Лекция №37.

Пәні: Тіл дамыту әдістемесі және мәнерлеп оқу практикумы.

Тақырыбы: Мектепке дейінгі ұйымдарда тіл дамыту жұмысына әдістемелік басшылық.

Сабақты өтудің түрі: Интерактивті.

Жоспар:

1.Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде тіл дамыту жұмысын басқа           пәндермен сабақтастыра жүргізу.

2. Тіл дамыту сабақтарында қолданылатын дидактикалық ойындар.

3. Балабақшадағы тәрбие жұмысының бағдарламасы бойынша тіл  дамыту сабақтарын жоспарлау.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Баймұратова Б.Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту. А.,1976

2. Федоренко Л.П., Фомичева Г.А., Лотарев В.К. Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту методикасы. А., Мектеп. 1981

3. Жарықбаев Қ.Б. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту жайында. Қазақ мектебі. 1967., №2 83-84 бет.

 

                                             Мазмұны:

Мектеп жасына дейінгі баланың дүниетанымын, ой өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байыту, адамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Мектеп жасына дейінгі сәбилердің әдеби шығармаларды оқи алмайды. Олар әдеби шығармаларды тәрбиешінің мәнерлеп оқып беруі бойынша ғана сөз сырын санасына ұялатады.

Ертегі, шағын әңгіме, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты балаларға лайықты көркем сөзді өлеңдерді оқып беру арқылы және ежелден-ақ, тәрбие ісінде зор көмекші екені белгілі. Балабақшада тәрбиеленбеген, әлі мектеп жасына жетпеген кішкентай сәбилерге өз әже-аталары мен әке-шешелерінен естіген халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан естіп өседі. Мұндай шығармаларды сәбилер қызыға тыңдайды, жылдам жаттап алады. Мысалы: «Торғай», «Бақа-бақа балпақ», «Қарғалар» «Санамақ» т.б. сияқты халық өлеңдері ойнақы тілімен, қайталама сөзімен, музыкалық үнімен бөбектерді баурап, сөз өрнегіне баулиды.

Сол себепті де «Балабақшада оқыту және тәрбиелеу программасында» 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға әдеби шығармалардың оқу, тіл дамыту жұмысы үшін арнайы бөлім, 2-ден 3жасқа, 3-тен 4 жасқа дейінгі балаларға халық ауыз әдебиеті үлгілерінен «Бесік жыры» сияқты ойнақы өлеңдер, санамақтар  арқылы тілін дамыту жолдары қарастырылған.

Көркем шығармаларды тыңдауға бала сәби кезінен-ақ құмартып, қызығады. Қысқа ертегі, өлең оқып берсе, тез жаттап алады. Жаттау арқылы оның тілі жетіледі. Әдеби кейіпкерлердің жақсы ісіне сүйсінеді, жаманнан жиренеді - бойын қорқыныш билейді. Сәбилерде жақсы және жаман іс-әрекет жөнінде түсінік пайда болады. Сөйлеу тілі жетіле түседі. Ал тілінің дамуы-баланың бойында қабылдай-ести білу сияқты психологиялық процестердің бірте-бірте қалыптасуына негіз болады.                                                          

Мектеп жасына дейінгі балаларға оқып беретін шығармалар, негізінен үш салаға бөлінеді:

1) ауыз әдебиет нұсқалары,

2) классик жазушылардың шығармалары, 

3) қазіргі кезеңдегі жазушылар шығармалары.

Балабақшаларда әдеби шығармаларды оқу мен сабақты жоспарлауда мына жағдайлар мұқият ескеріледі:

1. Әрбір  шығарманы оқып берерде баланың жас ерекшелігі ескерілуі шарт. Шығарманың лайықтысын ғана алу керек.  Мысалы: сәбилер (3-4 жасар балалар) алғаш рет балабақшаға келді делік. Оларды көпшілігі әлі дұрыс сөйлей алмайды, балабақшада болатын жайттармен әлі таныс емес. Сондықтан алғашқы үш-төрт айда тәрбие жұмысының бәрі, оның ішінде әдеби шығарманы оқып, тыңдату, көбіне ойын түрінде өтіледі. Ол үшін ойынға негіз боларлық,  суретті шығармалар керек.

