№9лекция

ҚАТЫСЫМДЫҚ ТҰЛҒАЛАР

Жоспар:

1.Қатысымдық тұлғалар, олардыц жиынтығы.

2.Тілдік тұлға мен қатысымдық тұлғалардың байланысы.

3.Тілдік немесе қатысымдық құбылыстың   арақатысы өзіндік    ерекшеліктері.    Коммуникативтік    тұлғалардың     жалпы процесімен тікелей байланыстылығы. Тілдік тұлға  мен  қатысымдық   тұлға жөніндегі пікірлер мен көзкарастар.

Қатысымдық тұлғалардың түрлері: мәтін тұрақты сөз тіркестері (фразеологиялық оралым), сөйлем, сөз.  Қатысым тұлғалардың   басты   ұстанымдары   мен   ерекшелігі,   кызметі.   Қатысым тұлғалардың ішіндегі мәтіннің мазмұндық тұтастығымен ерекшеленетін жүйе екендігі. Фразеологиялық оралымдардың қатысымдық мәні. Сөйлем -  тілдік қатынастың орындалуына тікелей себепкер болатын ең қажетті ұйытқы тұлға екендігі. Тілдік қатынастың басты тұлғасы және өзегі сөз екендігі.

Тақырыбы: Қатысым әдісі : Анықтамасы,ерекшеліктері. Қолданылу жолдары .Жеделдете оқыту: әдісі.

    Тілді үйретуге қатысты әдісті сөз еткенде, арнайы қарастырылуға тиісті мәселенің бірі-қатысым әдісі.

    Қарастырылып отырған «коммуникативный метод» «коммуникация» сөзімен байланысты шыққан. «коммуникация» -«қатынас,байланыс» деп жоғарыда атап өтілді. «Коммуникативный метод» дегенді «қатынастық әдіс» дегеннен гөрі қазақтың ұлттық сөздік қорындағы «қатыс», «қатысу»сөзін жаңғыртып,»қатысым» деп алған ұтымды деп ойлаймыз.Өйткені-бұл әріден келе жатқан түбір.Қазақ «бір-бірімізбен араласпай қалдық, байланыспай қалдық, арамызда байланыс жоқ» деген ұғымды білдіргісі келсе, «көптен қатыспай қалдық» дейді.Демек, «қатыс»-біріншіден,қазақтың байырғы сөзі, екіншіден, «байланыс, қатынас» дегеннің баламасы.Ал- «ым»-еңбекте сөз болып отырған проблеманың бәріне ортақ алынған, бірізді сөз жасауды көздеген жұрнақ.

Қазақ тілін қатысымдық әдіспен оқыту жүйесінде айқындала бастаған мынадай принциптерді атап өтуге болады:1.Тіке байланыс.

2.Адамның жеке қабілетін ескеру.

3.Сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау.

4.Сатылап даму.

5.Динамикалық өзгеру.

6.Өзектілік.

Қазақ тілін үйретуде қатысымдық әдісті пайдаланудың ең тиімді жолы-оның тіке байланысқа негізделіп,адам мен адамның тікелей қарым-қатынасы арқылы тілді үйретуді жүзеге асыруында.

 Тілді оқытуда үйренуші мен үйретушінің арасында бір-бірімен көзбе-көз кездесу, ауызба-ауыз тілдесу, яғни тікелей қатынас болмаса, сөйлесім әрекеті де іске аспайды.

Тіке байланыс принципі бойынша оқыту процесі адамдардың тек тікелей жүздесуі, сөйлесуі, өзара қарым-қатынасы арқылы болады.Бұл-қатысымдық әдісі арқылы ғана жүзеге асатын ерекшелік.Өйткені тілдік қатынастың өзі адамзаттың бір-бірімен тікелей қарым-қатынасына, сөйлесуіне негізделген.Сондықтан қатысымдық әдісті қолданудың басты шарты-бүкіл оқыту жүйесінің тікелей байланыс арқылы мүмкіндігінше жиі болуы.

Адамның жеке қабілетін ескеру жөніндегі принцип тіке байланыс принципіне негізделген.Бұл қағида оқыту әдісінде тіл үйренушінің жеке басына тән барлық қасиеттерді психологиялық,педагогикалық тұрғыдан зерттеуге және онымен үнемі санасып отыруға негізделеді.Барлық оқыту жүйесі оқушының зердесіне, қабілетіне қарай бейімделген.

Сөйлесуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау принципі қатысымдық әдістің сапалы болуын қамтамасыз етеді.

