№4 Лекция. Қазақ тілін оқыту
әдістемесінің ғылыми-зерттеу әдістері
Қазақ тілін оқыту
әдістемесінің де ғылыми-зерттеу әдістемесі бар.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің
ғылыми-зерттеу әдістері: әдістемелік әдебиеттерді
талдау және зерттеу әдісі; оқу процесін бақылау
әдісі, әңгімелесу әдісі. анкета бойынша
сұрап-білу әдісі, эксперимент әдісі тестпен жұмыс істеу
әдісі. Ғылыми зерттеу әдістеріне жеке-жеке тоқталып,
оларға сипаттама беру.
.
Қазақ тілін оқытудың
ғылыми-зерттеу әдістері
Дидактикалық принцип –
оқу-тәрбие ісінде басшылыққа алынатын
педагогикалық қағида. Бұл қағидада
оқытудың мазмұнына, ұйымдастыру формасына және
әдістеріне қойылатын талаптар көрсетіледі. Оқыту принциптері
тәрбие мақсаттарына сәйкес келіп, онымен үйлесіп
жатуға тиіс. Дидактикалық принциптерде оқу бағдарламасы
мен жоспарына, оқулыққа, сабақ пен оқыту
әдістеріне қойылатын талаптар белгіленеді. Ол талаптар барлық
пәнді оқыту ісіне бірдей басшылыққа алынады. Дегенмен,
оқу материалының түріне, олардың өтілу
кезеңдеріне қарай дидактикалық принцип ережелерін
қолданудың ережелерін қолданудың ерекшеліктері болады.
Мәселен, оқу мен грамматика қазақ тілі
пәнінің бөлімдерінде жата тұрса да, көрнекілік
принципі оларды оқытуға өзгеше қолданылады. Ана тілі
сабақтарында түрлі сурет, фильмдер көрсетіледі,
экскурсиялық бақылау материалдары пайдаланылады, мәнерлеп
оқуға маңызды орын беріледі т.б. Ал, грамматиканы
оқытуда көбіне кесте, сызба, кеспеқағазы және
кейбір техникалық құралдар қолданылады.
Мұғалім анықталған, практикада сыналған
және ғылыми жинақтаудың нәтижесінде жалпы
педагогикалық және әдістемелік ережелерге немесе
қағидаларға сүйенеді.
Қағидалардың түрлерін ажыратып алған
жөн:
а) жалпы дидактикалық қағидалар – бұлар оқыту
пәндерінің бәрінде де қолданылады, бірақ әр
пәннің оқу материалының сипатына қарай, әр
қилы өзгеріп қолданылады;
ә) арнаулы қағидалар – бұлар нақты сол
пәнге, мысалы қазақ тіліне ғана тән принциптер.
Қазақ тілі сабағын жаңа бағдарламаны басшылыққа
ала отырып, жүргізуге мынадай жалпы дидактикалық
қағидалар қолданылады:
Балаларды тәрбиелеу әрі дамыту қағидасы оқушыларға
білім беру, сонымен бірге оларды тәрбиелеу және жан-жақты
дамыту міндеттерін атқарады. Бұл принципті жүзеге асыруда,
басқа пәндерге қарағанда, ана тілінің
мүмкіншілігі мол. Сондықтан да К.Д. Ушинский ана тілін ұлы
педагог әрі ұстаз деп жоғары бағалап, оны мектепте
оқылатын пәндердің негізігісі деп көрсетеді . Ана тілі
сабақтарының әр қайсысын жүргізерде
оқушыларды тәрбиелеу мақсатына айрықша
көңіл бөлінеді. Демек, оқыта тұрып білім берсек,
білім бере тұрып балаларды жан-жақты тәрбиелеу міндетін де
орындап отырамыз. Сабақ процесінде балалар коллектившілдікке
тәрбиеленеді, яғни сыныптың орындауы үшін берілген
қандай да болса бір жұмысты әр бала бәріміздің
атқаратын ортақ ісіміз деп санап, жауапкершілікпен қарап, оны
тындыруға үлесін қосады. Осы бір кезеңнің
өзінен-ақ оқушының коллектившілдік, бірлесіп
еңбек ету сияқты жақсы сапа-қасиеттері тәрбиелене
түседі.
Дидактикалық қағидалардың бірі – оқу
материалын саналы меңгеру қағидасы. Білімді саналы меңгерген бала оқу материалын
игерудің әдіс-тәсілін, тапсырманы орындаудың амалын
өздігінен түсіндіріп бере алады. Егер оқушы алған
білімінің ғылыми мәнін байыбына жетіп түсінбесе,
әр алуан ереже, заңдылықтарды практикалық
тұрғыда орнын тауып, дұрыс қолдана білмесе, онда ол
білімді формальды түрде үстіртін ұғынғанға
жатады. Себебі ондай білім саналы меңгерген білім емес, тек ереже,
заңдылықтарды және материал мазмұнын кітаби
үлгіде жаттау жолымен қабылданған білім болып табылады.
