WWW (World Wide Web – дүниежүзілік өрмек) - Интернеттегі гипермәтіндік ақпарат іздеу жүйесі, оны Web деп те атай береді. Мәліметтер блоктары (Web-парақтар) мекемелердің немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі WWW-сервер немесе Web – сервер деп аталатын жеке компьютерлерде сақталады. Web – құжаттарға енгізілген гипермәтіндік сілтемелер арқылы тұтынушы адам олардың бірінен біріне ауыса береді.
WWW мен оның программалық жабдықтары – желінің ең қуатты, әрі болашағы бар құралдары. WWW негізінде гипермәтіндік мәліметтерді тасымалдау хаттамасы – HTTP (Hyper Text Transfer Protocol) арқылы жұмыс істейді, ал оның ішкі ақпараттары құжаттарды белгілеудің гипермәтіндік HTML (Hyper Text Markup Language) тілі көмегімен құрастырылады.
HTML тілінде жазылған гипермәтіндік құжаттар браузер терезесінде ықшам түрде көрсетілгенімен, HTML тілі мәтіндерді пішімдеп көрсету тіліне жатпайды. Ол гипермәтіндердің атқаратын қызметін анықтап, оларды тұтынушыға бейнелеп жеткізетін тіл болып есептеледі. Web-құжаттар тұтынушы мониторының мүмкіндіктеріне қарап, браузермен әртүрлі бейнеленуі мүмкін.
Web–браузерлер HTML тілінде Internet желісіне арнап жазылған Web-сайттар мен Web-құжаттарды парақтап көру, оқу мүмкіндігін береді. Web–браузерлер ішінде ең көп таралғандары Internet Explorer (Microsoft), Opera (Opera Software ASA) және Mozilla FireFox (Mozilla Corporation).
Броузерлердің негізгі атқаратын қызметтері:
• құжат сақталған Web-сервермен байланыс орнату, жинақталған құжаттың барлық бөліктерін жүктеу.
• HTML тілінің тэгтерін нұсқау ретінде орындау (интерпретациялау), Web-құжаттарды браузер жұмыс істейтін компьютердің мүмкіндіктеріне сәйкес бейнелеу және форматтау.
• Web-құжаттарды іздеу жолын автоматтандыруды қамтамасыз ету және бұрында жұмыс істеген Web-парақтарымен қатынас құруды жеңілдету.
• Басқа интернет қызметтерімен жұмыс істеуге арналған ішкі және жеке құралдармен қатынас құруды ұйымдастыру.
Гиперсілтеме және гипермәтіндер. Гипермәтін – қосымша элементтерді басқару мақсатында ішіне арнаулы код, яғни екпінді элемент (anchor) орналасқан мәтін. Ол мәтін ішіне сурет, дыбыс енгізу, мәтінді безендіру, пішімдеу ісін орындайтын немесе осы құжаттың басқа бөлігіне гиперсілтемесі бар алғашқы нүкте ретінде қарастырылатын белгіленген сөз. Сөзді ерекшелеп белгілеу дегеніміз – келесі көрсетілетін құжат бөлігі қалай бейнеленетінін анықтайтын айрықша кодты осы сөз ішіне енгізу. Гипермәтінді бейнелеу үшін броузер (browsers) деп аталатын арнайы көрсету программалары қолданылады. Гипермәтін экранда белгіленген қарапайым сөз ретінде тұрады, егер курсорды сол сөзге жеткізіп, тышқанды шертсек (ENTER пернесін бассақ), онда сонымен байланысты (ол сілтеп тұрған) басқа құжатты оқимыз. Ол құжаттар мәліметтер ішіндегі басқа парақтарды немесе Web жүйесіндегі басқа тораптарда орналасып, бейнежазба, сурет, жазылған дыбыс күйінде болуы мүмкін.
Сонымен, гипермәтіндерді осылай байланыстыра отырып белгілейтін мүмкіндікті беретін HTML тілі. Оның дұрыс нәтиже алуды қамтамасыз ететін өз заңдылықтары мен ережелері бар.
HTML (HyperText Markup Language) – гипермәтінді белгілеу тілі мәтіндерді Web-құжат (HTML-құжат) түрінде бейнелеуге арналған тэгтер жиынын анықтайды. HTML тэгтері құжатты туралауға, пішімдеуге және безендіруге мүмкіндік береді. Интернетке арналған мұндай гипермәтінді Web-құжаттар баспаға шығаруға емес, тек монитор экраныныда көруге арналған. Сондай-ақ, HTML тілі Web-құжатқа гипермәтін мен қозғалмайтын объекттерді бейнелеу мүмкіндігін береді.
DHTML (Dynamic HTML) тілі HTML-дің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған гипермәтінді белгілеу тілі. Бұл тіл, атынан көрініп тұрғандай, Web-құжатқа қозғалыс енгізеді, яғни мәтіннің түсін өзгертеді, кейбір элементті жасырып, кейбірін экранға шығарады т.с.с. Тілді MicroSoft және NetsCape корпорациялары бір-бірінен тәуелсіз жасап шығарған. Сондықтан DHTML-де жазылған код Internet Explorer мен NetsCape Navigator браузерлерінде әр түрлі жұмыс істейді. Соңғы кезде W3C консорциум тілдің бірыңғай стандартын шығарған.
