№6 лекция
ТІЛДІК ҚАТЫНАСТЫҢ НЕГІЗІ - ХАБАР
(АҚПАРАТ)
Жоспар:
1.Тілдік қатынастың негізі хабар
(ақпарат, мәлімет) туралы ғалымдардың тұжырымдары
мен пікірлері. Хабардың мәні мен маңызы, тілдік
қатынастар
2.Хабардың алатын орны, оған
қойылатын талаптар.
3.Хабарды қабылдаудың жолдары мен амал
- тәсілдері.
4.Тілдің қатынастың негізін
калайтын хабардың өту кезеңдері.
Э.П.Шубин
қарастырған тілдік қатынас бүкіл хабардың
тұтас жиынтығы деген анықтамамен келісуге болады. Бірақ
мәселенің негізі мынада: тілдік қатынас жалпы хабардың,
ақпараттың тұтас жиынтығынан тұратын болса,онда хабардың
тұтас (комплексті) жиынтығы неден құралады, оның
басты құрамы қандай деген сауалды шешуге тура келеді.
Бұл ретте тілдік қарым-қатынасты
жүзеге асырушы хабарға қатысты барлық
құрамды бөліктер жеке-жеке жіктеле келіп, олардың
әрқайсысының өзіндік қызметі анықталуы
тиіс.
Ең
алдымен, ерекше орын алатын тілдік қатынастың негізгі мазмұн,
мәні, мағынасы болып табылатын – хабарды іс жүзіне
асырушылар, хабарға тікелей қатысушылар. Олар мынадай
құрамнан тұрады:
1.Белгілі
бір ақпаратты, деректі хабарлайтын – Баяншы.
2.Ақпаратты жеткізетін – Тұлғалар.
3.Ақпаратты не деректі – Қабылдаушы.
Баяншы – сыртқы объективтік әсерді,
өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі
тілдік амал-құралдардың, тұлғалардың
көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру
үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік
қарым-қатынасқа түсуші.
Тұлғалар – хабарлаушыдан шыққан дерек туралы
басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған
ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар
арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде
қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер.
Қабылдаушы – белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның
мәнін тілдік тұлғалар арқылы түсініп, ой мен
пайымдау арқылы өз санасына өткізіп
ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты ары
қарай іске асырушы.
Баяншыға да, қабылдаушыға
да – бәріне ортақ әрекет – байланыс, байланыс, қатынас.
Ал байланыс, тілдік қатынас тіл арқылы жүзеге асады. Адамдар
арасындағы өзара байланыс болмаса, сөйлесім әрекеті де
жүзеге аспайды. Байланыс – тілдік қатынастың негізін
жасайтын, оны іске асырушы өзек, адамдар арасындағы тілдік
қарым-қатынастың қажетті шарты.
Баяндау мен қабылдау үрдістері
тілдік қатынастың барлығына тән. Бірақ
лингвист-ғалымдар оларды қарапайым күнделікті сөздермен
атаудан гөрі, лингвистикалық терминдермен атауды жөн
көреді. Дегенмен, бұл терминдернің өзі тіл
ғылымында біркелкі емес.
Зерттеуші ғалымдар тілдік қарым-қатынастағы
хабарлауды, яғни хабар беруді –
транмиссия, ал қабылдауды – рецепция деп атайды. Осыған орай хабар берушіні – трансмиссор, хабар
қабылдаушыны – рецептив дейді. Сонымен қоса,
алғашқы – хабарлауға қатысты құбылыстарды –
трансмиссивті (трансмиссивные) немесе продуктивті (продуктивные); ал
қабылдауға қатысты құбылыстарды – рецептивті
(рецептивные) деп көрсетеді. Олардың айтуынша хабар (Р)
трансмиссордан (Т) шығады да , реципиентке (R) жетеді.
Қазақ тіл білімінде тілдік
қатынасқа қатысты терминдер қалыптаспағанын
ескеріп, бұл ұғымдарды беру үшін төмендегі
терминдарді қолданған дұрыс деп таптық. Олар: баяншы, хабар, тұлға,
қабылдаушы. Сонда тілдік қатынас жүзеге асу үшін
Баяншыдан (Б) шыққан хабар (Х) Тұлғалар (Т)
арқылы қабылдаушыға
(Қ) келіп, одан ары қайтадан байланысқа түсіп,
тілдік айналымда адамдардың бір-бірімен түсіністігін іс жүзіне
асырады
Шынтуайтқа
келгенде, басты мәселе мынада: баяншыдан (Б) шыққан хабар (Х)
қатысымдық тұлғалар (Т) арқылы
қабылдаушыға (Қ) дұрыс жету керек. Ол ауызша болсын,
жазбаша болсын жүзеге аса береді: тек жазбаша түрде болса, онда
арада көп уақыт өтуі мүмкін. өйткені әр түрлі
жағдайларға байланысты хабардың бірден жеткізілмеуі, немесе
тоқтап тұруы, немесе бірнеше үзікпен берілуі мүмкін
т.б.