Дидактикалық білімді саналы меңгерту қағидасы оқушыларға ғылыми дұрыс білім
беру қағидасымен ұласады. Оқу
еңбегі дағдысына жақсы әдеттенген шәкірт
сабақ материалын жете меңгеруге бар ынта-ықыласын
қойып, ақыл-ойын іске қосып, қажырлы еңбектенеді.
Саналылық принципі дегенді осылайша түсінуге болады. Ал,
оқушылардың жоғарыдай көп еңбек сіңіріп
меңгерген білімінің саналы болмай шығуы да ықтимал.
Осындай жағдай мұғалімнің жұмысты
ұйымдастыру практикасының жеткіліксіздігінен немесе
методикалық кемшілігінен басталады. Оған
мұғалімнің жеке басындағы кемшіліктер де ықпал
етеді.
Білім, білік, дағды беріктігі – дидактика қағидаларының бірі. Білімнің саналы және берік
меңгерілуі арасында қағидалар
үйлесімділік
бар. Бастауыш сынып оқушыларының білімді берік әрі саналы
меңгеруі үшін үйретілетін білімнің мазмұны,
тілдің құрылысы ғылыми тұрғыдан дұрыс
қалыптасуы тиіс. Сонда ғана білім әрі саналы, әрі берік
меңгеріледі. Бұл жұмыс ерте басталады. «Білім негізі –
бастауышта» деп орынды айтылып жүр. Оған бір ғана мысал
келтіре кетейік. Дыбыс туралы ұғым беру әліппе
кезеңінің өзінде-ақ басталады. Бұл кезеңде
дыбыс белгілі заттың атауын да, белгілі бір ұғымды танытуда
сөздің басында, аяғында және ішінде келтіріліп,
оның айтылуы, естілуі түсіндіріледі. Осы мағлұмат
бірінші сыныпта қазақ тілін оқытқанда: «дыбысты
айтамыз, естиміз» деген ықшам ережеге айналады. Бұл ереже
төртінші сыныпта фонетика саласынан дыбыс туралы білім берілгенде де
негізге алынады. Одан әрі, жоғары оқу орнының
бағдарламасы бойынша фонема туралы терең білім берілгенде де сол
әліппе кезеңіндегі бастапқы мағлұмат кәдеге
асады.
Түсініктілік қағидасы білім мазмұнына мәні дәл
анықталған материалды ендіруді, оқушылар меңгере
алатындай ғылыми ұғымдар мен терминдерді пайдалануды
көздейді. Түсініктілік принципінде оқу материалының
оқушы даярлығына үйлесімді келуі талап етіледі. Сабақты
ұйымдастыру принципінде бұл жағдайлар ескеріліп,
оқушылардың әрі дұрыс, әрі жеңіл
түсінік алуы үшін тиімді әдістер қолданылады.
Бірақ бағдарламалық материалды жеңілдетемін деп, оны не
ықшамдауға, не үстіртін өтуге болмайды. Бастауыш сынып
оқушылары қазақ тілінің теориялық материалын
бақылау, жаттығу жұмыстары арқылы практикалық
тұрғыда меңгереді. Сондықтан теориялық білім мен
практикалық дағдының арақатынасы ескеріледі.
Теориялық білімнің көп берілуі бастауыш сынып
оқушыларының білімді меңгеруіне шамадан тыс ауырлық
келтіреді. Көрнекілік қағидасы деп бала тікелей қабылдайтын нақты
образдарға құралған оқуды айтады.
Көрнекілік оқушының зат, құбылыс туралы түсінігін
нақтылай түседі, бақылау қабілетін жетілдіріп,
ақыл-ойын дамытады, оқу процесін қызғылықты
етеді.
Көрнекілік заттық,
бейнелі, символдық болып үш түрге бөлінеді. Бастауыш
сыныптарда, көбіне, заттық, бейнелі көрнекілік
қолданылады. Ана тіл пәндері үшін символды
көрнекіліктің ішінде кесте кеңінен пайдаланылады.
Көрнекі құралдың қандай түрін болса да,
мұғалім пәнге, зерттелетін тақырыпқа, оны оны
өтудің кезеңдеріне сәйкес пайдаланылады.
Қазақ тілі сабақтарында балалар
оқулықтардағы түрлі қызықты материалдарды
қарастырып, оларды талдау жолымен заттарды, құбылыстарды
таниды. Әр тақырыптың белгілі бөлімдерін өткенде
мұғалім өзі жасаған кеспеқағаздар, кесте,
сызба сияқты көрнекі құралдарды көрсетеді.
Оқу процесінде қолданыланыт көрнекілікті негізінен көру
арқылы қабылданатын нақтылы бейнелер деп түсінеміз.
