1- лекция

Тақырыбы: Балалар әдебиеті – халық ауыз әдебиетінің балаларға арналған жанрлық түрлерін қамтыған пән.

                  Жоспар: 1.Балалар әдебиетінің даму кезеңдері.

          2.Балалар әдебиетінің білімділік, тәрбиелік маңызы    

Пайдаланған әдебиеттер:

                         1. Ахметов 3.. Өлең теориясы. A. 1973.

 2. Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. 1, 2-кітап Дауылпаз жылдар: Өлеңдер поэмалар. Құрастырған-Сәрсенбі Дәуітов. - Алматы., Жалын, 1987.

                         3. Ахметов Ш. Балалар әдебиетңңң хрестоматиясы . - Алматы.,

       1.Балалар әдебиетінің даму кезеңдері.

       Балалар әдебиеті — ұлы әдебиетінің өскелең бір бұтағы. Ол әдебиеттің бір саласы ретінде өркендеп, дамып келеді. Оның да өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиеттік мұралармен бірге дамып келсе, соңынан өз алдына дараланып, өз ерекшеліктерімен таныла бастады. Балалардың жастық, білімділік ерекшеліктері еске алынды. Олардың психологиялық өсу процестері ескерілді. Балалар әдебиеті совет системасында балаларға тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды.

Қазақ балалар әдебиеті жылдан жылға сан жағынан да, идеялық сапасы жағынан да есіп келеді. Мұның ірі қоғамдық мәні бар. Өйткені, балалар әдебиеті — жас ұрпақтарға коммунистік тәрбие берудің қуатты құралы. Ол жастарды советтік патриотизм рухында тәрбиелейді. Озат идеялармен қаруландырады. Оларды қандай қиыншылықтарды болса да жеңуге ұмтылдырып, жігер – қайратын арттырады, Сондықтан да Коммунистік партия мен Совет Үкіметі жас ұрпақтың жақсы тәрбиеленіп, коммунистік қоғамның лайықты құрылысшысы болып өсуі үшін көптеген шараларды жүзеге асырып келеді. Осындай ұлы қамқорлықтың бейнесі XX съезінің тарихи қарарларынан тағы да айқын көрініп отыр.

«Балаларға, оларды тәрбиелеуге камқорлық жасay — бүкілхалықтық іс» — деген болатын Н. С, Хрущев.

2.Балалар әдебиетінің білімділік, тәрбиелік маңызы.

Осы идеяларды іске асыру үшін балалар әдебиетінің ұстаған жаңа методы — ол социалистік реализм методы болды. «Совет балалар әдебиеті әдебиет пен халық творчествосы жөнінде біздің ұлы халқымыздың жасаған ең жақсы, озат істеріміздің бәрін бойына сіңіре отырып, социалистік шындығымыздың негізінде жасалды және жетіле түсті»1.

Шынында да ұлы Октябрь революциясына дейінгі ұлы халкымыздың жасаған әдеби мұраларына зер салсақ, балаларды тәрбиелеу, өсіру, оларға ақыл сөздер айту, алдарына неше алуан тілек, мақсаттар қою жайында айтылған халық даналығы ұшан теңіз. Бірак, Ұлы Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетіндегі мол мұра осы күнге дейін ғылми зерттеу тұрғысынан алынбаған, мүлде қалам тимеген, жинақталып реттелмеген, бір жүйеге түспеген, сондықтан да кезек күтіп тұрған күрделі де елеулі мәселелерінің бірі болып табылады.

Біздің бірқатар ғалымдарымыз бен әдебиет зерттеушілеріміз қазақта А. Гайдар сияқты балалар әдебиетінің ұлы тұлғалы дербес өкілдері болмаған соң, балалар әдебиеті жоқ деп те келді. Ол жалпы әдебиеттік мұрадан дараланып бөлінбеген, сонымен бірге жасасып келе жатқан жалпы мұра деп соғушылар да бар. Мұның бәрі де балалар әдебиетінің жалпы структурасына жете түсінбегендіктен жеңіл – желпі айтыла салған пікірлер. Керісінше қазақ балалар әдебиетінің де өсу, өркендеу, даму жолдарының болғандығы күмәнсіз.

