Лекция №29.

Пәні: Тіл дамыту әдістемесі және мәнерлеп оқу практикумы

Лекция сабақтың тақырыбы: Балалардың сөздік қорын молайту әдістемесі

Лекция сабақты өтудің түрі: Активті.

Жоспар:

1) Сөз-тілдің негізгі өлшемі

2) Сөздің лексикалық мағынасын жалпылау дәрежесі

3) Сөздердің тақырыптық топтары

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Федоренко. А. П. Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту методикасы.Алматы, мектеп. 1981

2. Қожахметова Қ. Мәнерлеп оқу. Алматы, мектеп. 1982

3. Баймұратова Б. Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту. Алматы, 1976

4. Майтанов Б. Сөз сыны. Алматы, Ғылым. 2002

 

Мазмұны:

     Сөз-тілдің негізгі өлшемі. Ол былайша айтқанда бір мезгілде тілдің барлық компонентерінің-фонетиканың (сөз дыбыстарынан тұратындықтын), лексиканың (болмыстың белгілі бір құбылыстарын білдіріп, кодпен шифрлайтындықтан, яғни мағыналық роль атқаратындықтан), грамматикалық (бұл жағдайда белгілі бір грамматикалық формада қолданылатындықтан), «өкілі»болып табылады. Тілде сөз белгілі бір мағынаға және тиісті грамматикалық тәртіпке ие болады, сөздерді «жай», фонетикалық құрылыссыз және грамматикалық формасыз, үйрену мүмкін емес.

     Сөзің тілден тысқары шындықты: заттар мен құбылыстарды (үй, күн, адам, күннің батуы), дерексіз ұғымдарды (ой, шындық), іс-әрекетті (құрылыс салу, жарық жағу, сүю, ойлау), заттардың сынын (ақ, мәңгі, жылы шырайлы, әділ), іс-әрекеттің белгілерін (жоғары қарай, ашық, шың, адал), санды (бір, он екі, жүз), заттарды, сынды, санды көрсетуін   (мен, кім, қандай, қашан) білдіру қабілетін сөздің лексикалық мағынасы деп атайды.

     Сөздерді мағынасы бойынша жалпылаудың бірнеше дәрежесі ажыратылады.

      Жалпылаудың нольдік дәрежесі-жалқы есім, жеке заттың аты.

     Жаңадан сөйлей бастаған балалар (бір жастың соңы-екі жастың басына қарай) сөзді, яғни бұл атауды нақты затпен арақатынаста салыстыра отырып үйренеді: олар үшін мама, орындық, доп, ваза сөздері жалқы есімдер.

     Жалпылауыштың бірінші дәрежесі-жалпы есім, яғни бір тектес заттардың, іс-әрекеттердің, сапаның жалпы атауы. Мысалы, өзінің балаларын ертіп жүрген мысықты көрген бала «мама-мияу» деп айта отырып, мама деген сөздің жалпылауыш маңызын түсінеді; шар тәрізді кез-келген серпімді затты түсіне, мөлшері мен материалына қарамстан доп деп атаған бала доп сөзінің лексикалық мағынасын түсінеді; бұл іс-әрекетті кім жасағанына қарамастан, тиісті іс-әрекетті кім жасағанына қарамастан, тиісті әрекетті келе жатыр сөзімен атай отырып, көгілдір түсті кез-келген затты көгілдір сөзімен білдіру арқылы бала келе жатыр етістігі мен көгілдір сын есімінің лексикалық мағынасын түсінетіндігін көрсетеді.

      Балалар жалпылауыштың бірінші дәрежесінің сөздерін екі жасар кезінің соңына қарай үйренеді.

