Лекция №13.

Пәні: Тіл дамыту әдістемесі және мәнерлеп оқу практикумы

Сабақтың тақырыбы: Өлең өлшемдері: шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас.

Сабақты өтудің түрі: Зерттеу лекциясы

Жоспар:                   

1.Өлең өлшемдері.

2. Шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас.

3.Қазақ поэзиясындағы ұйқас түрлері.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1)           Федоренко. А. П. Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту методикасы.Алматы, мектеп. 1981

2)          Қожахметова Қ. Мәнерлеп оқу. Алматы, мектеп. 1982

3)          Баймұратова Б. Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту. Алматы, 1976

4)          Майтанов Б. Сөз сыны. Алматы, Ғылым. 2002

 

Мазмұны:

     Шумақ .Өлең көптеген компонентерден құралатын тұтас бір шығарма. Сол көптеген бөлшектердің бірі-шумақ. Шумақ-аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіреді. Өлеңде шумақ саны әр түрлі болады.

     Мысалы:

                        Етегін ақ көйлектің алтындатқан,

                        Ажары ақ жамбылдай жарқылдаған,

                        Сексен қыз серуенге шықса-дағы,

                        Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

     Екі шумақты өлең:

         Таза мінсіз асыл тас

         Су түбінде жатады.

         Таза мінсіз асыл сөз

         Ой түбінде жатады.

         Су түбінде жатқан тас,

         Жел толқытса шығады.

         Ой түбінде жатқан сөз,

         Шер толқытса шығады.

                                                  (Асан қайғы.)

 

     Өлеңді біріктіретін- ұйқас. Ұйқас болуы үшін өлең кемінде екі жолдан құралуы керек.

     Өлең шумағының да өз бөлшегі бар, ол-оның тармағы. Тармақ  деп өлеңнің  әр жолын айтамыз. Мысалы:

                            5                            3

                   /Айырдан туған/ жампоз бар/         -8

4                                                                            3

                                /Жүгін нарға/ салғысыз/             -7

5                                                                            3

                   /Арғымақтан туған/ будан бар/       -9

6                                                                            5

                   /Күнінде көрінім/ жерді алғысыз/   -11

5                                                                            3

                    /Жаманнан уған/ жақсы бар/          -8

4                                                                            3

                    /Адам айтса/ нанғысыз/,                 

5                                                                            3

                     /Жақсыдан туған/ жаман бар/        -8

6                                                                            3

                      /Күндердің күні/ болғанда/            -8

4                                                                            3

                       /Бір аяқ асқа/ алғысыз/                  -7

 

     Бұл шумақ тоғыз тармақтан, яғни тоғыз жолдан тұрады. Сондай-ақ өлең екі, үш, төрт, бес... он тармақты шумақ боп та келе береді.

     Қазақ өлеңдері , негізінен, жеті-сегіз буынды, он бір буынды боп келеді. Өлеңнің бүкіл құрылысы-үйлесімділікке байланысты. Оларды мазмұнды да әсерлі, әрлі, көркем ететін де осы –үйлесімділік.

     Терме. Өлеңнің бір формасы- терме. Сөздердің қолданылуы жағынан терменің толғаудан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бар айырмашылығы-толғау философиялық үлкен толғанысымен, заман жайлы кесек ойлармен ерекшеленсе, терме өмірдің жеке құбылыстарын нақылды түрде термелеп айтып, белгілі бір қорытынды жасайды. Мұны мысалы, Шалкиіз жыраудың:

                       

                        Жауынды күні көп жүрме,

                        Жар жалғасы тайғақ-ты.

                        Жаманға жақыным деп сөз айтпа

                        Күндердің күні болғанда,

                        Артыңда туысқанның көбі игі,

                        Күндердің күні болғанда,

                        Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!

                        Асау тулап жықпасқа,

                        Артқы  айылдың беркі игі,

                        Жағаға дұшпан қолы тимеске.

                        Қырға шықпас, жаманның

                        Бұрыннан да жоғы игі!-

деген термелерінен аңаруға болады. Мұнда табиғаттың жауынды күні тайғақты болатынын, жаман адамның басына күн туғанда, өзіне айғақ, куә боп шығатындығымен байланыстыра алып, философиялық түйін жасаған.

