ASCII-редакторлар және WYSIWYG-редакторлар. Интернеттің WWW (World Wide Web) жүйесінің негізгі қызметі қажетті ақпаратты іздеу, жинау және экранға шығаруды ұйымдастыру. Оның экранда көрсететін мәліметтері Web-беттер түрінде дайындалып сақталған, электрондық құжаттар. Электрондық құжаттың кәдімгі құжаттан айырмашылығы, оның жазылу форматында. WWW қызметіндегі барлық гипермәтінді құжаттардың жалпы бір қасиеті, олардың барлығы HTML тілінде жазылған.
Web-құжат файлдары .html немесе .htm кеңеймесі бар мәтіндік файлдар. Оларды құруда қарапайым мәтіндік редакторлардан пайдалануға болады. Мысалы: MS Windows ортасында Notepad (Блокнот) редакторы.
Бірақта Web-құжаттарды арнайы HTML-редакторларда құру ыңғайлы. HTML-редакторлар екі топқа бөлінеді:
• ASCII-редакторлар (ASCII-editors, Source editors);
• WYSIWYG-редакторлар (WYSIWYG-editors).
ASCII-редакторлар қарапайым мәтіндік редакторлар. Тек олар HTML-құжаттарды құруға арналған қосымша мүмкіндіктерге ие. Оларға Webber, Macromedia HomeSite, DarekWare HTML Author, WebEdit редакторлары жатады.
WYSIWYG-редакторлар HTML-құжаттарды дайындалу барысында терезеде көру, құжатқа алдын-ала дайындалған шаблондарды қосу мүмкіндігін береді. Редакторлар қосымша терезе – браузерлермен жабдықталған. Оларға Microsoft FrontPage, Netscape Navigator Gold редакторлары жатады.
Web–браузерлер HTML тілінде Internet желісіне арнап жазылған Web-сайттар мен Web-құжаттарды парақтап көру, оқу мүмкіндігін береді. Web–браузерлер ішінде ең көп таралғандары Internet Explorer (Microsoft), Opera (Opera Software ASA) және Mozilla FireFox (Mozilla Corporation).
Тэг және оның атрибуттары. HTML тілінің мәтіндерді белгілеу нұсқаулары тэг (tag) деп аталады. Тэг символдар тізбегінен тұрады. Барлық тэг < (кіші) символынан басталып, > (үлкен) символымен аяқталады. Осы символдар ішіне қызметші сөз – тэг орналасады. Әрбір тэг өзіне тән бір арнаулы қызмет атқарады. Оларды жазуда бас әріпті де, кіші әріптерді де қатар қолдануға болады, әріптер бірдей қабылданады. Браузер мәтінді монитор терезеында көрсеткенде тэгтер бейнеленбейді, тек олардың құжат мәтініне тигізетін әсері ғана білініп тұрады.
HTML тілінің әрбір тэгі әдетте құжаттың белгілі бір бөлігіне ғана әсер етеді. Осыған орай екі тэг қатар қолданылады: бірі – тэгті ашады, екіншісі – жабады. Ашатын тэг белгілі бір нұсқауды бастайды, ал жабатын тэг – оны аяқтайды. Жабу тэгінің алдына / (қиғаш сызық) символы жазылуы тиіс. Кейбір тэгтер мағынасына орай жабылмауы да мүмкін.
Тэгтердің мәтінге тигізетін әсерлерін түрлендіруде олардың атрибуттарынан пайдаланады. Әдетте атрибуттар ашылу тэгтерінде кездесіп, қосымша қызметші сөздерден тұрады. Көбінесе атрибуттар " (қос тырнақша) символдары ішіне жазылған мәнімен беріледі. Атрибут мәні оның қызметші сөзінен = (теңдік) символы арқылы бөлініп жазылады.
Web-құжат құрылымы. Web-құжатты құрудан алдын, оның қай тілде жазылғанын браузер үшін анықтау қажет. Ол үшін құжаттың басына <!doctype html public"-//W3C//DTD HTML 4.0//EN"> тэгін орналастырамыз. Бұл қатар құжаттың HTML 4.0 тілінде жазылғанын білдіреді.
Web -құжат құрылымы төмендегі негізгі тэгтерден тұрады:
<html>
<head>
<title> тақырып </title>
</head>
<body>
негізгі бөлім
</body>
</html>
Web-құжат <html> тэгімен басталып, сәйкес </html> тэгімен аяқталады. Осы екеуінің арасына құжаттың тақырыбы және негізгі бөлімі орналасады.
Құжаттың тақырыптық бөлімінде төмендегі тэгтер кездеседі:
• <head>
• <title>
• <base>
• <meta>
• <style>
• <link>
Құжаттың тақырыптық бөлімі <head> және </head> тэгтерінің ортасына орналасады ды, жалпы құжат жайлы мәлімет береді. Бұл бөлім браузер терезесінде бейнеленбейді. Әдетте бұл бөлімде <title> және </title> тэгтерімен шектелетін құжаттың ресми тақырыбы жазылады. Браузерлер бұл атауды браузердің терезе тақырыбында жазылатын файл аты есебінде пайдаланады.
<base> – тэгі Web-құжаттың ішкі бумалары мен файлдары үшін негізгі URL-адресін жазуға арналған. <base> тэгінің жабылу тэгі жоқ. Тэг төмендегі атрибуттарға ие:
• href – атрибуты құжаттың негізгі URL-адресін анықтайды. URL-адрес толық көрсетілуі тиіс;
• target – атрибуты сілтемеде көрсетілген құжаттың бейнелену фрейм терезесін анықтайды. Егер атрибут жазылмаса негізгі терезе түсініледі.
