Шартты оператор деректерді өңдемейді, өңдеуді басқарумен айналысады. JavaScript тілінде шартты оператор төмендегі түрлерге бөлінеді:
• if-else тармақталу операторы;
• ? шартты операторы;
• switch таңдау операторы.
if-else тармақталу операторы логикалық шарттың мәніне қарай бағдарлама кодының бір бөлігін орындайды. Оператордың форматы:
a) if шарт өрнек1 else өрнек2;
b) if шарт өрнек1;
бұл жерде: if, else –қызметші сөздер;
шарт –логикалық өрнек;
Егер шарттың мәні true болса, онда өрнек1 орындалады, ал кері жағдайда, яғни шарттың мәні false болса, онда өрнек2 орындалады.
Мысал 1:
if (x>0 && x<13)
f = 1;
else
f = 0;
Мысал 2: if str1=="Әлем" str2="Сәлем Әлем";
Мысал 3:
if (x==0)
{
f = 11;
k = 22;
}
else
{
f = 33;
k = 44;
}
? шартты операторы логикалық шарттың мәніне қарай орындалады. Оператордың форматы:
шарт ? өрнек1 : өрнек2;
бұл жерде: ? –қызметші сөз;
шарт –логикалық өрнек;
Егер шарттың мәні true болса, онда өрнек1 орындалады, ал кері жағдайда, яғни шарттың мәні false болса, онда өрнек2 орындалады.
Мысалы: f = (x>0 && x<13) ? 1 : 0;
switch таңдау операторы бірнеше тармақталу операторларын біріктіру мүмкіндігін береді. Оператордың форматы:
switch (өрнек)
{
case мән 1 : оператор 1;
break;
case мән 2 : оператор 2;
break;
- - - - - - - - - - - - - - - - -
case мән n : оператор n;
break;
default : оператор;
}
Оператордың орындалуы switch қызметші сөзінен кейінгі өрнекті өңдеуден басталады. Сонан соң өрнектің мәні case қызметші сөздерінен кейінгі мәндермен салыстырылады. Қай мән сәйкес келсе, сол қатардағы оператор орындалады. Егер ешқандай мән сәйкес келмесе, онда default қатарындағы оператор орындалады.
Мысалы: берілген day айнымалының мәні, егер 1-ге тең болса, онда out айнымалысы "дүйсенбі" мәнін қабылдайды, ал егер 2-ге тең болса, онда out айнымалысы "сейсенбі" мәнін қабылдайды, т.с.с. Ал егер day айнымалының мәні басқа сан болса, онда out айнымалысы "апта күні емес" мәнін қабылдайды.
switch (day)
{
case 1 : out = "дүйсенбі";
break;
case 2 : out = "сейсенбі";
break;
case 3 : out = "сәрсенбі";
break;
case 4 : out = "бейсенбі";
break;
case 5 : out = "жұма";
break;
case 6 : out = "сенбі";
break;
case 7 : out = "жексенбі";
break;
default : out = "апта күні емес";
}
Таңдау операторындағы default қызметші сөзін жазбауға болады. Мұндай жағдайда, switch қызметші сөзінен кейінгі өрнектің мәні case қызметші сөздерінен кейінгі мәндердің ешқайсысына сәйкес келмесе, ешқандай іс-әрекет орындалмайды.
Сол сияқты, break қызметші сөзін де жазбауға болады. Мұндайда, switch қызметші сөзінен кейінгі өрнектің мәні сәйкес келген case қызметші сөзінен кейінгі оператордан бастап, барлығы орындалады. Мысалы:
switch (day)
{
case 1 : out = ”дүйсенбі”;
case 2 : out = ”сейсенбі”;
case 3 : out = ”сәрсенбі”;
case 4 : out = ”бейсенбі”;
case 5 : out = ”жұма”;
case 6 : out = ”сенбі”;
case 7 : out = ”жексенбі”;
default : out = ”апта күні емес”;
}
Бұл оператордың нәтижесінде out айнымалысы тек қана ”апта күні емес” мәнін қабылдайды. Себебі day айнымалының мәні апта күніне сәйкес келседе, соңында default қызметші сөзінен кейінгі опреатор орындалады. Сондықтан break қызметші сөзін жазған дұрыс.