2. Ана  тіліне арналған жоспар 14-15 күнге лайықтанады. Жоспарда қандай шығарма оқылуы керек, оған байланысты бақылау жұмысы, суреттер, ойындар нақты көрсетіледі. Әрбір ойынның мақсаты мақсаты белгіленеді.

3. Оқылатын  шығарма тәрбие жұмысының әр саласын қамтитын болсын. Мысалы: жануарлар, жыл мезгілдері, еңбек, мерекелер туралы тазалыққа, ұқыптылыққа, әдептілікке баулитын шығармалар.

4. Сәбилер  тобында ( 3-4) жас тәрбиеші шығарманы мәнерлеп жатқа айтып беруі керек. Бұл тұста тәрбиеші балаларды түгел бақылап отыратын болады. Тәрбиешінің шығарманы жатқа айтып беруі балаларға қызықты болады, оларды жалықтырмайды.

5. Көркем шығарманы оқығанда шығарманың мазмұнына лайықты суреттерді пайдаланған жөн. Өйткені бұл жастағы балалар өз бетімен оқи алмайды. Ал шығарманың мазмұнын сурет арқылы жылдам түсінеді.  Сабақ барысында қысқа әңгіме, ертегі мазмұнын бір балаға, көлемді шығармалардың мазмұнын бірнеше балаға айтқызуға болады. Егер әр алуан жастағы балалар аралас болса, алдымен ересек, естияр балалар әңгімелеп айтады, сәбилер тыңдап отырады.

Әдеби шығарманы оқып, тыңдату (ересек топта), әңгімелеп беру, әңгімелету, жаттату сияқты сабақ түрлері экскурсия, бақылау, санау, музыка, бейнелеу өнері сабақтарымен байланыстырыла жүргізіледі. Мысалы сәбилер тобында  «Қияр мен капуста» деген шағын ертегіні қыркүйек айында оқыған дұрыс деп есептеймін. Өйткені бұл ай – кейбір дақылдар мен жеміс–көкөністерді жинау маусымы. Бұл жөнінде балада мағлұмат бар. Сондықтан тәрбиеші аталған шығарманы әңгімелеп береді де, қандай көкөністі, жемістерді білетінін сұрайды. Ертегіде қандай көкөністер туралы айтылған? Қиярдың қабығы неліктен жұқарды? Қияр мен капуста қандай еді? деген сұрақтардың көмегімен әңгіме мазмұнын түсіндіруге болады.

Егер балалар жазғы табиғат тамашаларын: жемістерді, бау-бақшаны бақыласа, Н.Әлімқұловтың «Жаздыгүні»  деп аталатын өлеңін оқып беруге болады.

Балабақшадағы оқу-тәрбие жұмыстарына арнайы талдау жасаған зерттеуші Б.Баймұратова «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту әдістемесі» еңбегінде кейбір балабақшада бағдарламаға сай сабақтардың өтілмейтіндігін, кейбір тәрбиешілердің бір ай бойына кез-келген әдеби шығарманы үстірт оқумен, тіпті күнде кино көрсетумен шектелетінін, әрине мұндайда баланың тілі жетілмейтіні, өміртанымы, жалпы білімі бағдарлама белгілеген мөлшерден әлдеқайда төмен болатынын айтып өткен.

Ендеше баланы мектепке даярлау мәселесінде әдеби шығармалармен таныстыру ерекше орынға ие екенін ескеру қажет-ақ.

Мектеп жасына дейінгі мекемелерде балаларды өздігінен оқи алмайтыны анық. Сондықтан текст оқуға , әңгемелеп айтуға үйрету, көркем сөздермен таныстыру жұмысы бағдарлама талабына сай тақырыптық принциптерге негізделеді. Ол принциптер – айналадағы дүниемен, қоғам өмірімен, табиғатпен таныстыру, дүние танымын, ой-өрісін жетілдіру, зейінін, қабылдауын бағдарлай білу, қабілеттерін дамыту болып табылады.

Шығарма оқу, тіл дамыту жұмысында сәбилер (2-3 жасар) тобында тыңдау қабілетін дамыту, шағын өлеңді жатқа айтуға, ауызша әңгімелеп берген ертегі, әңгімені талдауға, суретке, қойылған сұраққа сүйене отырып, әңгімелеп беруге үйрету көзделеді. Ал естияр мен ересектер (4-6 жасар) шығарманы тыңдай отырып, оның (әңгіме, ертегі) мазмұнын жүйелі әңгімелей білуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін түсініп, өзінше талдап, ойын қорытындылай білуге, кейбір үзінділерді жатқа айтуға, мазмұнға сай әңгіме құруға, бейнелі сөздерді дәл тауып айтуға, өздігінен салыстыра сипаттай білуге үйренуге тиісті.