Солай бола тұрғанмен, көрнекіліктің сөйлеу, есту
сезімдері арқылы да қабылданатынын ескерген жөн.
Қазақ тілі сабағында ұстаз шәкірттердің
таным белсенділігін және өзіндік дербестігін үнемі оята отырып, оларды білімді белсенді түрде
қабылдауға бағыттайды, өз бетімен жұмыс
жасауға педагогикалық шеберлікпен көмектеседі, кездесуі
ықтимал қатеден алдын ала сақтануға, өз кемшілігін
өзі тауып, түзете білуге тәрбиелейді. Қорыта
айтқанда, мұғалім оқушыларды оқи білуге
үйретеді. Бастауыш сынып оқушыларын табандылыққа,
байқағыштыққа, өз бетінше ойлап, өз
әлінше қорытынды жасай білуге баулып тәрбиелеу жұмысы
мұғалімнен адамгершілік, білімділік, педагогикалық іскерлік,
методикалық шеберлік қасиеттерін талап етеді.
Білімнің жүйелілік
және бірізділік принципі оқушыларға үйретілген
білімнің бір арнаға қосылып әрі кеңейіп,
әрі тереңдеп қорлана түсуін мақсат етеді.
Бұл мақсатты жүзеге асыру оқушының
мұғалім алдын көрген күнінен басталады. Демек
оқушылардың әр кезеңде меңгерген білімі
өзара логикалық байланысты түрде олардың санасында
бекітіледі. Ал, оқушы білімінің жүйелі қалыптасуы
үшін олардың салыстыру әдісін қолдана білуінің
маңызы ерекше.
Оқытудың сабақтастығы қағидасы. Мұғалім оқыту процесінде бір сыныпта
оқылатын немесе әр сыныпта өтілетін тақырыптардың
бір-біріне мағыналық жуықтығы барларын, бірін-бір
үстемелеп толықтыратын түрлерін алдын ала байқап,
оларды сабақтастырып отыруды қатаң ескереді. Сөйтіп,
оқушының, ілгеріде меңгерген білімінің жаңа
материалды ұғынуы үшін себебін тигізетіні тірек етіп
пайдаланылады. Осы мақсатта жаңа тақырыпты таныстыру кезінде
оны бұрынғы өткен материалмен шебер ұштастырып
отырған тиімді болмақ.
Әдістеме ғылымы
балаларға қазақ тілін оқыту және патриоттық
рухта тәрбие беру процесінде, ең алдымен, тіл білімі, психология,
әдебиет, логика ғылымдарының заңдылықтарына
сүйенеді, екіншіден, педагогика ғылымының дидактикалық
принциптерін басшылыққа алады. Ана тілін оқыту методикасы
дидактиканың жеке саласына жатады.
Сонымен бірге, методика
оқушыларға білім беру әрі оларды тәрбиелеу
мақсаттарына сәйкес ана тілін оқытудың
методикалық принциптерін белгілеп, оларды практикада
қолдануға ұсынады. Ана тілін оқыту методикасының принциптері,
дидактиканың принциптері сияқты, мұғалім мен
оқушылар қызметінің өте қолайлы жолдарын
анықтау ісіне және тиімді деген бағыттарды таңдап
алуына көмектеседі.
Мектепте қазақ тілін
оқыту ісінде есту мен көрудің, анық
сөйлеудің, дұрыс жазудың маңызы айтпаса да
түсінікті. К.Д.Ушинский жас баланың айқын дыбысқа,
ашық түсті бояуға, қанық образға еліктегіш
келетініне айрықша тоқталған болатын. Ендеше, ана тілін
оқытуда көру, есту көрнекілігін шебер қолдану
қажет. Ол үшін оқушыларды сөйлеуге, жазу техникасына
жаттықтыру үздіксіз жүргізілуі тиіс.
Мектеп оқушыларына
қазақ тілінен берілетін білім практикалық дағдыларды
меңгерту жолымен, әр алуан жаттығу тәсілдерін
қолдану арқылы үйретіледі. Әйтпесе оқушы
мұғалімнің түсінік сөзін тыңдау, сыныптас
жолдасының тақтада орындаған жұмысын көру немесе
олардың жауаптарына зейін қою арқылы тілдік білімдерді
жеткілікті меңгере алмайды. Сол себепті бала әрбір тілдік
мағлұматты толық меңгеріп, оны өз
тәжірибесінде еркін қолдана білуі үшін, ол тілдік жаңа
құбылысты еркін меңгергенге дейін, жаттығуларды
өздігінен орындағаны дұрыс.