Жұмыс түрлерін айқындау принципі мұғалімнің жан-жақты ізденуін, алдына нақты міндет қоя отырып, әр сабақтың мақсатын айқындап алуын талап етеді және тіл үйрету барысында мұғалімге еркіндік береді, белгілі бір мақсатқа орай оқытушы жұмыстың түрлері мен талабын оқушының жеке басының қажеттілігіне сай жетілдіріп не азайтып отыруына болады.

Осыдан келіп, сатылап даму принципіне сүйенуге тура келеді.Бұл қағида бойынша адам мен адамның тіке байланысы да, оқушының жеке қабілетін ескеру де, сөйлеуге үйрету де жүргізілетін жұмыстың түрлері де бірте-бірте жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге сатылап өсу үстінде болу керек.

Сабақта тілдік қатынас үш түрлі жолмен немесе қалыппен (формамен) іске асырылады:1.Жұптық.

2.Топтық.

3.Ұжымдық

Жұптық оқыту қалпында тілдік қатынас екі адамның арасында жүреді.Онда негізгі мақсат екі оқушының өзара тілдесу ерекшелігіне, олардың қабілетіне, тілді білу дәрежесіне т.б.сүйене отырып іске асырылады.

Тілді топтық форма арқылы оқыту арнайы құрылған шағын топтарды қатысымдық әдістің қағидаларына бейімдеудің нәтижесінде жүреді. Топтық қалып бойынша, бір адам кем дегенде екі не одан да көп адамдармен бірден қарым-қатынасқа түседі. Яғни, тілдік қарым-қатынас бір адам мен бірнеше адамның немесе бір топтың арасында жүреді.

Тіл үйренудің ұжымдық формасы дегеніміз-үйренушінің бүкіл топтағы адамдардың әрқайсысымен жеке сұхбаттасу арқылы олардың екеу ара бірін-бірі үйретуі, оқытуы, адамдардың бірінен-екіншісінің үйренуі, пікір алмасуы және әр жұп сыңарларының ауысып отыруы нәтижесінде бүкіл ұжым мүшелерінің түгел қамтылып; әрі жұптық, әрі топтық тілдік қатынастың жүзеге асуы.

Тілдік қатынастың алдына қойған мақсаттардың бірі – қазақ тілін басқа ұлт өкілдері арасындаоқыту болса, бұл мәселе, қазақ тілін белгілі бір уақыт мөлшері аралығында сапалы түрде үйретумен, қазақ тілін жедел оқыту жайымен тікелей байланысты.

Лингвистикада жетілдірілген әдістемелер мен олардың ғылыми негіздері Э. Отто, П. Хегболдт, К. Ганшина, И.А. Грузинская секілді әдіскерлердің есімдерімен тығыз байланысты.Ірі ғалым, тілшілердің ішінен Л.В. Шерба көрнекті теоретик қана емес, белгілі әдіскер де болып саналады.

Қазақ тілін жеделдете оқытудың әдістемелік жақтары бірнеше бағыттарды қамтиды. 1.Сөйлеуге үйрету, ауыз екі сөйлесудің,түсінісудің мүмкіншіліктерін арттыру.                    

  2.Белгілі бір ортаға байланысты адамдар өз ойларын жеткізе білу.

  3.Айтар ойын ауызша жеткізіп қана қоймай, дұрыс жаза білу.

  4.Газет-журнал, баспа беттеріненқажет материалдардыоқи алу.

  5.Көлемді не шағын мәтіндермен, сөздіктермен жұмыс істей білу.

  6.Іс-қағаздарды, хабарландыруларды т.б. толтырып, жаза білу,түсіне білу.Жалпы жедел оқыту үйренушілердіңерекшеліктеріне қарай бірнеше салаға бөлінеді.

Қолданылған әдебиеттер:

1.Ғабитов Т. Мәдениеттану: оқулық / Раритет, 2006.-63 б.

2.Уәлиұлы Н. Тілемісұлы Н. Сөз мәдениеті: оқулық / Алматы, 2002.

3.«Қазақ тілін үйренейік» №3, 2008 жыл, 3 бет

4.Ф.Ш. Оразбаева, «Тілдік қатынас теориясы және әдістемесі», 2005, 272 бет

5.Ә. Әлметова, «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту», А. Арыс, 2007

6.«12-жылдық білім беру журналы», №8, 2006, 4 бет

7.Ж. Аймауытов, бес томдық шығармалар жинағы «Ғылым», 1998, 30 бет

8.М. Жұмабаев «Педагогика» А. «Рауан», 102 бет.