            Бұл туралы ұлағатты педагог К. Д.Ушинский заттық ұғымдарды баланың есіне түсіріп, сөз арқылы елестету, тілдік  формаларды игеріп, ұдайы жетілдіріп отырудың пайдалы екенін айтады. Мысалы, ересек балалар тобында күз туралы өлеңді оқығанда:                                                                                                                                                      Бұта басы боз қырау,                  

                                   Бұлттан мұздай жас тамды,-

        деген сөз тіркестерін қалай түсінетінін сұрап,

 немесе:

Күн мұңайып тұр бүгін,

***

Дала жатыр тыныстап,

«Сәл демалып алам» деп, -

Деген эпитеттері бар өлеңдегі «Бұлттан мұздай жас тамды» деген өлең жолына көңіл аудартады. Бұлттан  не тамғанын, ақын оны неге жасқа теңегенін түсіндіреді.

Сәбилер тобында айына үш рет көркем шығармалар оқу және әңгімелеп беру, әңгімелесу жұмысы,  ал айына бір рет жаттату жұмысы жоспарланады. Топтарда ұсынылған шығармалар ойын, драмалау түрінде өтіледі.  Әсіресе ауыз әдебиеті нұсқаларынан «Санамақ», «Торғай», «Лақ пен қасқыр», «Қаз-қаз бас» сияқты шығармаларды тәрбиеші балаларды ойнатады.

Мектеп жасына дейінгі кезеңде баланың дүние танымын, ой-өрісін кеңейтіп, сөйлеу тілінің лексикалық қорын жетілдіру, эстетикалық талғамын оятып, аадамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше.

Мектепке дейінгі сәбилердің әдеби шығармаларды өз бетінше оқуға қабілетті еместігі мәлім. Олар әдеби мұраларды шебер педагогтың шынайы өнері, тілінің мәнері арқылы тыңдап, сөз сырын санасына ұялатады, лексикасын қорландырып, керегін іріктеп алуға жаттығады.

 Ертегі, шағын әңгіме, өлең-әндер, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты балаларға лайықты көркем сөз жанрларының ежелден-ақ тәрбие ісіне тиек болғаны белгілі.

Көркем әдебиет шығармалары балалар алдына адамға тән сезімдер дүниесін ашып, жеке адамға, кейіпкердің жан дүниесіне қызығушылық тудырады.

Көркем шығарма кейіпкерлерімен бірге қуану-қайғыруды үйрене отырып, балалар өзінің төңірегіндегілердің, жақын адамдрының көңіл кұйін байқай бастайды. Оларды адамгершілік сезім  қайрымдылық қасиет, әділетсіздікке қарсы тұру қабілеті ояна бастайды. Бұл –принципшілдік, адалдық, нағыз азаматтық қасиеттердің қалыптасу негізі. «Сезім – білімге жол ашушы, шындықты сезбеген адам оны түсінбейді және оны тани білмейді де», - деген болатын В.Г. Беленский.

Баланың сезімі тәрбиеші таныстырған шығарманың тілін түсініп, оны ұғу процесінде дамиды. Көркем шығарма сөзі балаға ана тілінің әдемілігін түсінуге көмектеседі.

Баланың көркем әдебиетпен таныстығы халық творчествосының ең кішкене түрлері – тақпақ, өлең, халық ертегілерінен басталады. Асқан адамгершілік, барынша дәл рухани бағыттылық, өткір мысқыл, тілінің көркемдігі шағын көлемдегі фольклорлық шығармалардың ерекшеліктері. Бұдан кейін сәбиге авторы  бар ертегілер, өлеңдер, әңгімелер оқылады.