Тілдің мағынасын түсіну қағидасы тілдің фонетикалық, лексикалық,
грамматикалық мәндері бойынша сараланатын үш түрлі
мағынасын меңгертуді қарастырылады. Лексикалық
мағына тілдің ырқынан тыс ақиқат болмыспен,
заттармен байланысты пайда болады. Мысалы: ауа, жарық, су, ағаш атаулары
әлемде бар құбылыс пен заттардың мағыналарын
танытады, ал, бұл ұғымдарды жасауда тілдің
қатынасы болмайды. Грамматикалық мағына да тілдің
еркінен сырт құбылыстармен, заттармен, байланысты
ұғымдарды білдіреді. Бұл жағдайда қосымшалар,
көмекші сөздер, сөз тіркестері қолданылу ретіне
қарай логикалық мағыналар тудырады. Ал, фонологиялық
мағына таза тілдік мағынаны көрсетеді. Тілсіз, оның
қызметі қатыспай ешқандай дыбыс пайда болмайды.
Мәселен, қай дыбысты айтсақ та, тек қана сол
дыбыстың мәні ұғылады, басқаша түсінік
шықпайды. Мұғалімнің міндеті фонетиканы үйретуге
байланысты оқушылардың орфографиялық сауатын жетілдіру,
лексикалық сөздік қорын кеңейту, ана тілінің әр
алуан грамматикалық нормаларын меңгерту жолдарымен
оқушылардың тілін байыту болып табылады.
Тілдің мағынасын
түсіну принципінің басты шарты – тілді барлық жағынан
және барша тілдік пәндерді өзара байланысты түрде
зерттеу. Мәселен, синтаксиске сүйенбей, морфологияны зерттеу,
түсіну, меңгеру мүмкін болмаса, синтаксис те морфологияны
тірек етпей меңгерілмейді. Ал, орфографиялық дағды фонетика,
грамматика, сөз жасау білімдеріне сүйену арқылы игеріледі.
Сөзге морфологиялық талдау жасау оның мағынасын
түсінуге көмектеседі, ал, екінші жағынан, сөздің
мағынасына талдау жүргізу оның морфологиялық
құрылымын ажыратуға жол ашады. Демек, тілдің
барлық салалары бір-бірімен өзара байланысты, сондықтан осы
байланыстар оқыту процесінде ескеріліп отырады. Мысалы, оқушылар
екінші сыныпта «Сөз құрамы» тақырыбынан «Түбір
және қосымша», «Туынды сөз» туралы ұғым алады.
Осыған байланысты сөздің морфологиялық
құрамын, мағынасын талдап үйренеді.
Тілдік сезімге сүйену және оны дамыту қағидасы. Тіл - өте күрделі құбылыс. Оны
есте ұстау үшін тілдің құрылымын, жүйесін
меңгеріп, оның заңдылықтарын саналы түрде
ұғыну қажет. Алайда әр адам басқа адамдармен
тікелей қарым-қатынас жасауының нәтижесінде ол
халық тілі қазынасын бірте-бірте меңгере береді, тіпті тіл
жүйесінің кейбір заңдылықтарын да меңгере алады.
Сөйтіп сөзді орнын тауып қолданып, сөз тіркесін,
сөйлемдерді дұрыс құрастырып, ойды түсінікті етіп
айта алады, байланыстырып сөйлеу тәсілдерін әжептеуір
меңгереді. Кішкентайынан тілін дұрыс жетілдіріп, зат,
құбылыс, айнала қоршаған орта жөніндегі ұғымдарын
бірден айқын қалыптастырып, жақсы тәрбие алған
бала өз даму дәрежесіне сәйкес тіл
заңдылықтарының элементтерін меңгеріп өседі. Ол
мектепке келгенше-ақ сөйлегенде, сөзді дұрыс септеп,
жіктеп айта алады, сөз тіркесі ішіндегі сөздерді байланыстырып қолданады.
Тіл заңдылықтарына сәйкес келетін кейбір жаңа сөз
жасау дағдысын да игере бастайды. Өзгенің сөзін
тыңдау, адамдармен әңгімелесу арқылы бала тіл
құбылыстарын айыра білу қабілетін жетілдіре түседі.
Баланың тілді сезіну жөніндегі практикалық тәжірибесі
мектепте сауат ашу және одан әрмен қарай оқыту
процесінде негізге алынып, дамытыла түседі. Сөйтіп оқу
еңбегі арқасында оқушы сауатты жазу техникасын
меңгеруге, әдеби тіл нормасына лайық сөйлей білуге
жететін болады.
Әдетте оқушылар
өздері меңгерген ережелерді
әрдайым еске түсіріп жатпай-ақ таза сөйлеп,
қатесіз жаза береді, мұны оның іс дағдысының
нәтижесі деп білеміз. Сонымен бірге ол тілдік сезімінің даму
деңгейімен де байланысты болады. Бұл сатыда тіл сезінімі
оқушыға таза сөйлеудегі, қатесіз жазудағы сенімді
көмекшісі іспетті рөл атқарады. Демек, тіл
құбылыстарын айыра білу қабілетін өз бойына жақсы
дарытқан оқушының мәдени тілде сөйлеу, сауатты
жазу мүмкіндігі де жоғары сатыда қалыптасады.