Қазіргі таңда тек қана HTML тілін пайдаланып, Интернетке арналған Web-құжат құрастыру жеткіліксіз. HTML тілінің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған қосымша технологиялар дамуда. Мұндай технологияларға төмендегілер жатады:
• құжатты «логикалық» пішімдеуге арналған CSS –каскадты стильдер кестесі;
• JavaScript немесе VBScript тілдерінде жазылған скрипттер;
• Java тілінде жазылған апплеттер;
• Perl, C++ тілдерінде жазылған CGI-скрипттер;
• GIF және Flash-анимациялар;
• AVI, MPEG форматындағы видеоклиптер;
• WAV, MP3, MIDI форматындағы аудиоклиптер.
CSS (Cascade Style Sheets – каскадты стильдер кестесі) технологиясы желідегі бірнеше Web-құжат мәтіндерін бірыңғай пішімдеуге арналған. Бұл технология Web-сайт парақтарының монитор экранында бірдей бейнеленуін және жылдам жүктелуін қамтамасыз етеді. CSS технологиясын пайдаланып Web-сайттағы барлық құжаттағы мәтіндердің шрифтін, түсін, өлшемін, туралау пішімдерін т.с.с. өзгертуге болады.
Java-апплет деп Java тілінде жазылған бағдарламаны айтады. Бұл бағдарлама компиляцияланып, пайда болған кодты байт-код деп атайды. Байт-код клиенттік компьютерлерде Java виртуал машинасы көмегімен орындалады. Java-апплеттер көлемі бойынша ықшам және компьютер платформасына тәуелсіз. Сондықтан Java-апплет Web-құжатқа енгізілсе, браузер оны автоматты түрде Java виртуал машинасы көмегімен орындайды.
Скрипт (Script) – HTML тілінің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған, арнайы бағдарламалау тілінде жазылған ықшам бағдарлама. Кейбір әдебиеттерде сценарий термині де кездеседі, яғни бұл екі сөз синоним. Бағдарламалау тілі ретінде JavaScript, VBScript, Java, Perl, C++, т.с.с. тілдері қолданылады. Скрипттер әртүрлі оқиғаларды өңдейді, мысалы, тышқанды шерту, курсордың экран бетіндегі қозғалысы. Оқиғаның жауабы ретінде Web-құжаттың экрандағы түрінің өзгеруі, клиент-компьютерден серверге ақпарат жіберу сияқты іс-әрекеттер орындалады.
Скрипттерді екі топқа бөледі:
• клиенттік (JavaScript, VBScript);
• серверлік (CGI-скрипт).
Клиенттік скрипттер Web-құжаттың HTML тілінде жазылған кодының ішіне тікелей орналасады. Олар компиляцияны қажет етпейді, яғни компилятордың орнына интерпретатор жеткілікті. Бұл бағдарлама құруды жеңілдетіп, уақытты үнемдейді. Клиенттік скрипттердің негізгі қасиеті, олар клиент компьютерінде, яғни браузерде HTML-кодпен бірге орындалады. Оларды құруға JavaScript немесе VBScript тілдері қолданылады. JavaScript тілі қазіргі заманғы барлық браузерлерде қолданыс тапса, VBScript тілін тек қана Internet Explorer браузері пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, JavaScript тілі Java-ның, ал VBScript тіл Visual Basic-тің скрипттік версиялары.
Электрондық пошта жұмысы кәдімгі тұрмыстағы поштаға ұқсас болғандықтан, оның жұмыс істеу принциптерін меңгеру тұтынуылар үшін аса көп қиындықтар туғыза қоймайды. Оның негізгі айырмашылығы – физикалық заттар емес, ақпараттық мәліметтер, бейнелер жөнелтіледі.
Электрондық пошта географиялық адрестеуді қолданбайды. Электрондық поштаның адресі төмендегідей түрде болады:
Тұтынушы__аты @домен__аты.
Мысалы: kz@mail.ru, kz@narod.ru
Іздеу серверлері. Бірнеше нақты адрестермен мысал келтірейік.
Шет елдік іздеу серверлері мен каталогтары:
• www.google.com
• www.yahoo.com
• www.altavista.com
• www.msn.com
• www.ask.com
Ресейдің іздеу серверлері мен каталогтары:
• www.yandex.ru
• www.rambler.ru
• www.aport.ru
• www.google.ru
• www.list.mail.ru
Қазақстанның іздеу серверлері мен каталогтары:
• www.qazaq.kz/izdew.php
• www.google.kz
• www.catalog.site.kz
• www.resurs.kz
• www.catalog.tabu.kz
• www.zero.kz
• www.poisk.kz
• www.catalog.desk.kz
• www.kazakh.ru
• www.catalog.awstudio.kz
Тегін пошталық серверлер:
• www.ok.kz
• www.topmail.kz
• www.yandex.ru
• www.mail.ru
• www.rambler.ru
• www.pisem.net
• www.newmail.ru