Профессор Мұхтар, Омарқанұлы Әуезов өзінің ертегілер деген ғылми зерттеу еңбегінде халықтық шығармалар ішінде үлкендермен қатар балаларға тән, екеуіне бірдей қызмет ететін неше алуан қызықты материалдардың барлығын айтып, талдаулар берген. «Хайуанат жайындағы ертегілердің көбі балаларға арналған күлкі, жеңіл әңгіме болып та кетеді. Олар «Құйыршық», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Шудалы торғай», «Күшік пен мысық» сияқты көптеген ертегілер. Құйыршық ғажайып түрде ешкінің құйыршығынан біткен кішкентай бала болады.  Ол қасқырды,  жолаушыларды, үй иесін — бәрін алдап соғады. Ажалдан қалып, әке – шешесіне келеді. Бұл алуандас ертегілер орыста да бар»1 дейді. Халықтық шығармалар ішінде балалар әдебиеті мұрасына тән қызықты осындай әңгімелер тек ертегілерде ғана емес, сонымен қатар халық өлеңдерінде де, мақалдар мен мәтелдерден де, батырлар жырларынан да көп кездеседі.

Балалар әдебиетінің негізі — ауыз әдебиетінде. Сондықтан балалар әдебиетіне зерттеу жасағанда халықтық ауыз әдебиетін аттап өтуге болмайды. Өйткені, халықтың ауыз әдебиеті — балалар әдебиетінің алтын қоры.

Оқу жасына дейінгі балалар, бастауыш мектеп оқушылары, әсіресе, ертегілерді тыңдағанды жақсы көреді. Ертегілердегі ғажайып оқиғалар, қызықты тартыстар мен адуын егестер, тапқырлық пен айлакерліктер, зұлымдық әрекеттерге қарсы күрескен қажырлы адамдардың қиян – кескі батырлық істері оларды таң – тамаша етеді.

А. И. Герцен өзінің бір данышпандық сөзінде: «Кітап — бір ұрпақтың екінші ұрпакқа қалдырған жан сыры, өсиеті, өлмелі қарияның, өмір табалдырығынан жаңа аттаған жас буынға айтқан ақыл – кеңесі»2 деген. Халықтық шығармалар да дәл осы А. И. Герцен айтқандай, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан халық даналығы деп білеміз.

Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің асыл мұралары: халық ауыз әдебиетінен басталады. XIX және XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Ыбрай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеевтердің балалар әдебиетіне қосқан мұраларымен байыды. Өз алдына дербес үлесі бар, толық мәнді әдебиет болды. Бірақ, Октябрь революциясына дейінгі көркем шығармалардан балалар әдебиетінің жігін айырып, оның өзіндік ерекшеліктерін танытатын арнайы ғылми зерттеу еңбектер болмады. Ендігі жерде осындай бай мұраларды зерттеп, оның тәрбиелік, идеялық бағыттарын ашып, жас ұрпақтарға ұсынып, түсіндіріп отыру басты міндетіміз. М. И. Калинин: «Бізде социалистік қоғамның жаңа адамдары туып келеді, бұл жаңа адамға ең жақсы қасиеттерді сіңіре білу керек», деген. Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің өсу жолдарын зерттегенде осы мақсатты көздейміз.

2.Балалар әдебиетінің білімділік, тәрбиелік маңызы.

Балалар әдебиетін зерттегенде, оның төмендегідей басты – басты алты түрлі ерекшеліктеріне тоқтауға болады.

Біріншіден, балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеттілігі әңгімеленіп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәл-дігін, әсіресе көрнектілігін, өз өмірінің айналасынан алынып отыруын қажет етеді.

Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де, мағналы сөздер айтылуы керек. Чернышевскийдің сөзімен айтқанда: «ах, яе деген қорқынышты» немесе «қандай тамаша»» дел отыратындай болуы тиісті. Балаларды өмірдің жарқын болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру шарт.

Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиғаны және адам характерін суреттеу өзгешеліктері мен әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкерлер мінездерінің әржақты болуына қызығады. Одан соң оның неден шыққан себептерін іздестіре бастайды.

Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көріністерін — пейзажды шебер зейнеттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі.

Бесіншіден, балалар әдебиеті шыгармаларының мазмұны мен идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын танытуға себепкер болуға тиісті. Оларды белгілі мамандыққа, еңбек сүйгіштікке әуестендіре білуі керек.

Алтыншыдан, «Сөз — әдебиеттің негізгі материалы болып табылады. Біздің барлық әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін сол. Әдебиет — сөз арқылы сұлу суреттелетін искусство»1 деген М. Горький.

Әсіресе, балалар әдебиетіне қойылатын талаптар да дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл, әрі көркем, әрі қысқа, әрі мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әсерлі болып отыруға тиісті. Балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден бір құрал болып табылады.

Қорыта айтқанда, балалар әдебиеті деген не? Онын мақсаты қандай? Балалар әдебиеті — жас буынның саңа – сезімін оятып, ақыл – есін дамытатын, оларды адамгершілік моральге тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты — мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, 16 жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған жоғарғы идеялық қызықты шығармаларды беруді көздейді. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашады, бағыт сілтейді. Өмірге жанасымды, икемді, төзімді күрескер етеді.