Балаларды сөйлеу тіліне үйретуде ең үздік тәрбиеші – халық. Халық шығарма тіліндегі басқа шығармалардың ешқайсысында кездеспейтін, естілуі жөнінен бір-біріне ұқсас, ажырататынын айтуға қиын сөздердің тамаша орналастырылуының өзі балалар ұғымына өте  жеңіл тиеді. Сондай ақ жеңіл қалжаңды тақпақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтар – педагогикалық әсер берудің ең тиімді құралы, жалқаулық, қорқақтық, эгоистік сияқты жағымсыз қылықтарға қарсы жақсы дәру.

Ертегілер дүниесіне сапар шегу балалардың қиялдау, елестету, тіпті өздері ойдан шығару қабілетін дамытады. Әдебиеттің, ең озық  үлгілерінен адамгершілік рухында тәрбие алған балалар өздері шығарған ертегілер мен әңгімелерді де өздерің әділетті көрсетіп әлсіздер мен жәбірленгендерді қорғап, жауыздарды жазалауға тырысады.

Эстетикалық, әсіресе адамгершілік (этикалық) жанындағы  түсінікті балалар тәрбиешілердің оқылған шығармалар бойынша айтқан ақыл-ой пікірлерінеен емес, нақ осы көркем шығарманың өзінен алуға тиіс. Педагог оқылған шығармалардан орынды – орынсыз моральдандыра беру үлкен, көбіне түзетуге келмейтін зиян келтіретінін есіне сақтауы тиіс. Көптеген сұрақтар қоюмен «бөлшектеніп» кеткен шығарма балалардың көз алдында барлық әсемдігін жояды, оған ынта кемиді. Көркем текстің тәрбиелік мәніне толық сеніммен қарау керек.

Сөздің әрменділігі туралы К.Д. Ушинский былай деп жазған болатын: «Бала ана тілін үйрене отырып, шартты дыбыстарды ғана үйреніп отырып, шартты дыбыстарды ғана үйреніп қоймайды, сонымен қатар ана тілінің қайнар бұлағынан рухани тіршілікпен күш алады. Ана тілі оған табиғатты түсіндіреді, ал мұндай дәрежеде бірде-бір жаратылыс зерттеуші түсіндіре алмас еді; ана тілі баланың төңірегіндегі адамдардың мінез-құлқымен, өзге өмір сүріп отырған қоғаммен, оның тарихымен және алға ұмтылыстарымен таныстырады, ал мұндай дәрежеде бірде-бір тарихшы таныстыра алмаған болар еді, ана тілі оны халықтың сенімдері мен халық позиясына жетелейді, ал мұндай дәрежеде бірде-бір эстетик істей алмас еді ақырында, ол бірде-бір философ балаға айтып жеткізе алмайтын логикалық түсініктер мен философиялық көзқарастарды бере алады». Ұлы педагогтың, бұл айтқан сөзінде ана тілін үйренуден шығатын нәтиже ғана еме, оны оқып үйренудің әдістері де көрсетілген бұл «көп нәрсеге үйретіп қана қоймай, сонымен бірге, соны аса жеңіл әлде қандай әдіс арқылы оп-оңай үйрететін» «тіл ұстазға деген сенім».

Сонымен, берілген көркем шығарманың тілін меңгеруге көмектесе отырып, тәрбиеші балаларға тәрбие беру міндетін де орындайды.

«Балалар бақшасындағы тәрбие прогрммасы» балаларды көркем шығармалармен таныстыруда арнайы сабақтар жүргізумен де, сабақтан тыс уақыттарда да (ойнап жүргенде, сахналық ойын көрсету уақытысында, кітаптар бұрышында т.с.с.) жүргізуді ұсынады. Арнайы сабақтарды тәрбиеші балаларға оқып немесе әңгімелеп бере алады. Оған кітаптан оқып беруге де, жатқа айтуға да болады.

Мұндай сабақтар өткізудегі міндеттердің бірі – балаларды дауыстап оқушыдан немесе әңгіме айтушыны тыңдай білуге үйрету. Басқаның сөзін тыңдап үйренгенде ғана балаларда оның мазмұны мен формасын есте сақтау қабілеті жетіледі, әдеби тілдің нормаларын үйренеді.

Өте кішкентайлар мен кішірек жастағы балаларға тәрбиеші негізінен жатқа (тақпақтарды, қысқа өлеңдерді, әңгімелерді, ертегілерді) айтады, ал орта және прозалық ертегі, әңгіме, повестерді кітаптан оқып береді.