Цикл операторы бағдарлама кодының кейбір бөлігін бірнеше рет қайта-қайта орындауды ұйымдастырады. JavaScript тілінде цикл операторы төмендегі түрлерге бөлінеді:
• for цикл операторы;
• do-while цикл операторы;
• while цикл операторы;
• break және continue операторлары.
for цикл операторы қайталаулар саны белгілі болғанда қолданылады. Цикл бағдарлама кодындағы логикалық шарт true мәнін қабылдаған кезде орындалады. Оператордың форматы:
for (a, v, b) {<цикл денесі>}
мұндағы: for –қызметші сөз;
a -есептеуішті инициалдау;
v –логикалық шарт;
b -өрнекгі инкременттеу немесе декременттеу.
Бұл оператор бағдарлама кодының бірнеше рет қайта-қайта орындауын ұйымдастыру үшін қажет. Сондықтан кодтың неше рет орындалғанын анықтайтын бүтін типті айнымалы есептеуіш деп аталады. Ал, бағдарлама кодының бірнеше рет қайта-қайта орындалушы бөлігін цикл денесі атайды. Цикл денесі логикалық шарт false мәнін қабылдағанша орындалады.
Мысалы: S = 1 + 2 + … + 10.
а) for ( i = 1; i <= 10; i ++) S += i;
б) for ( i = 10; i > 0; i --) S += i;
Көрсетілген мысалда есептеуіш мәнін өзгерту үшін а)-да инкремент және б)-да декремент амалы қолданылған.
Мысалы:
for ( i = 2; i < 21; i += 2)
{
a += 3;
b = 2 * i + 1;
}
Көрсетілген мысалда есептеуіш мәні 2, 4, 6, ..., 20 мәндерін қабылдайды, ал цикл 10 рет орындалады.
do-while цикл операторы қайталаулар саны логикалық шартқа байланысты болған жағдайда қолданылады. Бұл оператор for операторына ұқсас, тек мұнда есептеуіш жоқ. Оператордың форматы:
do
цикл денесі
while (шарт);
мұндағы: do, while –қызметші сөздер;
шарт –логикалық өрнек.
Цикл бағдарлама кодындағы логикалық шарт true мәнін қабылдаған кезде орындалады. Логикалық шарт цикл соңында орналасқан, сондықтан цикл шарт тексерілгенше бір рет орындалады.
Мысалы:
do
{
a = a * i + 2;
i = i ++;
}
while (i < 100);
do-while цикл операторын қайталаулар саны белгілі болғанда да болады.
Мысалы: S = 1 + 2 + … + 10.
var i = 1; S = 0;
do
{
S += i;
i = i ++;
}
while (i > 10);
while цикл операторы do-while операторына ұқсас, тек қана логикалық шарт цикл басында тексеріледі. Оператордың форматы:
while (шарт);
цикл денесі
мұндағы: while –қызметші сөз;
шарт –логикалық өрнек.
Цикл логикалық шарт true мәнін қабылдаған кезде орындалады. Егер логикалық шарт басынан-ақ false мәнін қабылдаса, онда цикл міндетті түрде орындалмайды.
Мысалы:
while (i < 100)
{
a = a * i + 2;
i = i ++;
}
break және continue операторлары. Кейде циклді орындалу барысында тоқтату қажеттілігі туындайды. Мұндай жағдайда JavaScript тілінде break және continue операторларынан пайдаланамыз.
break операторы циклдың орындалуын тоқтатып, басқаруды келесі операторға немесе белгісі бар операторға жібереді. Оператордың форматы:
break [белгі];
мұндағы: break –қызметші сөз;
белгі –идентификатор.
Белгі – бұл бағдарлама кодында кездесетін басқа бір операторға қойылатын идентификатор. Басқару белгі орналасқан операторға жіберіледі. break операторында белгіні қолданбаса да болады.