Оқушының
өзін-өзі бақылау қабілеті дейтін де ұғым
бар. Ол жақсы ұйымдастырылған грамматикалық
сабақтар жүйесінде қалыптасады. Өзін-өзі бақылау
қабілеті жеткілікті дамыған оқушы сөйлеу не жазу
жұмысы кезінде қиындыққа кездесе қалған
жағдайда оған қажетті теория мен емле ережелерін тез есіне
түсіре алады. Соның негізінде қандай да болсын
қиындықты жеңіп шығып отырады.
Сөйлеу мәнеріне зейін қою қағидасы. Тілдің
лексикалық, фонетикалық, грамматикалық мағыналарын
меңгерумен қатар, сөйлеудің эмоциялық
мәнерінің мәнін
танытуды көздейді. Бала жас шағынан бастап адамдардың
көңіл-күйін, ішкі сезімін оның сөйлеу
мәнерінен, дауыс интонациясынан, бет-әлпет құбылысынан
байқап, сезініп түсіне өседі. Сөйлеушінің
үніне, даусына қарай оның қуанышты, ренішті екенін
аңғарады. Еркелете не зекіре сөйлегенін де түсінеді. Бертін
келе, сөздің лексикалық реңктерін де меңгереді.
Сөйтіп метафора, синоним сөздердің мәнін ажыратып,
қолдана бастайды. Баланың мектепке дейінгі осындай
тәжірибелік дағдысы ана тілін оқыту сабақтарында одан
әрі дамытылады. Бұл принципті тіл пәнін оқыту
процесінде қолданғанда, көркем әдебиетті, басқа
да текстерді сабақта пайдаланып, сол үлгілерде
функциялық-стильдік ерекшеліктердің айқын көрініс
беретіні танытылады. Ондай таңдап алынған материалдар текстің
эмоциялық және мағыналық нәзік белгілерін
ұғындыруға мүмкіндік береді. Ал, жазу тілі ауызша
берілетін ұғымның шартты таңба түріндегі
аудармасы іспетті. Сондықтан жазу тілі
сөйлеу өнерінің жетістіктеріне сүйенеді. Белгілі
бір ұғымның мәні дұрыс дұрыс танылған
жағдайда ғана ол қағаз бетіне дұрыс
өрнектеледі. Айтылар ойды білдірерлік сөз байлығына
сәйкес жазу тілінің көркемдігі сауаттылығы
көрініс береді. Сондықтан жазу тілін жетілдіру ісінде сөйлеу
тілін меңгертудің қажет екендігі ескеріледі.
Бала өз
өмірінің алғашқы кезеңінен бастап отбасыда,
бала-бақшада, одан кейін мектепте ана тілінің
құралдарын біршама меңгереді. Бала мектепке
тұрмыстық сөйлеу үлгісіндегі тіл байлығымен
келеді де, грамматикалық элементтерді әлі үйрене
қоймаған жағдайда болады. Оқыту процесінде
баланың практикалық білімі методикалық тұрғыдан ескеріледі.
Сөйтіп бастауыш сыныптарда ана тілін оқыту әдісінде
баланың мектепке дейінгі сөйлеу машығын бұзбай,
қайта сол тәжірибе жүзінде жинақтаған білімдерін
дамыта отырып сөздік қорын байыту, оларға бірқалыпты
әрі жүйелі түрде әдеби тіл нормаларын біртіндеп
меңгерту мақсаты көзделеді. Осылайша баланы өз ойын
дұрыс айтып беруге, басқа адамның сөзін, әсіресе
мұғалімнің айтқанын дәл, толық
түсінуге үйрету міндеті іс жүзінде орындала бастайды.
Ана тілін үйрету
методикасында бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілін
дамытуға ерекше мән беріледі. Төменгі сынып
оқушыларының жазбаша дағдысы өте жеткіліксіз, ал
сөйлеу тілі әжептеуір қалыптаса бастаған,
сондықтан осы дағдыны жетілдіре түсу міндеті бірінші кезекке
қойылады. Баланың жақсы сөйлеуі, сайып келгенде,
айтқысы келген ойын білдіру үшін керекті сөздерді дұрыс
таңдай білудің және оларды өзара байланыстыра
алудың нәтижесі.
Қазақ
тілін оқытудың ғылыми-зерттеу әдістері
Қазақ тілін
оқыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу
әдістерінің белгілі жүйесі бар, яғни, ол қазіргі
тіл ғылымы жаңалықтарын, педагогика, психология
пәндерінің өзара байланысын ескеріп отырады.
Ғылыми-зерттеу
әдістеріне тоқталып өтейік:
Оқу әдісі – оқушылардың
дүниетанымын қалыптастыру, қабілетін дамыту, оларға
білім, білік және дағдыны меңгерту жолындағы
мұғалім мен оқушылардың өзара бірліктегі
атқаратын жұмыстарының тәсілі.