      Жалпылауыштың екінші дәрежесі-тектік ұғымдарды білдіретін  сөздер: мебель (бұл орындық та, стол да, шкаф та болады), ойыншық (бұл доп та, қуыршақ та, кубик те  болады), жемістер (бұл алма да, алмұрт та, апельсин де болады). Іс-әрекеттің, белгілердің атауы зат есім түрінде жалпы қорытындыланып беріледі: жүру, жүзу, жүгіру, ұшу, ақшылдығы, көкшілдігі, қызылдығы, қаралығы, көктігі.

     Жалпылауыштың екінші дәрежесінің сөздерін балалар үш жастан кейін үйренеді.

     Жалпылауыштың үшінші дәрежесі-жалпылаудың екінші дәрежесінің сөздері үшін тектік ұғымдарды білдіретін сөздер: өсімдіктер-ағаштар, шөптер, қыналар; заттар-ойыншықтар, ыдыс-аяқтар, мебель; өнімдер-овощтар, жемістер, астық тұқымдастар; қозғалыс-жүгіру, ұшу, жүзу; түс-ақшылдығы, кокшілдігі.

     Балалар жалпылаудың үшінші дәрежесі сөздерінің мағынасын шамамен бес немеме алты жасқа келгенде үйренеді.

     Жалпылауыштың төртінші дәрежесі-шекті лексикалық жалпылау: зат, қимыл, жай-күй, сын, сапа, сан, қарым-қатынас деп аталатын сөздер.

     Егер бала жалпылауыштың төртінші дәрежесіндегі сөздердің мағынасын үйренуге қабілетті болса, онда олар лингвистикалық ұғымдарды оқып үйренуге даяр болғаны; бұл мүмкіндік толық дәрежеде жас өспірімдік шақ сатысында туады.

      Тектік-түрлік қатынастағы сөздерді (мебель-стол, орындық, кереует) үйрене отырып, балалар оларды тұтас және оның бір бөлігі ретіндегі сөздерден айыра білуі тиіс: орындық-оның сирағы, арқалығы, отыратын орны; бет-маңдай, жақ, мұрын, ауыз, көз; жуыну-алақанға су толтырып алу, онымен бетті сулау, бетті қолмен ысқылау, сумен шаю және т. с. с.

 

Балалар бақшасында оқып үйренілетін сөздердің тақырыптық топтары

     Балалар бақшасында ана тілінің лексикасын оқып үйрену қатаң түрде семесиологиялық аспектіде емес (яғни, «Бұл сөз нені білдіреді?» деген сұраумен емес), «Бұл зат қалай аталады?» деген сұрауға жауап бере отырып, ономасиологиялық аспектіде жүргізіледі.

     Баланың алғаш жаттап алатын сөздері оны өзі туылып, өмірінің алғашқы күндерінің, апталары мен жылдарын өткізген қоршаған әлемге енгізеді; бұл сөздер баланың айналасындағы заттарды білдіреді. «Балалар бақшасының тәрбие программасы» бірнеше тақырыптық сөз топтарын: 1) балаға жақын адамдарды, олардың туыстық және қоғамдық қатынастарын, олардың есімдерінен; 2) баланың өзін, оның дене мүшелерін; 3) тұрмыс заттарын, ойыншықтарды; 4) бала тұратын және «оқып үйренетін» үй ішіндегі, оның аулада, бақта, бақшада, паркте көретін, оған жақын және едәуір қашық көшеден ұшырасатын заттарды; 5) тірі табиғат обьектілерін: жануарларды, олардың дене мүшелері мен қылықтарын; өсімдіктерді, олардың бөлшектерін, оларда болатын өзгерістерді; 6) жылдың барлық мезгілдеріндегі өлі табиғат обьектілерін; 7) адамдардың алуан түрлі еңбегін.

     Заттармен бірге балалар олардың белгілерімен, ісәрекеттерімен, іс-әрекет белгілерімен, санымен де танысады.

     Баланың лексиканы меңгеруі зат есімді меңгеруден басталады. Ол қуыршақ, қоян, кереует, жастық секілді өзін қоршап тұрған заттың бәрін, сондай-ақ қол, саусақ, бас, мұрын секілді өзінің дене мүшелерін атайды.

