Web-дизайн термині - Web (Интернеттің WWW - World Wide Web қызметінің қысқартылған сөзі) және ағылшын тілінің дизайн (design – жобалау, құрастыру, құру) сөздерінің бірігуі арқылы туындап, «Web-құжатты көркем құрастыру» деген мағынаны білдіреді.
Дизайн сөзі күнделікті өмірде - объектті жобалау, яғни жаңа құрылғыны, құрал-саймандарды көркем құрастыру деген көп мағыналы термин ретінде қолданылады. Оның негізгі мақсаты – объектті қолдануына қарай көркемдеу, пішімдеу. Классикалық дизайн көркемөнерінен Web-дизайнның айырмашылығы, мұнда қалам, бояу, мольберт сияқты құрал-саймандардың орнына, компьютерлік құрал-саймандар - бағдарламалау жүйелері, Web-редакторлар, графикалық процессорлар, аниматорлар, цифрлік фотоаппараттар, сканерлер т.с.с. пайдаланылады.
Сонымен, Web-дизайн – IT-технологиялар (компьютер және жаңа ақпараттық технологиялар), арнайы бағдарламалау тілдері (HTML, JavaScript, PHP, Java, Perl, C++) және желілік технологиялар (CSS, CGI, SSI) негізінде құрылған көркемөнердің жаңа түрі болып есептеледі. Кейбір әдебиеттерде компьютерлік дизайн, Web-шебер терминдері де кездеседі.
Web-дизайншы деп, әдетте, Web-сайт дизайнымен айналысушы бағдарламашыны айтады. Бірақта олар дизайнмен қатар, жүйелік админстратор және бағдарламашы міндеттерін де атқарады. Кейде сайт модераторлары да Web-дизайншы деп аталады.
Web-дизайншы Web-құжат құруда гипермәтіндерден, анимациялық суреттерден, фото, видео және аудио файлдардан пайдаланады. Олар коммерциялық және жарнамалық Web-жобалар: мемлекеттік мекеме немесе коммерциялық ұйым Web-сайты, виртуал магазин, электрондық басылым, ақпаратты іздеу жүйелерін құрады. Web-дизайншы өзінің кәсіби міндетін атқаруда декоративті-қолданбалы өнер, көркем фотография, архитектура, скульптура, граффити сияқты көркемөнер салаларында жинақталған тәжірибеден пайдаланыды. Сонымен қатар оның өзіне тән жаңа қасиетері, заңдылықтары бар. Олар Интернеттің техникалық, бағдарламалық және ақпараттық компоненттерінің дамуымен өзгеріп отырады.
Қазіргі таңда Web-құжаттарда гипермәтін мен статикалық суреттермен қатар, қозғалушы объекттер, яғни баннерлер, анимациялар, видеоклиптер қолданылады. Интернетте тұтынушымен интерактивті байланыста болатын динамикалық Web-сайттар, ақпаратты іздеу жүйелері жиі кездеседі. Сонымен қатар, тұтынушының менталитеті мен психологиясын, креативті идеялар мен тақырыптарды есепке ала отыру қажеттігі туындап отыр. Мұның барлығы Web-дизайншыдан әдебиет, журналистика, кино, телевидения, фото т.с.с. өнер салаларының туындыларынан орынды пайдалануды талап етеді.
Интернет – бүкіл әлемдегі миллиондаған шағын компьютерлік желілерді бір – бірімен байланыстырып тұрған орасан зор компьютерлік желі, ол хаттама деп аталатын бірыңғай стандартпен жұмыс істейді. Желідегі компьютерлерде мәтін, сурет, аудио – бейнематериалдар, т.с.с. өте үлкен ақпарат көлемі сақталады.
Желіні пайдаланудың ең негізгі түрлеріне – Бүкіләлемдік өрмек, электрондық пошта, желілік чат (әңгімелесу) және дискуссиялық топтар (конференциялар) жатады. Желіге қойылатын ең негізгі талап – байланыс арналары елеулі өзгерістерге ұшырағанмен, кез келген жағдайда информацияны бір орнынан екінші орынға сенімді түрде жеткізу қажеттілігі болып саналады. Желі тораптарының бірсыпыра бөлігі істен шықса да, қалғандары өз жұмысын атқара алатын қалыпта қалуы тиіс болды. Информацияны тасымалдау сенімділігі мен оның жеткізілу жылдамдығын арттыру мақсатында мәліметтерді тасымалдаудың жаңа түрі – дестелерді коммутациялау технологиясы пайда болды. Оның артықшылығы болып мәліметтерді тасымалдау жылдамдығының жоғарылығы, сенімділігі және икемді жұмыс істеуі саналды.