Тек прозалыық шығармалар – ертегі, әңгіме, повестер ғана әңгімеленеді.

Балаларға арналған көркем шығармаларды жаттап алу, оны мәнелеп оқи білу – тәрбиешінің сол мамандықты жетек меңгергендігінің басты белгісі.

Балаларды көркем шығармамен таныстыру сабақтарын олардың жас айырмашылықтарына байланысты жүргізуді тәрбиешілер әр түрлі ұйымдастырады:

Өте кішкене балалардың әрқайсысымен жеке – жеке немесе – адамнан тұратын топтарға бөліп өткізеді;

Кішірек жастағылар тобынан оқығанды немесе әңгімелегенді тыңдй білу үшін екіге бөліп өткізеді;

Орта және ересек топтағы балалармен сабақ бір мезгілде әдеттегі орында өткізіледі.

Оқу үстінде керек болатын көрнекі құралдарды: ойыншықтарды, картинаны, портретті балаларға үлестіріп беретін суретті кітапшаларды және тағы басқаларды тәрбиеші сабақ басталмас бұрын әзірлеп қояды.

Оқып беру немесе әңгімелеп беру – үйрету сипатында болу үшін, кішкене жастағы балаларды сөйлеуге машықтандырған кезде қолданылатын ережелерді толық сақтап отыру қажет, яғни балалар тәрбиешінің даусын естумен бірге оның жүзін, бет қимылын, артикуляциясын көріп отыруға тиіс. Тәрбиеші кітаптан оқып тұрған кезе кітап текстіне ғана емес, сонымен бірге әлсін-әлсін балалардың бетіне қарап,  олармен көз ұштастырып отыруға, сөйтіп, оқып отырған шығарма оларды қандай әсер тигізіп тұрғанын бақылап отыруға үйретуі тиіс. Кітапты оқып тұрған кездің өзінде балаларға қарай білуге дағдылану үшін, тәрбиеші табанды түрде жаттығуы керек, бірақ нағыз тәжірибелі оқытушы да жаңа шығарманы әзірліксіз бірден дұрыс оқып кете алмайды, ол үшін күні бұрын дауыстап оқып, жаттығып алу керек [12, 8 б].       

Бір сабақта бір жаңа шығармамен бірге балалар бұрын естіген бір-екі шығарма қоса оқылады. Балалар бақшасында шығарманы бірнеше рет қайталап оқу міндетті. Балалар өздері білетін әңгімелерді, ертегілерді, өлеңдерді қайталап тыңдауды ұнатады. Эмоциялық толқыныстарды қайталау балалардың қабылдауын кемітпейді, керісінше, шығарма тілін мейлінше жақсы меңгеруіне себепші болады, яғни кейіпкерлердің қылығын, оқйғаларды тереңірек ұғынуға көмектеседі. Балалардың өте кішкене күйінен бастап-ақ өзіне ұнамды кейіпкерлері, жақсы көретін шығармалары бола бастайды, сондықтан да шығарма қайталап оқылған сайын, сол кейіпкерлермен қайта кездесу оларды өте қуантады.

Кішірек жастағы балаларға бірнеше рет оқылатын шығарма көлемі «Балалар бақшасындағы тәрбие програмасындағы» сол жастағы топтың сабағына берілетін уақытқа лайықты таңдалып алынады.  2 немесе 3 сабақ бойы өтілетін көлемді шығармалар тек ересек және мектепке дайындайтын топтағылар өтіледі.

Тіл дамыту сабақтарында қолданылатын дидактикалық ойындар

Ойынның тақырыбы. «Қажетті суретті тап».

Ойынның мақсаты. Логикалық ойлауға үйрету күн режиміне қажет іс-әрекетті есіне түсіру. Қай кезде не істелетіні жөнінде сөйлем құрап айтуға үйрету. Түрлі жаттығу жұмыстарын өздігінен орындауға жаттықтыру.

Ойынға қажетті заттар. Үлкен және кішкене суреттер немесе қуыршаққа арналған ыдыстар, пластелиннен, балшықтан жасалған тоқаш, конфет, нан, бауырсақ, ет, колбаса т.б.

Бақылау сұрақтары:

1. Тіл дамыту әдістемесі дегеніміз не?

2. Балалардың тілін дамыту үшін жүргізілетін әдістеме?

3. Оқу әрекетінің белгілі құрылымы?