 

Бақылау сұрақтар:

 

    1.Балалар әдебиетінің даму кезеңдері

    2.Балалар әдебиетінің білімділік, тәрби

Тапсырмалар:

    1.Шағын фольклорын жанры шығармаларын оқыту әдістемесі

    2.Көркем сөз өнерінің мәні

    3.Балалар әдебиетінің басқа ғылымдармен байланысы

                                         Лекция-2

Тақырыбы: Халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің бастауы.

       Бесік жыры мен тұсау кесер жыры- балалар жырының бастауы.

       Жоспар:

       1 . Халық ауыз әдебиеті -балалар әдебиетінің негізі.

2.  Халық ауыз әдебиеті тарихы.

3. Бесік жырының тәрбиелік мәні.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Ш. Ахметов «Қазақ балалар әдебиеті» А. 1974 ж

2.     Қ. Алпысбаев «Қазақ әдебиеті» А. 1992 ж.

3.     Қазақ әдебиетінің тарихы. --- А., 1960

4.     Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. – А., 1967

      

    Лекция мазмұны: Балалар әдебиетін жасаған — халық. Адамға баласынан жақын, баласынан артық ешнәрсе болмаған. Халық ешнәрсені де өзінің баласынан жоғары бағалаған емес. Сондықтан халық ең алғаш өзінің жақсы ойын, жақсы қиялын өлең етіп, ән етіп тұңғыш рет баласына арнаған. Жас нәрестенің дүниеге келуін, қуаныш еткен. Баланы жұбату, ойнату, тәрбиелеу, оның алдына неше алуан тілек мақсаттар қою өлеңмен жырмен, көркем сөзбен айтылған.

Өйткені, «Адам — дүниені ұйымдастырушы», екінші жаратылысты, мәдениетті жасаушы күш-қуаттың иесі, адам жаратылыстың органы, жаратылыс оны өзін тану, өзін көркейту үшін туғызған — міне балаларға осыны ұғындыру керек. Балалар алты-жеті жасынан ой-пікірдің кереметтей күшін түсіне бастауға, әлеуметтік көріністердің мағнасын ұғынып, өз қабілеттерін тануға тиіс. Сондықтан балаларды өмірмен таныстырғанда, бұрынғы өткен заман туралы, еңбек процестерінің және ой-пікірдін ұйымдастырғыш жұмысының бастапқы кезеңі туралы әңгімелерден бастау керек» — деген М. Горький.

Қай ұлтта болмасын халық ауыз әдебиетінде ең алғаш пайда болған, ең тұңғыш айтылған өлең, жыр, әңгімелер балаларға арналған. Өйткені, баланы өз өмірінің жалғасы деп ұққан. Сондықтан халық ауыз әдебиетінін алғашқы пайда болуы, шығуы халықтың өз баласына арналып айтылған өлең, жыр, ертегілерден, әндерден басталады деген қортындыға келеміз.

Ерте кезде қазақ халқында бала тәрбиелеуге арналған қоғамдық орын:  балалар бақшасы, мектеп болмаса да, тәрбиені балаларына бесікте жатқан кезінен бастап-ақ халықтық жырлар мен әңгіме, ертегілер арқылы бере бастаған.

Олар өскен соң, өздерін қоршаған жаратылыстың ішкі құпиясын ғылым жолымен сезініп білмесе де, жапан дүзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап жол тауып, адаспай кете беретін болған. Жастайынан-ақ есіту, көру-сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, табатын ізшіл де, құралайды көзге атып түсіретін мерген де болған.

Кәсібі, тіршілігі тек қана мал шаруашылығына байланысты болғандықтан 6-7 жасынан-ақ олар ат құлағында ойнайды. Оқу-сызу өнеріне машықтанбаса да бір есіткенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеттілігі де күшті болған. Олар, сондықтан, қызық-қызық ертегілерді, ұзақ-ұзақ жырларды жатқа айтатын болған.

Халық ауыз әдебиетін балалар сүйіп окиды, қызыға тындайды. Халықтық шығармалармен мектеп жасына дейінгі балалар да ата-анасының, апа-ағаларының айтуы, оқып беруі бойынша ертеден-ақ таныс бола бастайды. Бесік жыры, хайуанаттар айтысы, ертегілер, жұмбақтар мен жаңылтпаш сөздер, мақал мен мәтелдер, өтірік өлеңдер — бәрі де баланы қызықтырып, оларды мәз-мәйрам етеді. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардың сөздік қорын байытып, бірден бірге мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра береді. Тек бұл емес, халықтық шығармалар ішіндегі әржақты айқын образ, оқиға барысының қызықты бола беруі, әдемі қисын, жақсы ұйқас бәрі де балаларды қуантып, әсер беріп, ойын шыңдап отырады.