Оқу – екі жақты
процесс, оған бір жағынан – мұғалім, екінші
жағынан – оқушылар қатысады. Мұғалім оқу
жұмысын ұйымдастырып, оған тікелей басшылық етеді. Ол
оқушыларға жаңа білімді түсіндіреді, танымдық
қызметін жандандырады, тапсырма беріп, оның орындалуын
қадағалайды. Оқушы еңбегінің
қаншалықты тиімді болып отырғанын ескеріп, білімін
бағалайды. Оқу процесінің табысты болуында
мұғалімнің теориялық дайындығы, методикалық
шеберлігі, педагогикалық әдептілігі шешуші рөл
атқарады. Сонымен бірге оқу процесінің өте күрделі
жұмыс екенін мойындауымыз керек. Бұл істе
мұғалімнің басшылығымен ұйымдастырылып,
жолға қойылған оқушылардың оқу
еңбегінің ерекше орны бар. Оқушы оқу процесінде белгілі
бір теорияны түсінеді немесе практикалық дағдыны
қабылдайды, оларды практикалық әрекетінде пайдаланады.
Оқушылар оқу тапсырмаларын орындай отырып, ақыл-ой
операциясын жүргізеді, сөйтіп білім, білік, дағдыларды
меңгереді. Оқу процесінде мұғалім түсіндірген
ұғымды соған жуық мәнді қайта баяндап
немесе жазбаша жұмыс түрінде орындап береді, осыдан келіп оқу
процесіндегі оқушылардың кері байланыс қызметі пайда болады.
Әлбетте, кері байланыс мұғалімүйреткен білімді
оқушылардың толық әрі саналы
ұғынғандығын айқындайды. Бұл кері байланыс
біздің мектептерімізде кеңінен орын алуға тиісті оқыту
әдісінің жалпы нысаналы межесінің бірінен саналады. Осы
айтылған жағдайларға орай мұғалімнің
оқыту әдісі және оқушылардың үйрену
әдісі туындайды.
Мұғалімнің оқыту әдісі деп қазақ
тілін оқу процесінде оқушылардың ақыл-ой процесіне
басшылық ету және білім беру тәсілдері айтылады, ал,
оқушылардың үйрену әдісі дегеніміз – олардың
білім, білік, дағдыларды меңгеру тәсілдері. Оқу
процесін жүргізу жұмысында басшылық рөлді
мұғалім атқарады. Сол себепті мұғалімнен
білімділік және методикаға төселген шеберлік талап етіледі.
Ал, оқушылар болса оқу еңбегіне саналы әрі белсенді
түрде қатысу дағдысына жаттығып, оған әбден
машықтанған болуы қажет. Осындай екі жақты белсенді
әрекеттің нәтижесінде ғана оқыту процесі
көздеген педагогикалық мақсаттарға жете алады.
Оқытудың тиімді методикасының
дидактикалық шарттарының бірі оқыту әдістерін
дұрыс таңдап ала білу. Бұл ыңғайда
мұғалім информациялық және ұйымдастыру
әдістерін пайдаланады. Бірінші әдіс бойынша мұғалім
бағдарламалық жаңа материалды баяндап түсіндіреді. Ал,
екінші әдіс арқылы оқушылардың білімді өздігінен
меңгеруіне жағдай жасайды. Сөйтіп оқыту мен оқу
әдістері өзара үйлесімді байланысқа түседі.
Яғни ақпарат әдісі оқушылардың түсінуі мен
білімді меңгеруіне жағдай жасайды да, ұйымдастыру әдісі
оқушылардың білімді меңгеру үстінде ізденіске талпынуын
тудырады.
Егер оқушы өздеріне
ұсынылған белгілі бір әдіс пен таным қызметінің
тәсілдерін пайдаланып материалды мұғалімнің баяндап
түсіндірген күйінде ғана оқып үйренсе, ол еске
түсіру қызметі болады. Ал, материалды мұғалім
түсіндіргендегідей әлдеқайда кең, терең
оқып үйреніп, тиісті тіл заңдылықтарының
тақырып аясындағы «жаңалықтарын» меңгерсе,
мәселені шешу жолында жаңа әдістер қолданса, онда
бұл шығармашылық таным қызметінің көрінісі
болады. Еске түсіру мен шығармашылық жұмыс өзара байланысты
болғандықтан, оқыту процесінде бұл
әдістердің бірін қолданғанда, екіншісінің де
элементтері бой көрсетіп отырады.
Оқу материалының
мазмұны мен оқыту әдісінің арасында өзекті
байланыс болуы – оқыту ісі тиімділігінің бір шарты.
Мұғалім материалды мазмұнына, сипатына қарай оны
меңгертудің ең қолайлы деген әдістерін
белгілейді.
Қазақ тілін
оқыту методикасын таңдағанда оқушылардың жеке
және типтік ерекшеліктері, материалды меңгеруге деген
дайындық деңгейі әрбір оқушының
психологиялық ерекшелігі ескеріледі.