4. Тіл туралы ғылымның өзіндік нысандары?

 

Лекция №38.

Пәні: Тіл дамыту әдістемесі және мәнерлеп оқу практикумы.

Тақырыбы: Балалардың тілін дамытудағы балабақша меңгерушісінің, тәрбиешісінің басшылығы.

Сабақты өтудің түрі: Пікірталас.

Жоспар:

1.      Тіл дамыту жұмыстарынның алатын орны.

2.      Тіл дамыту жұмысының жүргізілу жолдары.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Баймұратова Б.Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту. А.,1976

2. Федоренко Л.П., Фомичева Г.А., Лотарев В.К. Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту методикасы. А., Мектеп. 1981

3. Жарықбаев Қ.Б. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту жайында. Қазақ мектебі. 1967., №2 83-84 бет.

                                                      Мазмұны:

            Қазіргі балабақша бағдарламасында тіл дамыту деп аталатын жұмысқа ерекше назар аударылып отыр. Бұл жұмыста, өмір талабынан, өмір, тұрмыс қалауынан туындаған мәселе. Қоғамның, оның мүшелерінің жалпы мәдениеті көтерілген сайын өмірдің сан-саласында қолданылатын тілдің мәдениеті де көтеріліп, сөйлейтін я жазатын ойды әрі айқын, әрі жатық, әрі мәнерлі етіп құрауды қалайды. Бұл үшін оқушының тілін ауызша да, жазбаша да дамыту қажет.

Ана тілін дамытудың ғылыми дәрежесін көтеру мәселелерінің бір жағы қазақ тіл біліміне, екінші жағы педагогика мен жеке әдістемеге байланысты. Қазіргі тіл ғылымы ана тілін мектепте оқытуға міндетті мәселенің ғылыми жағынан айқындап, тұжырымдап береді. Дегенмен, оқушылардың практикалық өмірінде сөйлеу, жазба тілдерінде ол қылықтар көп кездеседі. Қазіргі кезде бастауыш сынып оқушыларына қарағанда, жоғары сынып оқушыларының да тіл байлығы тапшы. Өз ойын дәл жеткізіп бере алмайды, жазбаша сауаты нашар, тіл тазалығы мен тіл мәдениетіне қатынасы талапқа сай емес. Сондықтан “баланы бастан” деп халқымыз айтқандай, баланың мектепке келген алғашқы күнінен бастап, тіпті отбасында тіл тазалығына, сөйлей білуге, ойды жинақтап айта білуге дағдыландыруымыз керек.

                        Баланың ауызекі сөйлеу тілін дамыту әрқашан әдістеме тарихында қаралып отырды. Оның маңызы, қажеттілігі айқындалды. Бірақ ауызекі сөйлеу тілін дамыту арнайы зерттелмеді. Әсіресе, ауызекі сөйлеу икемділіктерін дамытудың негізгі атаулары мен категориялары, жұмыс салалары, оқытудың мазмұны, көлемі, әдістемесі нақтыланбады. Сондықтан зерттеу жұмысының мақсаты оқушылардың ауызекі сөйлеу икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыру барысындағы әдістемелік әдебиеттерді талдап, ғылыми негіздерін белгілей білді. Сондай-ақ ауызша сөйлеу әрекетін дамыту әдістемесін жасау болып табылды.

Бұл еңбектің міндеттері:

-ауызекі сөйлеу тілін дамытыудың ғылыми-теориялық негіздерін анықтау;

1.    тілді игеру жұмысының мазмұнын, көлемін және оның жүйесін  қатысымдық әрекет негізінде белгілеу;

сөйлеу тілін дамытудың әдістемесін жасау.

Бұл құрамда мынадай ғылыми-зерттеу әдістері пайдаланылады:

2.    ауызекі сөйлеуді дамытудың мәнін, мазмұнын, көлемін анықтауға байланысты философиялық, психологиялық, лингвистикалық және әдістемелік  әдебиеттерді талдау;

3.    оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдысын анықтауда  қазіргі қолданылып жүрген оқу құралдары мен мұғалімдер тәжірбиесін зерттеу

4.    зерттеу жұмысы барысында, бақылау, әңгіме, оқушылардың ауызша жауаптары  мен жазбаша жұмыстарын талдау пайдаланылады;

5.    анкеталық және статистикалық әдістер қолдалынады.