     Қоршаған заттар баланың зейінін аударады және балаға онымен «қатынас» жасауға: егер зат үлкен болса (қабырға, еден)  қолымен ұстап көруге немесе қолымен айналдырып, сипап, ұстап, тыңдап (мысық , ит, құс болса), иіскеп (гүл болса) жеп (ботқа, сүт болса) байқауға мүмкіндік берген жағдайда ғана олар атауға ие болады.

     Тіпті екі жастағы баланың өзі затты жаңа ғана көрген болса, оның атын есте қиындықпен сақтайды. Бір балалар мекемесінде тәрбиеші екі  жасар балаларға үй қоянын көрсетіп, былай деді: «Мынау үй қояны, ал мынау оның құлағы, қандай ұзын екенін қараңдаршы, қып-қысқа құйрығы». Балдырғандар үй қоянын көргендеріне қуанды, олардың үй қоянын ұстап көргісі келді, бірақ тәрбиеші балаларды оған жақындатпады. Тексеру көрсеткеніндей, мұндай «сабақ» нәтиже берген жоқ: балалар тіпті үй қояны деген сөзді де үйренбеді. Ал үй қоянын қолына алып, оның құлағын, құйрығын ұстап көрген балалар үй қояны, құйрық, ұзын құлақ деген сөздерді есте сақтап қалған.

     Алғашқы үйрену кезінде сөз бала үшін тек сол, жеке заттың атын ғана білдіреді, бала оның жалпы мағынасын түсінуі және оны ұғым ретінде қабылдауы үшін осы сөзбен ұзақ жаттығулар жүргізуі керек.

     М. М. Кольцова 1 жастан 1жас 3 айға дейінгі балалардың екі тобының сөздің жалпылаушы мағынасын түсінуі қалай өткендігін былайша сипаттайды: «Бір топта «кітап» сөзіне 20 шартты қозғалыс рефлекстері («кітапты ал», «кітапты қой» және т. с. с.), ал екінші топта-20 көру шартты рефлекстерді қалыптастырылды: «Міне, кітап» сөйлемін қайталай отырып, балаға кезекпе-кезек форматы мен түсі әр түрлі 20 кітап көрсетілді. Сөйтіп, бірінші топта көру тітіркенулері біркелкі, ал істелген іс-әрекет коп болды, екінші топта, керісінше, көру әсерлері әркелкі, ал істелген іс-әрекет біріңғай болды.

     Бақылау мақсатында сынау жүргізгенде «кітап» сөзі бірінші топтың балалары үшін жалпылауыш сигналы болса, екінші топтың балалары үшін олай болмай шықты».

     Мектеп жасына дейінгі барлық топ балалары тәрбиеленушілерінің қамқорлығы әр баланың лексикалық сөз қорын кеңейтуге  ғана емес, сондай-ақ әр баланың қабылдаған сөзі оның өзіне тән жалпылау дәрежесінде үйренілуіне бағытталуы тиіс. Өйтпейінше, сөздің дыбыстық құрылымын ғана есте сақтауды емес, сөздің лексикалық мағынасын толық түсінуді талап ететін ана тілін үйрену заңдылығы бұзылады.

     Жоғарыда көрсетілген, сезімдік қабылдауға сүйене отырып, тәрбиешілер балалардың сөздің жалпы мағынасын түсінуіне қол жеткізеді, затты қарағанда, оны қолымен ұстап немесе қозғалтып байқағанда, тыңдап, иіскеп, дәмін сезіп көргенде бала нақты заттың атын үйренеді.

 

 

Лекция №30.

Пәні: «Тіл дамыту әдістемесі және мәнерлеп оқу практикумы»

Тақырыбы: Сөздік жұмысының принциптері.

1. Сөздік жұмысының жүргізілуі.