Қазақ тілін
оқыту методикасының методологиялық негізі дүниетаным
теориясы болып табылады. Тілді оқытудың мақсаты барша мектеп
оқушыларына тіл байлықтарын толық түрде және
жан-жақты меңгертуді
көздейді. Тіл маңызды қатынас құралы екендігін,
тілдің бұл қызметінің рөлі қазіргі
кезеңде ұлғайып отырғанын балаларға таныту басты
міндет болып саналады. Тіл мен ойдың тығыз байланысты қызмет
атқаратынын оқушыларға ұғындыра отырып,
олардың тіл байлығын, ойлау қабілетін дамыту шаралары
жүзеге асырылады. Тілді оқыту методикасы шәкірттердің
тілін дамытуды және оларға тілді жан-жақты
меңгерудің қоғамдық зор рөлін
түсіндіруді мақсат етеді.
Тілдік теориялық білім
бақылау, пайымдау жолдарымен меңгеріледі. Демек, бақылау
және практикалық жұмыстар орындау арқылы тіл заңдылықтары
таңылып, ережелер шығарылып, тұжырым жасалады.
Оқыту әдісінің
педагогикалық және психологиялық негіздері де бар.
Біріншіден, оқудың мақсаттары мен міндеттері негізделеді.
Оның өзі оқушыларды тәрбиелеу мақсаттарынан туындайды.
Мектептегі оқыту әдісі балалардың білімді саналы әрі
берік меңгеруіне, олардың ғылыми
көзқарасының дұрыс қалыптасуына және
шығармашылық белсенділігі мен өзіндік дербестілігін
қалыптастыруына қызмет етеді.
Екіншіден, қазақ
тілін оқыту әдісі дидактика принциптерін өз табиғатына
лайықтап қолданады. Мәселен, теория мен практиканың
байланыстылық принципі қазақ тілін оқытуда
кеңінен орын алады. Дидактиканың көрнекілік принципі бірінші
– үшінші сыныптарда қазақ тілін оқыту әдісінде
маңызды рөл атқарады, яғни бұл сыныптарда
көрнекі құралдарсыз өтілетін қазақ тілі
сабағы болмайды десек, артық айтқандық емес.
Үшіншіден, бастауыш
сыныптарда қазақ тілін оқыту әдісі психология
ғылымына сүйенеді, оның жаңалықтарын негізге
алады. Осыған орай, балалардың абстракциялы ойлау қызметінің
даму деңгейіне сәйкестіріліп, грамматикалық, абстракция
элементтері енгізіліп келеді. Бұл ретте оқыту әдісі
оқушылардың жас ерекшелігіне, ақыл-ойының дамуына,
қабілеті мен талғамына сәйкес қолданылады.
Төртіншіден,
қазақ тілін оқыту әдісі оқу мазмұнына
шарттас құрылады. Оқу мазмұнының өзгеруіне
байланысты оқыту әдісі де өзгеріп отырады. Мысалы, сынып
сайын оқу материалының бірте-бірте күрделене
түсетіндігіне сәйкес оқыту әдісі де оқушылардың
бақылау, ойлау қабілетін дамыта түсетін өздік
жұмыс әдістеріне көбірек орын беріледі.
Бесіншіден, қазақ
тілін оқыту әдісі тіл білімі ғылымының зерттеу
әдістеріне тығыз байланысты әрі біршама оған
бағынышты келеді. Бірақ ғылыми зерттеу әдістері мен
оқыту әдісі бірдей емес. Оқыту негізінде, ғылымда
анық танылған білімді баяндау, түсіндіру логикасын
көрсетеді, оқушылар ондай білімді ұғынып
меңгереді. Дегенмен оқыту әдісі зеттеу жолында да
қолданады.
Мектептегі оқыту
жұмысының алдына қойылатын түпкі мақсат –
оқушыларға тәрбиемен қатар саналы білім, берік
практикалық дағды беру және оларға білімді
өздігінен меңгеру жолын, сол білімді практикада кәдеге асыра
алатындай іскерлікті дарыту. Бұл игі мақсат оқыту
тәсілдерін, білімді меңгеру процесінде оқушының
өздігінен жұмыс жасауына себін тигізетін тиімді әдістерді
қолдану жолымен жүзеге асады. Осыған байланысты бастауыш
сыныптарда қазақ тілін оқыту ісінде өзін практикада
ақтаған – жинақтау, индукция-дедукция, бақылау
және эврикалық әдістер пайдаланылып келеді. Мұғалім
сабақта белгілі бір әдіске жетекшілік рөл бергенімен, оны
мың да бір дауа әдіске айналдырып алмауды ойластырады, демек бір
сабақта бірнеше әдістің элементін ендіріп, оқу
жүйесін тиімді, тартымды ұйымдастыру тәсілін іздестіреді.