            Сөйлеу  әрекетінің икемділіктері мен дағдылары және тілдік қарым-қатынастың түрлері.

     “Сөйлеу әрекеті”- (“речевая деятельность”)  әртүрлі ғылым өкілдерін қызықтырған күрделі мәселе. Көптеген ғалымдар  зерттеу нысандарына қарай оның ерекшеліктерін әр қырынан қарастырған. Мәселен, лингвист-ғалымдар сөйлеу әрекетімен тілдің ара қатысын сөз етсе, психолог сөйлеу әрекетінің жалпы ми арқылы өту үрдісін, жүру бағытын зерттейді. Физиолог оның жұмыс істеу механизмдерін, құралдарын, қызметін тексереді. Психолингвист сөйлеу әрекеті іске асу үшін жұмсалатын тілдік тұлғалардың санамен байланысын, сөйлеу мүшелерінің ойға қатысты қимыл-қозғалысын дәлелдейді.

                        Әдіскер болса, ал осы салалардың барлық заңдылықтарын ескере отырып, сөйлеуге үйретудің тиімді үлгілерін табуды және ұйымдастыруды жалпы сөйлеу әрекетін жүзеге асыруды көздейді. Бұл саладағы ғалымдар кімді оқытатынын; оларды неге үйрету керектігін; не үшін, не мақсатпен және қалай оқыту қажеттігін қарастырады. Тілші-әдіскерлердің ең бірінші мақсаты сапалы оқытудың жолдарын табу, яғни қалай оқытсақ, ісіміз жақсы нәтиже береді-деген сауалға жауап іздеу. Соны практикалық жағынан дәлелдеп, теориялық тұрғыдан жүйелеп көрсету.

            Адамның сөйлеу әрекетін көптеген авторлар белгілі бір хабарды, ойды, ақпаратты баяндау, яғни екінші біреуге жеткізу деп түсіндіреді. Немесе тілдік қарым-қатынас дегеніміз адамдардың бір-бірімен тіл арқылы белгілі бір ақпаратпен алмасуы деген пікірді айтады. Рас, адамзат тілінің ең басты қызметінің өзі ойды, хабарды жеткізу.

                        Сөйлеу кезінде адам  қалай болса солай айта салмайды, ал ең алдымен ойлауды басынан өткереді, сырттағы нысанды шындық санаға, ойға әсер етіп, пайымдау туғызады. Сол адам миының ойлау үрдісі арқасында нені айту керек, не туралы сөйлеу қажеттігі жөнінде нақтылы сөз жасалады.

            Сонымен бірге Оразбаева: “Адам не туралы сөйлейтінін, тіл арқылы нені жеткізетіндігін білгенмен, тілді сол сияқты сөйлеуді өзіне бағындыра алмайды, яғни сөйлеу әрекеті, адамның  сөйлеу  тілі өзіне тәуелді емес, ол-табиғат берген, жаратылыстан  туған күрделі процесс. Адам сөйлеуді жетілдіреді, дамытады, оның заңдылықтарын қарастырады, бірақ сөйлеу тілін өзі жасай алмайды. Осыдан сөйлеудің тілдік қоғамдық-әлеуметтік сипатымен аңғарылады,”-деп көрсетеді.

            Адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас деген ұғымды білдіру арқылы бұл сөздің мағынасы әлдеқайда кеңейді. Сонымен  қатар “коммуникация”, “коммуникативтік” термині соңғы жылдары лингвистикада ғана емес, одан басқа да барлық  ғылым салаларында кеңінен қолданылып келеді. Бұл сөздің тілге, сөйлеуге қатысты алғашқы мағынасы “қарым-қатынас”, тіл арқылы түсінісу, пікірлесу дегенге саятын болса, кейінгі кезеңдерде бұл ұғым одан әлдеқайда тереңдей түсті. Мәселен, тілдік коммуникация-тіл арқылы сөйлеу, ұғынысу дегенді білдірсе, қоғамдық коммуникация-қоғамдық байланыс қоғамдағы қарым-қатынас дегенді аңғартады, ал саяси коммуникация-саяси өмірдегі байланыс саясатқа қатысты қарым-қатынас дегенді байқатады.