      Ырғақ. Өмірдің барлығы осы ырғақтан тұрады. Сағат бір қалыпты ырғақпен жүреді, адам жүрегі бірқалыпты ырғақпен соғады. Күн мен түн де солай-таң атады, кеш батады. Қайталап өмір тіршілігін жасайды. Музыкадағы сол ырғақ, үйлесім болмаса, тіршілікте мазмұн, мағына жоқ. Көркем әдебиет, соның ішінде поэзия осы ырғақ, үйлесіммен адамды өзіне тартады. Ырғақты түсіну үшін, сағаттың дыбысына құлақ тосайықшы. Бір ғана қалыппен үн қатады. Сол сияқты поэзияда да ырғақ бар. Ол да ақын жүрегінің тынысымен бірге соғады. Егер ырғақ болмаса, поэзия да жоқ. Мысалы: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да!» (Абай)

         Омырауын көрсең / есіктей,

         Мойын еті/ бесіктей

         Кекілі сұлу / Байшұбар

         Талдан өрген / жібектей,

         Сымбатты сұлу / жануар

         Ойға тіккен / ордадай,

         Сауыры сұлу / жануар

         Төңкерген шойын қазандай.

Осында дем, тыныс бір қалыппен берілген емес пе? Жанға үйіріле кетеді, ойға оралады. Поэзияның жүрек толғантар бір қасиеті де осында. Демек, адамның жүрек соғысындай қимыл, әрекетті бір мөлшерде, бір қалыпта суреттеуді  ырғақ дейміз.

     Ұйқас. «Өлең- сөздің патшасы, сөз-сарасы. Қиыннан қиыстырар ер данасы»,-деген Абай өлеңдерінің соңғы сөздері бір-бірімен үндес, дыбыстары да бірдейге жақын. Ақын оларды тек ұйқас үшін ғана ала салмаған. Ол өлеңнің бүкіл бітімімен, мазмұнымен тамырлас. Соған сәйкес әуен, ерекше саз беріп тұр. Осындай өлең тармақтарындағы сөздердің үндестігін ұйқас дейміз.

     Қазақ поэзиясындағы ұйқас түрлері:

 1. Қара өлең ұйқасы:

     Саған мен ерлігімді білгізбесем,           -а

     Сені мен бір жылатып, күлгізбесем,     -а

     Мақтанышың сабаңның мойны болса, -а

     Төрт тіліп, керегеңе ілгізбесем.             –а

                                                                        («Айман-Шолпан» поэмасынан)

2. Шұбыртпалы ұйқас:

     Қара қасқа ат мінген               -а

     Құйрық-жалын шарт түйген, -а

     Алдына дабыл төңкерген,      -а

     Артына сауыт бөктерген,       -а

     Аламанға дем берген,             -а

     Азды-көпке теңгерген,           -а

     Қара бөрік қалпайған,            -а

     Қайратым мал жайған,           -а

     Қысқа күнде қырық шапқан, -а

     Тері тонды теріс артқан,        -а

     Қызылбасқа жан тартқан,      -а

     Қазақ десе оқ атқан,               -а

     Кірпігіне мұз қатқан...           –а

                                                                («Қобыланды батыр» жырынан)

3. Кезекті ұйқас:

     Хан сарқыты сары бар,          -а

     Сұраусыз ішсем деп едім,     -б

     Ханның киген кіреуке           -а

     Үстіме кисем деп едім.         –б

                                                                             (Махамбет)

4. Шалыс ұйқас:

    Абылайдың алдында сен бітсең,        -а

     Құдандалы таныспын.                       –б

     Егер Абылай алдында бітпесең,       -а

     Атасын білмес алыспын.                   –б

                                                                            (Бұхар жырау)

5. Егіз ұйқас:

     Ай қалқып ақырын туады,         -а

     Ер жігіт жауды қуады.               -а              (Шәңгерей) 

 

Бақылау сұрақтар:

1. Шумақ дегеніміз не?

