, газет-журналдарда
және оқушылардың жазба жұмыстарында пунктуациялық
сауатсыздық орфографиялық сауатсыздықтан әр уақыт
асып түсіп отырады.
Қазақ
орфографиясы заңмен бекітіліп, бір ізге түсіп келеді, ал
пунктуациямыз әлі ондай дәрежеге жете алмай жатыр. Дегенмен жазу
мәдениетіміз жетілген сайын, шартты белгілердің қолданылуы да
тұрақтала бастайтыны сөзсіз. Бірақ, орым тіл
біліміндегідей дәрежеге әлі жете алмай жатқаны рас. Орыс тіл
біліміндек жеке жазушылардың пунктуациясына – Чехов пунктуациясы,
Некрасов пунктуациясы, Ломоносов пунктуациясы, Горький пунктуациясы деп арнайы
зерттеулер жүргізілген. Қазақ пунктуциясының алдында
тұрған бір міндет – жеке ақын-жазушыларымыздың
пунктуацияларын зерттеу.