2. Сөздік жұмысының принциптері.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.       Баймұратова Б.Б «Балабақшадағы ересек  балалар  тілін  дамыту   туралы методикалық құрал»  Алматы  1970 ж.  5-6 б .

2.      Баймұратова  Б.Б.  «Балабақшадағы  даярлық топ  балаларының    тілін  дамыту  типтері  программадағы  нұсқау»Алматы  1984 ж. 11-12б.

3.      Бародич Б.Қ. « Мектеп   жасына  дейінгі  балалардың   тілін  дамыту методикасы»  Алматы 1991 ж. 45-46 б.

4.      А.П. Федеренко, Г.А. Фамичева, В.Н. Лотарев «Мектеп   жасына  дейінгі балалар тілін  дамыту  методикасы» Алматы 1981 ж 81-111 б.

 

Мазмұны:

Оқытудың келесі кезеңінде білімді пысықтай отырып, оны бекіте түсу процесін жүзеге асыру болады. Бұл – меңгерілген білімнің беріктік принципін туғызады. Білімді саналы және берік игеру материалды оқушының шама-шарқына лайық оқықанда ғана жүзеге асырылмақ. Дұрыс қабылданбаған немесе оқушының меңгеруге шама-шарқы жетпеген материалдар, оқытудың келесі кезеңдерінде түсінікті болуы тиіс. Демек, үйретілген материал белгілі бір жүйемен құрылуы тиіс. Мұндай талап оқытудың бір ізді және жүйелі құрылу принципін қажет етеді. Ең соңында, оқытудың ең маңызды принципі ретінде ғылымға негізделген принцип алынады. Сөйтіп дидактикалық принциптері: 1) көрнекілік принцип; 2) саналық пинцип; 3) білімнің берік болу принципі; 4) шамаға лайықтау принципі; 5) жүйелілік принципі; 6) білімнің ғылымға негізделу т.б.

Көрнекілік принцип. Көрнекілік принцип теориялық жағынан бірінші болып негізделген Я.А.Каменский болса, орыс педагогтары ішінде К.Д.Ушинский көрнекіліктің мәнін психологиялық жағынан қоса алып көрсетті. Ол көрнекілік туралы былай деп жазады: «Бұл – дерексіз түйсіктер мен сөздерге емес, балалар тікелей қабылдайтын нақты бейнеге құрылған ілім... нақтыдан дерексіз, түйсінуден ойлауға қарай оқыту соншалық табиғи және айқын психикалық заңдылыққа негізделеді».

Демек, көрнекілік принциппен оқыту оқушылардың байқағыштығын дамытуға көмектеседі. «Көрнекі оқытудағы басты мақсат, - деп жазды Ушинский, - байқағыштыққа, оймен топшылауға жаттықтыру және өзінің байқағандарын сөзбен айтып бере білуге, сондай-ақ одан логикалық қорытындылар шығаруға үйрету болып табылады».

Көрнекіліктің ғылым негізі философияның таным теориялары мен И.П.Павловтың жоғарғы нерв қызметі туралы іліміне негізделген.

Өмірде бар заттар мен құбылыстарды көрсетуі арқылы көрнекі оқу құралы мектеп оқуын өмірмен байланыстырады, сөйтіп теорияның практикамен ұштастыру жөніндегі дидактикалық принципті жүзеге асыруға көектеседі; оқушыларда әр түрлі түсініктер мен ұғымдар қалыптастыру. Ісінде мұғалімге көмекші болады: оқушылардың логикалық ойлауы мен тілін дамытуда, зейінін белгілі мақсатқа аударуда, творчестволық талғамын дамытуда көмекке келеді, өтілген оқу материалдарын берік меңгеру мүмкіндігін жасайды.