Мысалы: <base href ="http://domen.ru" target=="frame">
<meta> – тэгі Web-құжат жайындағы ақпарат беруге арналған. Бұл ақпаратты іздеу серверлері құжатты индекстеуде пайдаланады. <meta> тэгінің жабылу тэгі жоқ. Тэг төмендегі атрибуттарға ие:
• http-equiv="refresh" – атрибуты браузерге content атрибутында берілген уақыт аралығында көрсетілген құжатқа өту керектігін көрсетеді; content=”number” – берілген уақыт; url="url-адрес" – http-equiv атрибуты үшін адресі;
• name="description/keywords" – атрибуты браузерге content атрибутында құжатты сипаттау немесе түйінді сөздер тізімі берілгенін анықтайды; content="text/мәндер тізімі" – атрибут мәні description болғанда құжаттың сипатталуы, ал атрибут мәні keywords болғанда түйінді сөздер тізімі беріледі.
Мысалы: <meta http-equiv="Content-Type" content="text/html">.
<style> тэгі құжатқа стильдер кестесін (CSS – Cascade Style Sheet) енгізуге арналған. Стильдер кестесінде абзац, мәтін, тақырып сияқты түсініктердің жалпы пішімдеу стильдері анықталады. Тэг </style> тэгімен жабылады. Тэг төмендегі атрибуттарға ие:
• type – міндетті атрибут. Ол стильдер кестесінің MIME-типін анықтайды. Әдетте атрибуттың мәні ретінде "text/css" жазылады;
• title – атрибуты пайдаланылатын стильдер кестесінің атын анықтайды.
Мысалы: <style type="text/css" title="style1"> стильдер </style>
<link> тегі құжатты желідегі басқа Web-құжаттармен байланыстырады. Тэгтің жабылу тэгі жоқ. Тэг төмендегі атрибуттарға ие:
• href – атрибуты байланысу файлының url-адресін анықтайды;
• type – атрибуты байланысу файлының MIME-типін анықтайды;
• rel – атрибуты url-адрестегі файлмен байланысу типін көрсетеді. rel атрибуты төмендегі мәндердің бірін қабылдайды:
▪ stylesheet – стильдер кестесімен байланысуды көрсетеді. Браузер href атрибутында көрсетілген стильдер кестесін жүктеп, құжатта пайдаланады;
▪ home – сайттың негізгі Web-құжатын анықтайды;
▪ toc, contents – құжаттың негізгі мазмұны сақталатын файлды анықтайды;
▪ index – индекстік іздеу серверлеріне кілттік сөздер тізімін сақтаушы файлды көрсетеді;
▪ glossary – құжаттқа тиісті терминдер тізімі сақталатын файлды анықтайды;
▪ copyright – сайттың құжат авторлары жайында деректерді сақтаушы файлын көрсетеді;
▪ up, parent – иерархиялық ағашта өзінен жоғары тұрған құжатты анықтайды;
▪ child – иерархиялық ағашта өзінен төмен тұрған құжатты анықтайды;
▪ next – құжаттар тізбегіндегі келесі құжатты көрсетеді;
▪ previous – құжаттар тізбегіндегі өзінен алдыңғы құжатты көрсетеді;
▪ last, end – құжаттар тізбегіндегі соңғы құжатты көрсетеді;
▪ first – құжаттар тізбегіндегі бастапқы құжатты көрсетеді;
▪ help – түсініктеме сақталатын файлды анықтайды.
Мысалы: <link rel="home" href="index.html">
<link rel=="stylesheen" type=="text/css" href=="files/kz.css">
Құжаттың негізгі бөлімі <body> және </body> тэгтерінің ортасында жазылады. Негізгі бөлімде құжат мәтіні, кестелер, суреттер, сілтемелер сәйкес тэгтермен өрнектеліп жазылады. Сонымен қарапайым құжат көрінісі мынадай түрде болады:
<html>
<head>
<title> Web-дизайн </title>
</head>
<body>
HTML негіздері
</body>
</html>
Жоғарыда көрсетілген <html>, <head>, <body> тэгтері HTML тілінде бекітілгенімен, оларды жазбаса да болады, бірақта алдын-ала тұтынушының қандай браузер пайдаланатыны белгісіз. Сондықтан Web-құжат құрылымы олардың толық болуын талап етеді. Әйтпесе кейбір браузерлер Web-құжатты терезеде дұрыс бейнелемеуі мүмкін.
Негізгі бөлімде қолданылатын <body> тэгінің атрибуттарын қарастырайық:
text="түс" – мәтін түсін анықтау;
bgcolor="түс" – фон түсін анықтау;
link="түс" – қаралмаған сілтеме түсі;
vlink="түс" – қаралған сілтеме түсі;
alink="түс" – тұтынушы таңдаған уақыттағы сілтеме түсі;
background="URL-адрес" – фондық сурет адресі.
Мысалы: <body background="files/graf01.gif" text="#0000FF">. Мұнда фондық обой ретінде graf01.gif файлы алынған.
Түсті анықтауда түстердің RGB (red, green, blue) моделінен пайдаланып, түстің ағылшынша атын немесе он алтылық санақ жүйесіндегі мәнін береміз. Түс red-қызыл, green-жасыл, blue-көк үш бояудың араласуынан тұрады. Араласу мөлшері он алтылық сан 00-ден басталып FF-санымен аяқталады. Он алтылық сан алдына # символы жазылады.
Мысалы: <body bgcolor="#008000">. Терезенің фоны ретінде жасыл түсі алынады.