Халық ауыз әдебиетін балалар сүйіп оқиды, қызыға тындайды. Халықтық шығармалармен мектеп жасына дейінгі балалар да ата-анасының, апа-ағаларының айтуы, оқып беруі бойынша ертеден-ақ таныс бола бастайды. Бесік жыры, хайуанаттар айтысы, ертегілер, жұмбақтар мен жаңылтпаш сөздер, мақал мен мәтелдер, өтірік өлеңдер — бәрі де баланы қызықтырып, оларды мәз-мәйрам етеді. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардың сөздік қорын байытып, бірден бірге мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра береді. Тек бұл емес, халықтық шығармалар ішіндегі әржақты айқын образ, оқиға барысының қызықты бола беруі, әдемі қисын, жақсы ұйқас бәрі де балаларды қуантып, әсер беріп, ойын шыңдап отырады.

Халықтық шығармалардың балаларға тигізетін тәрбиелік әсері ұшан теңіз. Халықтық шығарма балаларды адам баласының өткен ғасырлардағы тарихи өмір, тұрмыс, әдет-салты, күн көрісі, шаруашылық экономикасы, мәдениетімен таныстырып отырады. Балаларға арналған халық өлеңдерінде дүниеге жаңа келген жас нәрестенің болашағын ойлап, қолдан келер мүмкіндіктерін соның жолына бағыштауға тырысады. «Бесік жыры» — деген өлеңде:

Әлди-әлди ақ бөпем,

Ақ бессікке жат бөпем.

Қонақ келсе, қой бөпем,

Қой, тоқтысын сой бепем,

Құйрығына той бөпем —

деп жырлайды халық.

Мұнда балаға деген сый-құрмет, ықыластар, оның болашақ азаматы болсын деген тілек-мақсаттардан туатыны айтылған. Халық тәрбиесі баланың жас басынан көпшіл, ынтымақшыл, сый-сипат көрсете білетін өнегелі адам болуын көздеген, баладан адамгершілік қасиетті талап еткен. Қолы ашық, алақаны жазық береке иесі болсын, жұдырығын түйген сұм болмасын дегенді балаға жас басынан ұқтыруға тырысқан. Баланы күту, бағу, тәрбиелеу, әлпештеп ақ бесікке салу, оның мәңгілік қамқоршысы болу — ата-ананың борышты да, басты міндеті деп бағалаған. Бала туғанда шілдехана жасау, жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш ету, оны өздеріне бақыт санау жалпы халықтық салтқа, әдетке айналған. Бала ата-ананың бауыр еті, жүрегі деп бағалаған.

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып.

Ұста болар ма екенсің? —

деп оған ізгі тілектер қояды. Игілікті істерге бастайтын өнер-білімге баулиды.

Өз баласы халыққа әр жақты өнерімен, білімімен, игілікті ісімен қызмет етіп танылса дегенді арман еткен. Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі басты борышы мен ізгі ниеті де, міндеті де осы болған.

Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің? —

деп бесікте жатқан жас нәрестенің болашағын ойлайды. Қай іске, қандай өнерге болса да икемі бар, бір сырлы, сегіз қырлы болуын көздейді. Әйтеуір қандай іс, қандай өнер болса да, өзінің бейіміне, ықылас, әрекетіне қарай кәсіп ете беруін халық ертеден-ақ жақтаған. Сондықтан өз сәбиін өнердің, еңбектің қандай түріне болса да баули беруге, ынталандыра беруге әрекет етті

Кең балағын түрісіп,

Ойға, тауға жүрісіп,

Балуан болар ма екенсің?

немесе:

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің.

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің? —

дейді.

Мұнда жеке бастың пайдасы үшін, не даңқ, атақ алу-үшін емес, «атасынын баласы болу» үшін емес, адамның баласы болуын тілегендіктен айтылған, халықтың асыл ойлары берілген. Өз отанын қорғайтын патриот болар ма екен деген тілектер қойған. Бала жұбатудан басталатын бірнеше тілек-мақсаттар оның болашақтан күткен арманына жетудің жалғасы болады деп үміт еткен.

 Бақылау сұрақтары:

1.     Халықтық шығармалардың тәрбиелік мәні неде?

2.     Халық ауыз әдебиетіндегі балалар сүйіп оқитын шығармалары.

3.     Халық ауыз әдебиетінің балалар тілін дамытуға тигізер әсері.

Тапсырмалар:

1.Халық ауыз әдебиеті түрлерін анықтыу.

2.Халық ауыз әдебиетінің мәні және оның сипаты.

3.Балалар әдебиетінің ерекшеліктері.