Талдау-жинақтау –
оқытудың жалпы әдісі. Ал, жеке бөліктері – салыстыру,
топтау, саралау, абстракциялау, тұжырымдау, нақтылау,
жүйелеу. Талдау әдісі қазақ тілінің
табиғатына лайық келеді. Қазақ тілінің
морфемалық құрамдарын өзінің мәні мен
формасы жағынан талдап, ажыратып алуға болады. Бұл әдіс
оқушыларға хат таныту кезеңінен бастап қолданылады.
Белгілі бір сөзде неше буын бар екені, әр буынның неше
дыбыстан және қандай-қандай дыбыстардан тұратыны
талданып, ажыратылады. Талдау мен жинақтау (синтез) тәсілдері
бір-бірімен байланысты түрде қолданылып отырады.
Оқыту әдісінің
индукция және дедукция түрлері оқу материалын өту
кезіндегі оқушының ойлау жолдарына қарай қолданылады.
Индукция – жеке оқиғадан, нақты заттардан жалпы ережеге
келетін ойлау формасы. Индукция тәсілін қолданғанда,
оқушы бірқатар тілдік фактілерді, нақты мысалдарды
бақылай, топшылай келіп қорытынды шығарады; анықтама –
ереже құрады. Демек жеке деректерді танып пайымдаудан жалпы ережеге
келеді. Мысалы, бірінші сынып оқушыларына бірнеше заттың суреттері
көрсетіліп, олардың ненің, кімніңсуреті екендігі
айтқызылады. Соңынан әлгі суреттердің атауы бойынша
заттың атын білдіретін сөздер деген ұғым мен
олардың кім, не деген сұрақтары жөнінде тұжырым
шығарылады.
Дедукция - әдісін
қолданғанда, жалпы ұғым анықтама
заңдылықтарды танудан жеке ережеге келетін ойлау қызметі орын
алады. Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық
ерекшеліктеріне қарай жаңа материал көбіне индукция
әдісімен түсіндіріледі. Әуелі тілдік материал зерттеліп
барып, ереже шығарылады. Одан кейін кері процесс арқылы ережелерге
сәйкес мысалдар ойластырып, талдатылады. Осылайша сабақта индукция-дедукция
жолдары қатар қолданылып, бірін-бірі алмастырып отырады.
Талдау-жинақтау және
индукция-дедукция әдістерін қолданып жүргізген оқу
процесінде оқушылардың бақылау қызметі белсенді болады.
Олардың бақылау, топшылау, қорытындылау қызметі
үстінде өзіндік ой қозғау дағдысы мен таным
қабілеті дами түседі. Осы сияқты оқушылардың
ойлау қабілетін жетілдіретін іздендіргіш әдіс эврикалық
немесе сұрақ-жауап әдісі деп аталады. Эврика табамын, ашамын
деген мағынаны білдіретін грек сөзі. Дидактиктер
сұрақ-жауап әдісін проблемалық әдіс, ізденісті
немесе ішінара ізденісті әдіс және зерттеу әдісі деп үш
түрге айырып қарастырып жүр. Бірінші әдіс бойынша
мұғалім оқу процесінде проблемалық жағдай
туғызып, оқушының ойлау қызметіне қозғау
салатын міндет, тапсырма ендіреді. Әлгі проблемалық жағдайды
оқушы өз бетімен шешіп, қорытынды шығарады.
Мұғалім оқушының ізденіс жұмысына басшылық
етеді. Проблемалық әдіс бастауыш сыныпта ана тілін оқыту
сабағында оқушының ой қызметін көп жұмсауын
қажет етеді және бұған көп уақыт
жұмсалады. Сондықтан сыныптарда бұл әдіске елеулі орын
беріле қоймай жүргені байқалады.
Мектептерде ана тілін
оқытуда тіл дамыту әдісі кеңінен қолданылады. Бұл
әдіс оқушыларға ана тілінің сөздік қорын,
сөз құрамын, орфоэпиялық, орфографиялық ерекешеліктерін
меңгертуді мақсат етіп қояды. Сонымен бірге, баланы
дұрыс сөйлеуге, жазуға, өз ойын айтып беруге
үйрету жолын қарастырады. Тіл дамыту жұмысы барлық
сыныпта фонетика, орфография, лексика, морфология және синтаксис
тарауларын өтуге байланысты әрі жүйелі, әрі үздіксіз
жүргізіледі.
Психология мен педагогика
соңғы жылдарда жаңа дидактикалық принципті –
қазақ тілін оқу процесін оптималдандыру әдісін
ұсынды. Оқу процесін оптималдандыру оқу-тәрбие
міндеттерін, оқытудың мазмұнын, түрін, тәсілдерін
дәл таңдай білуді талап етеді. Ол оқу процесін жүйелі
құруды, оның барлық, негізгі компоненттерін өзара
байланысты жетиілдіруді қарастырады.