Мысалы:
while ( a < 100 )
{
a = a * i + 2;
if ( a > 50) break;
i = ++ i;
}
Көрсетілген мысалда, егер а-ның мәні 50-ден көп болса, цикл тоқтайды (бағдарлама орындала береді).
continue операторы циклдың орындалуын тоқтатып, басқаруды цикл басына немесе белгі орналасқан операторға жібереді. Оператордың форматы:
continue [белгі];
мұндағы: continue –қызметші сөз;
белгі –идентификатор.
Мысалы:
while ( a < 100 )
{
i = ++ i;
if ( i > 9 && i < 21) continue;
a = a * i + 2;
}
Көрсетілген мысалда, а-ның мәні цикл есептеуіші і-дің 10 мен 20 мәндері аралығында есептелмейді.
JavaScript тілінде қабаттасқан циклден де пайдалануға болады. Қабаттасқан цикл сыртқы және ішкі цикл болып бөлінеді. Ішкі цикл сыртқы циклдің ішіне орналасады. Сыртқы цикл мен ішкі цикл қиылыспайды, сыртқы циклдің әр бір қадамында ішкі цикл толық орындалады.
Мысалы:
for ( i = 1; i <= 10; i++ )
{
for ( j = 1; j <= 10; j++ )
s = s + i + j;
}
Мысалы: Қабаттасқан циклда continue операторын қолданайық.
outer:
for ( i = 1; i <= 10; i++ )
{
inner:
for ( j = 1; j <= 10; j++ )
{
if ( j = =2 ) continue outer;
else
s = s + i + j;
}
}
Көрсетілген мысалда, j айнымалысының мәні 2-ге тең болса, басқару қайтадан сыртқы циклге жіберіледі. Егер continue операторында белгіні қолданбасақ, онда басқару қайтадан ішкі циклге жіберіледі.
Скрипт коды Web-құжаттың ішінде орналасқан. Web-құжаттың тақырып бөліміне коды орналасқан қарапайым скриптті жүктеуді қарастырайық. Бағдарлама листингі мен скрипт коды:
<html>
<head>
<script language='JavaScript'>
function f1()
{
alert("Скрипт іске қосылды");
}
</script>
</head>
<body>
<input type="button" value="Скрипт" onclick="f1()">
</body>
</html>
Скрипт жазылған Web-құжатта төмендегі батырма пайда болады.

Батырмасы бассақ төмендегі хабарлама шығады.

Берілген скриптті талдайық. Скрипт коды мен оқиғаны өңдеу батырмасы бір құжатта берілген. Скриптті іске қосу үшін батырма (button) объекті және батырманы басу (onclick) оқиғасы пайдаланылған. Батырманы басқанда f1() функциясы жұмысқа қосылады. Бұл функция өз кезегінде alert() функциясын шақырып, терезеге мәтінді («Скрипт іске қосылды») шығарады. Скрипт коды Web-құжат бағдарламасынан <script> және </script> тэгтері арқылы бөлектенген.
Сипатталған скрипт кодын Web-құжаттың кез келген жеріне орналыстыруға болады. Скриптті ашу тэгінде скрипт тілі (language='JavaScript') көрсетілуі қажет.
Скрипт коды бөлек файлда орналасқан. Скрипт коды file.js файлына жазылған болсын:
function f1()
{
alert("Скрипт іске қосылды");
}
Скриптке баратын жол мен файл атын scr атрибутында көрсетеміз. Скрипт жазылған файлды Web-құжатқа төмендегіше байланыстырамыз.
<script language='JavaScript' scr="file.js"> </script>
Скриптті жұмысқа қосу үшін батырмадан пайдаланамыз.
<input type="button" value="Скрипт" onclick="f1()">
Сонымен Web-құжат коды төмендегідей жазылады:
<html>
<head>
<script language='JavaScript' src='file.js'> </script>
</head>
<body>
<input type="button" value="Скрипт" onclick="f1()">
</body>
</html>