            “Коммуникативтік” термині жай  тілдік қарым-қатынас ғана емес, одан да гөрі терең мәні бар қоғамдық-әлеуметтік тілдік қатынас деген ұғымды білдіреді. Қоғамнан тыс адам болмайтыны  сияқты, адамнан тыс тіл де болмайды. Бірақ ол тіл-жеке адамның тілі емес, белгілі бір қоғамда өмір сүруші  адамдардың дара түсінісу, сөйлесу құралы. Сондықтан тіл әрі қоғамдық, әрі коммуникативтік қасиетке ие болады.

            Қорыта келгенде “коммуникация” сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарлау, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу үрдісін тілдесу ерекшеліктерін, тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасында қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті  көрсетеді.

                        Сонымен “коммуникация”-қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді,  ал біз бұл терминнің баламасы негізінде “қатысым” деп қолдандық.

            Қарым-қатынастың түрлері көп. Тілдік қатынас-тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы  адамдардың  бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық,  ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу, яғни адамзаттың    тіл арқылы қатынасқа түсуі тілдік қатынас дегенді білдіреді.                                                                                              

            Тілдік қатынас-сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсіну дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі, ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының негізі дегенді білдіреді.

            Өмірде адамдар тек қана сөйлесу арқылы ғана бір-бірімен сөйлеспейді, кейде әртүрлі жағдайларға байланысты олар бір-бірін тілсіз-ақ ұғып, соған қарай іс-әрекет жасайды. Мәселен, көшеде келе жатқанда, адамдар түрлі жарық көздеріне, естілген дыбыстарға назар аударып, соған өздерінше жауап қатады, соған сай әрекет жасайды. Сол сияқты жол белгілерінің әртүрлі үлгілері немесе таңбалары адамға белгілі бір жайдан хабар береді де, адам оны қабылдап, түсінісіп, осыған байланысты қозғалады.

            Кейде адамдар белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады. Бұл да-адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Осыдан басқа да адамдардың бірін-бірі түсінудің көптеген жолдары бар.

            Мұндай семантикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары мен жалпы бет-әлпеттің өзгеруі арқылы ұғынысу сияқты белгілер кездеседі. Тіптен дене мүшелерінің (қолдың, аяқтың, иықтың т.б.) әртүрлі қимыл-әрекеттерінің өзімен бір мән беруге болады.

            Қарым-қатынастың жоғарыда айтылған үлгілерінің барлығы өмірден, қоғамнан тыс бола алмайды. Мұндай қарым-қатынастар адам үшін қызмет етеді, адамдардың дара түсінігіне жол ашады. Сондықтан олар да адамдардың қарым-қатынасына, байланысына жатады. Өмірдегі мұндай ұғынысу, түсінісу тілсіз қарым-қатынас деп аталады.

            Тілсіз қарым-қатынаста түсінудің бәрі тілдік тұлғалардың (сөз, сөйлем т.б.) қатысынсыз жүреді. Мұнда тіл қатынас құрал ретінде қызмет атқармайды. Дегенмен, тілсіз қатынас пен оның түрлері қоғамда да, өмірде де белгілі орын алады. Бұлар адамдардың қарым-қатынасына қызмет ете келіп, түсінісудің  қарапайым жолы болып табылады. Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі-тілдік қатынас, екіншісі-тілсіз қатынас.

            Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді.

            Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін.

            Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынаста адамдардың дара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін, бәрі бір адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатынасты іс-әрекет жасауына мүмкін болады.

            Олай болса, оқушылардың тілін дамыту үшін осы ауызша, жазбаша сөйлеу әрекетінің ерекшеліктерін игертіп, қатысым негізінде жаттықтыру қажет. Ол үшін қатысымдағы сөйлеу икемділіктері мен дағдыларының ғылыми-теориялық негіздерін анықтап алудың қажеттілігі туындайды.

            Қазақ тілі-оқушының өмірлік қажетінің өтейтін қатынас құралы. Сондықтан мектептерде ана тілін арнаулы әрі негізгі пән ретінде оқытуға ерекше мән беріледі.

Бақылау сұрақтары:

1. Табиғи сөйлеу ортасы дегеніміз не?

2. Тіл дамуының сөйлеу ортасын ұйымдастыру шарттарына бағыныштылығы қандай?

3.      Жасанды сөйлеу ортасы деп нені айтады?