2. Бунақ дегеніміз не?

3. Тармақ дегеніміз не?

4. Өлеңдердің құрылымы.

 

 

Лекция №14.

Пәні: «Тіл дамыту әдістемесі және мәнерлеп оқу практикумы»

Тақырыбы: Жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылпаш, нақыл сөздерді балабақшада пайдалану.

Сабақ өтудің түрі: Проблемалық.

Жоспар:

1.      Жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылпаш, нақыл сөздер туралы түсінік.

2.      Жұмбақ пен жаңылтпаштың өзіндік ерекшелігі.

3. Жаңылтпаш айтуға төселдіру жолдары.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. А. Алиев Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы, Ана тілі 1996 240б.

2. Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқытудың методикалық негіздері, Алматы, 1962. 94-96 б.

3. С. Рахметова  «Қазақ тілін  оқыту  методикасы»  Алматы  1991 ж. /3/.

4. Баймұратова Б.Б «Балабақшадағы ересек  балалар  тілін  дамыту   туралы методикалық құрал»  Алматы  1970 ж. /5/.

5. Баймұратова  Б.Б.  «Балабақшадағы  даярлық топ  балаларының    тілін  дамыту  типтері  программадағы  нұсқау»Алматы  1984 ж. /6/.

6. Бародич Б.Қ. « Мектеп   жасына  дейінгі  балалардың   тілін  дамыту методикасы»  Алматы 1991 ж. /7/.

7. А.П. Федеренко, Г.А. Фамичева, В.Н. Лотарев «Мектеп   жасына  дейінгі балалар тілін  дамыту  методикасы» Алматы 1981 ж.

 

Мазмұны:

Халық ауыз әдебиеті – ертеден келе жатқан мұра. Бұл жөнінде орыс халқының ұлы сыншысы Р. Г. Беленский «Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы жазған еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасындағы айырмашылықтарды айта келіп, ауыз әдебиеті халықтың ерте замандағы ой-санасының жемісі деп көрсетеді. «Халық немесе тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін, бірақ оның поэзиясы болмауы мүмкін емес», - деп, Бленский ауыз әдебиетінің тым ерте кезде, халықтың жазу-сызу өнері болмаған заманда туғандығын дәлелдейді. Бұл расында да солай. Қай халықты алсақ та, оның көркем әдебиеті ауыз әдебиетінен басталады. Демек, ауыз әдебиеті болмаған, бірден жазба әдебиетін жасаған халық бұрын-сонды тарихта кездеспейді.

Халық шығармасының жұмбақ түрін зерттеген ғалымдардың айтуына қарағанда, жұмбақ ертедегі адамдардың, бүкіл колективтің еңбек - кәсіп ету, тұрмыс - тіршілік құру тәжербиесінен туған. Алғашқы кезде адам баласына дүниедегі заттардың, жаратылыс құбылыстарының барлығы, олардың сыры, неден жасалатындығы мәлім болмаған, жұмбақ болған. Бірақ адам баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан, білу жолын қарастырған, айнала қоршаған жаратылыс дүниесін, оның құбылыстарын, еңбек-кәсіп құралдарын, әр түрлі хайуанаттар жайын бір-біріне салыстыру арқылы тануды көздеген. Ол үшін өздеріңе таныс бір заттың екінші бір бейтаныс затқа салыстыра отырып немесе сол заттардың бір-біріне ұқсас белгілеріне қарап, олардың қандай зат екендігін, неден шыққандығын анықтаған. Жұмбақтардың алғашқы үлгілері осылай шыққан.

    Бертін келе адам баласының ой-өрісі, дүние танымы, білім көлемі ұлғайған кезде, жаратылыс дүниесінің және заттардың шығу сырын анықтап аңғарған кезде жұмбақтар алғашқы қалпынан өзгере бастайды. Бұл кезде шығарылған жұмбақтарда адамға таныс заттардың немесе жаратылыс құбылыстарының сыртқы белгілері ғана алынады, соған қарап жұмбақ шығарылады. Жұмбақ заттың өзін айтпай, оның түр-түсін, сыртқы белгілерін, жұмбақ болып отырған затқа ұқсас жақтарын сипаттайды, ал заттың өз атын жасырын ұстайды. Сондықтан да ойға алған нәресенің өзін айтпай, оның сырт көріністерін, сыртқы белгілерін қысқаша сипаттауды, солар арқылы жұмбақ етілген затты табуды жұмбақ дейміз.