Пакеттерді коммутациялау принципі тасымалданатын мәліметті бірнеше шағын фрагменттерге бөлуден тұрады. Мәліметтер жеткізілетін пунктке дейінгі аралықтарда орналасқан түйінді компьютерлер арасында пакеттер бір – бірінен тәуелсіз тек өзіне тән байланыс арналары арқылы жылдам жеткізіліп тасымалданатындай етіп ұйымдастырылды. Бір мәліметті құрайтын әрбір пакет баратын пунктіне тек өз маршруты бойынша жеткізілетін болады. Қабылдау пунктінде пакеттер қайтадан біртұтас мәліметке біріктіріліп, өз иесіне, яғни арналған адресатына берілуі тиіс болатын.
Желіні басқару ісінің өте сенімді жұмыс істеуін жүзеге асыру мақсатында оларды бір орталықтан басқармай, барлық түйінді компьютерлер бірдей тең құқықты болып жасалды. Яғни әрбір желі торабындағы компьютер мәліметтерді қабылдау/жөнелту істерін атқарумен қатар басқа тораптардан келіп түскен хабарларда ары қарай жөнелту кезінде оларды басқаша адрестеу ісін де жүргізе алатын еді.
Әр түрлі құрылғылар мен программалар арасында мәлімет алмасу қалай және қандай түрде атқарылатыны жайлы ережелер жиыны хаттама деп аталады. Хаттамалар мынадай топтарға бөлінеді:
• базалық
• қолданбалы
Интернет базалық TCP/IP хаттамасын пайдаланады. Қолданбалы хаттамалар Интернеттің арнайы қызмет баптарының хаттамасынан http, ftp, telnet тұрады.
URL-адрес және IP-адрес. Бүкіләлемдік немесе корпоративтік желіге қосылған әрбір компьютердің жеке IP-адресі (Internet Protocol) болады. Бұл адрес нүктелермен бөлінген төрт ондық саннан тұрады. Сандардың өзгеру аралығы 0-ден 255-ке дейін (бір байтқа осынша сан сияды). Мысалы: М.Ауезов атындағы ОҚМУ серверінің адресі 192.168.32.1. Желідегі компьютерлер бірін-бірі осы адрес көмегімен тауып алады.
IP-адресі екіге бөлінеді:
• тұрақты;
• динамикалық.
Желіге қосылған серверлер тұрақты адреске ие болады. Олар әдетте күні-түні жұмыс істейді. Ал, желіге сымтетік арқылы қосылған компьютер динамикалық адрес алады. Бұл компьютер желіге қосылған уақытша адрес алып отырады. Компьютерді осылай адрестеу 2564=4,3 млрд физикалық адрес бөлу мүмкіндігін береді. Мұндай адрес 32-разрядты екілік сан түрінде (4 байт) сақталады.
Құжаттар үшін адрестеудің екінші түрі URL (Uniform Resource Locator – Ықшамдалған ресурстар көрсеткіші) деп аталады. Мұндай адрестеу желідегі әрбір компьютерге және құжатқа меншіктеледі.
Атаулар мен ресурстар көрсеткіщтерінің домендік жүйесі. Желі компьютерлерінің физикалық адрестерін пайдалану ыңғайсыз (адамдардың ұзақ цифрлар тізбегін есте сақтауы қиын), сол себепті физикалық адрестерге сәйкес әріптерден тұратын мағынасы бар символдық (домендік) адрестер жасалған. Домендік адрестің жазылу ережесі мынадай:
хаттама://компьютер аты. домен аты [/каталог/ішкікаталог/файл аты]
Бірінші болып қолданылатын хаттама көрсетіледі, мысалы, http. Келесі компьютер аты жазылады да, одан кейін домен аты тұрады, мысалы, microsoft.com. Адрес соңында кейде сервердегі каталог аттары мен файл аттары жазылады, мысалы /mprses/cpnew.htm. Тік жақша ішіндегі адрес бөлігі жазылмаса да болады. Бірнеше нақты адрестермен мысал келтірейік:
http://www.microsoft.com
http://www.narod.ru
ftp://mathsoft.com
Домендік адрестің жазылу ережесі төменде көрсетілген:
• сервер жұмыс істеп тұрған хаттама (WWW үшін http хаттамасы: көрсетпесе де болады);
• компьютердің IP-адресі немесе URL-адресі;
• сервер өңдейтін ТСР порты (WWW үшін 8080: көрсетпесе де болады);
• сервердегі HTML-құжаттың адресі.