Көрнек құралы белгілі мақсат көздей отырып пайдаланылуы тиіс. Көрнекіліктің мақсаты оқушыларға нақты нәрсені көрсету ғана емес; нақтылықтан дерексіз қорытынды жасап отыруға үйрету болып табылады. Нақтылы көрнекі материалды саналы түрде меңгеру үшін, қабылданатын зат пен құбылысты дұрыс байқау, талдау жасау керек болады. Дұрыс байқай отырып, оқушы көргеніне анализ жасауға негізгісі қайсысы екенін ажыратуға, салыстыруға, белгілі қорытынды жасауға, заңдылықтарын анықтауға үйренеді. Соңынан сауатты жазуына дағдылана бастайды.

Білімнің берік болу принципі. Білімді меңгеру және берік ойда сақтау принципі өтілген материалды оқушының дәйекті түсініп, саналы меңгеруін талап етеді.

Білімді берік меңгерудің оқушыда дүниетану көзқарасын қалыптастыруда маңызы зор. Дүниетану адамның іс-әрекет сипатын белгілейді, оның қоғамдық бағыты мен мақсатын анықтайды.

Белгілі бір ережені қалайда бір жақсы түсініп, есте сақтаудың қажеттігін мұғалім оқушыға баса көрсетіп, арнайы ескеріп отырса, бұл материалдың аса қажет екендігін сезініп, оны берік меңгеруге тырысады. Оқылған материалды тыңғылықты игеруге оқушының ынтасын аударудың маңызы зор. Бұл үшін мұғалімнің түсіндіру мен баяндау тәсілдері шешуші орын алады. Неғұрлым оқушы ойына әсер ете түскен сайын, ол материал соғырлұм берік есте сақталады. Мұғалім түсіндірген материалдың мазмұны болуымен бірге, оның баяндау шеберлігі, сөздің жаттықтығы, көрнекілікті тиімді пайдалану, көркем сипаттама беру , айқын салыстырулар, тартымды фразалар келтіру сияқты оқушыны қалай да үйіріп аларлық жәйіттерді ойластыруы тиіс.

Оқушы материалды саналы түрде игеріп, есінде берік сқтауға төселуі қажет. Онсыз олар құрғақ жаттауға әуес келеді. Білімді берік меңгертуде материалды дұрыс жүйелеу шешуші орын алады. Түсіндірілетін материалдан басқа басы артық еш нәрсе болмай бәрі де өз орнында тұруы тиіс. Өткен материал мен жаңа материал арасындағы сабақтастық, ішкі байланыс жүйесі сақтлып отыруы керек. сондай-ақ, оқу материалы оқушының жасы, білім дәрежесіне лайық мөлшерлей білуі де шешуші орын алады.

Білімнің беріктік принципін жүзеге асыруда жаттығу жүргізу де маңызды фактор болып табылады. Жаттығу тек білімді ғана бекітіп қоймай, сонымен бірге балада икемділік пен дағды қалыптасуына, білімді практикада қолдануына көмектеседі.

Шамаға лайықтау принципі. Оқыту жұмысы шамаға лайықталуы керек, онсыз оқыту да, табыс та, саналық та, белсенділік те, тәрбиелік те сипат болмайды. Оқушының табиғаты, даму ерекшелігі, жеке басының қасиеті ескеріліп отырылуы тиіс. Материалдың шамаға лайықтанбауы оны түсінбеуге әкеп соғады. Шамаға лайықтауда мына жағдайлар ескеріледі: а) оқушылардың жас ерекшеліктері, ә) білім дәрежесі, б) бағдарлама аумағы.

Жоғарыда көрсетілгеннен басқа мұғалім шеберлігіне, оқытуды шамаға лайықтап құру ережесін дұрыс жүзеге асыруына байланысты. Ондай ережелер мыналар: а) белгіліден белгісізге қарай оқыту, ә) оңайдан қиынға қарай оқыту, б) жақыннан алысқа қарай оқыту.

Бақылау сұрақтары:

1. Сөздік принцин дегеніміз не?

2. Сөздік принциптерінің жүргізілу жолдары.

3. Сөздік жқмысы дегеніміз не?