Тілді
зерттеуші ғалымдар тілдік қатынас құбылысына байланысты
үш кезеңді атап өтеді, олар мыналар:
1.Хабардың дұрыс айтылуы,
шығуы. Мұнда синтаксистік заңдылықтар,
грамматикалық единицалардың тізбегі, дыбысталуы ерекше рөл
атқарады.
2.Айтылуға
тиісті мазмұнның дұрыс жеткізілуі, айтылар ой мен
жеткізетін тілдік құралдың сәйкестігі. Мұнда
семантикалық заңдылықтарға назар аударылады.
3.Әңгімелесуші
– екінші адамның хабарды дұрыс қабылдауы. Е.И.Пассов осы
үш кезеңді баяндай келіп, тілдік қатынастың толық
жүзеге асуы үшін ең бастысы- үшінші кезең,
алдыңғы екі кезең
тілдік қарым-қатынасты іске асырмайды, бірақ өкінішке орай тілдік
қатынаста біз осы үшінші кезеңге жете бермейміз, яғни
қарым-қатынаста бірінші
және екінші кезеңдерде
тоқтап қалып қоямыз деп көрсетеді.
М
Біздің пікірімізше, тілдік қатынас
- жалпы адамзаттың ойына,
ойлау жүйесіне тікелей байланысты құбылыс. Ол, ең
алдымен, сыртқы объективті шындықты қабылдаудан, жеткізейін
деген хабарды пайымдаудан туады.
Сондықтан тілдік қатынас бірнеше кезеңнен
тұрады. Олар мыналар:
1.Хабардың
пайда болуы.
Тілдік
қатынасты жүзеге асыратын сөйлеу әрекетіне
қажетті ең бірінші фактор – сыртқы дүниенің адам
санасына әсер етуі, сол әсердің нәтижесінде миде ойдың
қорытылуы, хабардың пайда болуы.
2.Хабардың
сыртқа шығуы.
Санадағы тұжырымдалған пайымдаудың, ойдың,
ұғымның, хабардың тіл арқылы, тілдік
тұлғалар арқылы айтылуы, яғни сыртқа шығуы.
Хабардың сыртқа шығуына айрықша қызмет ететін –
адамның сөйлеу мүшелері. Дыбыстау мүшелері немесе
сөйлеу аппараты тек адамзатқа ғана тән ерекше
құбылыс екені осы процестен де көрінеді.
3.Хабардың жеткізілуі.
Айтылуға тиісті хабардың (сөйлем, диалог, монолог)
сыртқа шығумен, дыбысталумен ғана шектеліп қоймай,
келесі адамға, субъектіге жеткізілуі. Ол ауызша да, жазбаша да болуы
мүмкін. Хабар жеткізілмей қалып қойса,
қарым-қатынас, яғни түсінісу, ұғынысу
болмайды. Демек, бұл әрекеттің де өзіндік алатын орны
мен маңызы зор.
4.Хабардың қабылдануы.
Сөйлеу әрекетіндегі келесі саты – жеткізілген хабардың
қабылдануы. Қабылдау әрекетінде қосымша жұмыс
атқаратын бірнеше фактор бар (мәселен, есту, көру, оқу,
тыңдау, ойлау), бірақ ең бастысы – келген хабарды
түсіну, яғни қабылдап алу.
5.Хабардың жауабы.
Тілдік
қарым-қатынас болу үшін, хабарды қабылдап алумен
ғана шектелі біржақты процесс болып қалады, енді тілдік қатынас жүзеге асу
үшін қабылданған хабарға көңіл аудару,
яғни оны сарапқа салу, ьағалау, түсіну, сосын жауап
қату шарт. Сөйтіп хабар жаңарып, келесі сатыға
өтеді, яғни жаңа хабар шығады. Сонымен, хабар
жауапқа ие болып, жаңа қарым-қатынасқа жол
ашылады.
Бұдан шығатын қорытынды: тілдік қатынаста ХАБАР
(ақпарат, мәлімет, дерек т.б.) маңызды рөл
атқарады.
Қолданылған
әдебиеттер:
1.Ғабитов Т. Мәдениеттану: оқулық
/ Раритет, 2006.-63 б.
2.Уәлиұлы Н. Тілемісұлы Н.
Сөз мәдениеті: оқулық / Алматы, 2002.
3.«Қазақ
тілін үйренейік» №3, 2008 жыл, 3 бет
4.Ф.Ш. Оразбаева, «Тілдік
қатынас теориясы және әдістемесі», 2005, 272 бет
5.Ә.
Әлметова, «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту», А.
Арыс, 2007
6.«12-жылдық білім
беру журналы», №8, 2006, 4 бет
7.Ж. Аймауытов, бес
томдық шығармалар жинағы «Ғылым», 1998, 30 бет
8.М. Жұмабаев
«Педагогика» А. «Рауан», 102 бет.