Мысалы: http://www.chimkent.ru – Қазақтелеком;
http://www.ukgu.kz – М.Ауезов атындағы ОҚМУ.
Домен аттары екі түрде беріледі:
• қызмет бабына қарай;
• аймақтық.
Қызмет бабына қарай қойылған домендік аттар алғаш рет АҚШ-та қолданылған. Бұл домендік аттар мекеме типін көрсетеді. Олар төменде көрсетілген:
• com – коммерциялық ұйымдар;
• edu – білім мекемелері;
• gov – мемлекеттік ұйымдар;
• mil – әскери ұйымдар;
• org – басқа мекемелер;
• net – желілік ұйымдар;
• int – халықаралық ұйымдар.
Интернетте көптеген қызмет түрлері бар. Олардың ішіндегі ақпаратты таратуға арналғандары: WWW, FТР, Telnet. т.б.; электрондық мәлімет үшін: E-mail, Usenet, ISQ, IRC, IP-телефония және басқалары. Интернеттің әр қызмет бабы мәлімет таратудың немесе алмасудың әртүрлі функцияларын атқарады, оның үстіне олардың кейбірі ескіріп жойылса, кейбірі жаңадан туындап келеді. Осылардың қазіргі желілерде жұмыс істейтін негізгілерінің қысқаша сипаттамаларын қарастырып өтейік.
FТР. Қашықта орналасқан машинаның каталогтарымен және файлдарымен жұмыс істейтін хаттама (File Transfer Protocol – файлдарды тасымалдау хаттамасы) мен программалар осылай аталады. FТР құралдары сервер каталогтары мен файлдарын көріп, олардың бірінен біріне ауысып, керектілерін көшіріп алуға, жаңартуға мүмкіндік береді.
Telnet. Бұл термин арқылы клиенттің алыстағы сервер-компьютермен қатынасуын қамтамасыз ететін хаттама мен программа белгіленеді. Байланыс орнатылғаннан кейін тұтынушы қашықтағы компьютердің операциялық жүйесіне кіріп, сондағы орнатылған программалармен өз программалары тәрізді жұмыс істей алады.
E-mail. Бұл электрондық поштаның ағылшынша аталуы, ол - желі қызметтерінің ішіндегі электрондық мәлімет алмасудың ең негізгісі. Электрондық пошта көмегімен барлық құрылықтарда тұратын адамдар бір-біріне электрондық хаттар мен файлдар жібере алады.
Usenet жүйесінің бірнеше анықтамалары бар, олар – тармақталған дскуссия клубы, телеконференция, жаңалықтар тобы. Мұның электрондық поштадан айырмашылығы – мәліметті бір адамға ғана емес, бірнеше абоненттер тобына (телеконференциялар) жолдайсыз. Әртүрлі мәселелерді талқылау кезінде конференцияға қатынасушылар тең құқықты болып саналады. Әрбір телеконференция бір тақырыпқа (ғылымда, өнерде, спортта, т.с.с.) арналады және оның өзіндік адресі болады, мұндағы қарастырылатын мәселелер ауқымы әр түрлі бола береді – өте ауқымды тақырыптан (бір сұрақтың барлық жағы) тек бір ғана сұраққа дейін (мысалы, филателия) қамтылады.
ISQ (I seek you – мен сені іздеймін) – желі тұтынушыларына нақты уақыт кезеңінде хат-хабарлармен алмасып, бірден чат (chat- әңгіме) құрып, файл жіберіп, әңгімелесуге мүмкіндік беретін қызмет түрі.
IRC (Internet Relay Chat) – нақты уақыт кезеңінде телеконференция өткізудің бір түрі, тұтынушылардың бір-бірімен әңгіме-дүкен құруға болатын қызметі. IRC-серверлері мен IRC-клиенттері көмегімен тұтынушылар бір-бірімен «виртуальды» әңгіме өткізуді пернетақтада сөздерді теру арқылы жүргізеді.
IP-телефония. Интернетте телефондағы дауыс арқылы мәлімет алмасуды өте тиімді деп айтуға болмас, бұл тек TCP/IP хаттамалары негізінде электрондық мәлімет алмасудың жеке бір түрі ғана. Адамның дауысы цифрлы файлға түрлендіріледі де, желідегі қарапайым мәліметтер пакеттері тәрізді түрде тасымалданады. Қазақстан Республикасы байланысының ұлттық операторы болып саналатын «Қазақтелеком» ААҚ-ы осы байланыс түрін практикада пайдаланып жүр.