    Жұмбақтың алғашқы үлгілері ертедегі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, еңбек-кәсіп ету жайларына байланысты туып, кейіннен халық өмірімен біте қайнасқан, талай ғасырмен бірге жасасқан, өзінің қалыптасу және даму процесінде жаңа мазмұн, жаңа тақырып алып отырған. Ауыз әдебиетінің басқа тарихи дәуірлер туғызған жаңалықтарды бойына жинай келген. Қай кезде болса да, жұмбақты еңбекші халық оралымды ұшқыр сөз, өткірлік, тапқырлық ретінде қолданған. Мұнымен қатар, жұмбақтың білім берерлік, білмегенді білуге ұмтылдырарлық қасиеті барлығын халық жақсы түсінген. Сондықтан да жұмбақ халықтың күнделікті өмірінен ерекше орын алған.

    Халық ауыз әдебиетінің бір саласы - жаңылтпаштар. Жаңылтпаштар мектепалды даярлық топтары мен сыныптарында ана тілі сабағында және сабақтан тыс уақыттарда тіл ұстарту, сөздің дыбысталуын нақышына келтіре дұрыс, тез, шебер айта білуге жаттықтыру, сөздің мағынасын түсіне білу мақсатымен пайдаланылады.

Мақал мен мәтелдер көбінесе сабырлы салмақты ырғақпен, өлеңдік өрнекпен де шешендік тілмен, қара сөзбен нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері. Мақал, негізінен екі құралады. Бірінші бөлімде пайымдау екінші бөлімде ой қорытындысы айтылады. («Еңбек етсең, емесің»). Тура мағынада («Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»), ауыспалы мағынада («От жақпаған үй — қорамен тең, адам кірмеген үй — моламен тең») қолданылатын мақалдарды, көбінесе халық шығарған. Жыраулар мен ақындар, ел басылары, батырлар, зиялы адамдар шығарған (авторы белгілі) мақалдар мен мәтелдер де баршылық.

    Мәтелдер, негізінен, тұжырымы тұспалдау, елеңде сыңар тармақты, қара сөзде нұсқалы сөз ретінде айтылады («Өлең — сөздің патшасы»), «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда»), т. б.

Жаңылтпаш - мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайық шығарма. Бөбектің тілі шығып балдырған жасына жеткен кезде сөздік қоры молая бастаған кезде қинала айтады. Мүдіремей сөйлеу үшін қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса сөйлегенде де мүдірмей, өз ойын  толық жеткізетін болады.

    Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамиды, тәлім алады.

    Жаңылтпаштарды тіл дамыту құралы десек, мұғалімнің міндеті-оларды балалалрдың жас ерекшеліктеріне, сауат ашу сабақтарының мазмұнына сәйкес лайықты, орынды қолдана білу. :

    Бұл міндетті жүзеге асыруда мұғалімнің өзі қазақ халқында, өзге халықтарда көркем сөзді қандай жаңылтпаштар бар екенін жақсы білуі, әрбір ақынның жыр  қоржынынан қарапайым да ойлы сипатымен бала жанын

баурап алатын, тіл дамытудың қисынды қиюластырылған көркем де қуатты құралы — жаңылтпаштың әр түрін сараптап, талдай алатындай болуы шарт.

    Белгілі балалар ақыныны Ә. Табылдиев: «Жаңылтпаштар    көбіне    әрі тіл ширату, әрі   дүниетану,   әрі   білім беру, тәрбиелеу мақсатында   жазылады» дейді. 

Бақылау сұрақтары:

1. Халық-ауыз әдебиетінің түрлері.

2. Мақал-мәтел мен нақыл сөздердің өзіндік ерекшелігі.

3. Жұмбақ пен жаңылтпаштың айырмашылығы мен пайдасы.